Еуро-2016: Ширек финалға бірінші Польша шықты

25 маусым 2016, 23:22
shveycariya_polsha20

Фото: sport.tut.by

Еуроның плей-офф кезеңі жанкүйерлерге ә дегеннен пенальти сыйлады. Бұл біздің чемпионат басталғаннан бергі пікірімізге қосымша дәлел – шынында да қазір құрамалардың деңгейі теңеліп қалды.

Швейцария – Польша матчы жұрт күткен футбол ұсынды. Поляктар алғашқы минуттардан-ақ үстемдігін таблода өрнектеуге тырысты. Екі құрама да өз топтарында екінші орын алып, еш ойында жеңілмеген болатын. Қорғаныстың мығымдығын үлгі етуге болғанмен, екеуі де мергендік мәселесінде ақсап жатты. Екі реттен ғана қарсы қақпаның кілтін тапты. Сондықтан 1/8 финалда олар топырлатып гол соғады деген жанкүйер қатты қателесер еді.
Дегенмен жеңгені жарысты жалғастырып, жеңілгені дереу жол босататын бұл ойында қос құрама қорғанысқа бүк түсіп жатып алған жоқ. 39 минутта Якуб Блащиковски Польша құрамасының өте жылдам қарсы шабуылына нүкте қойды. Фабианьски-Гросицки-Милик-Блащиковски төртеуі ғана қатысқан шабуылдың нүктесі тамаша гол болып қойылды. Блащиковски турнирдегі екінші голын соқты.
ІІ таймда Швейцария шабуылды өте үдетті. Ширек финал жолдамасы уыстан сусып бара жатқанын олар айқын түсінді. Керісінше, поляктар қарсы шабуылды да ұмытып, жалғыз голдың артықшылығын барынша сақтауға тырысты. 79 минутта Фабианьски қақпасының алдында қатты қоңырау қағылды, швейцариялықтардың үш-төрт соққысы әйтеуір бір ғажаптың күшімен голға айналған жоқ. Бірақ бұл белгіні поляктар құлағына ілмепті. 82 минутта Джердан Шакири сол қанаттан келген допты қайшылай теуіп есепті теңестірді. Бұл өте әдемі гол болды. Тіпті турнирдің ең әдемі голы десек те артық емес.+

Ойын қосымша таймдарда жалғасты. Швейцария арқаланды, Польша айып алаңына тығылды. Ерен Дердийок бір емес, екі рет Фабианьскимен бетпе-бет шықты. Тәжірибелі қақпашы алдырған жоқ. Соңғы минутта поляктардың тамаша шабуылына Зоммер кеудесін тосты. Сөйтіп, пенальтиге мұрсат берілді.
Бұл лотереяда екі құрама да қақпашысыз ойнады десек те болады. Фабианьски де, Зоммер де бір рет те ерлік жасай алған жоқ. Гранит Джака екінші кезектегі соққысын сыртқа теуіп еді, поляктардың жеңісіне осы қателік жеткілікті болды. Олардың сапынан Левандовски, Милик, Глик, Блащиковски, Крыховяк дәл тепті. Сөйтіп, Польша құрама бірінші болып ширек финалға жолдама алды.
Бұл кезеңде Адам Навалка шәкірттері Хорватия – Португалия кездесуінің жеңімпазымен ойнайды.
Швейцария – Польша – 1:1, пенальтиден 4:5 (Шакири, 82 – Блащиковски, 39)

Вnews.kz

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?