Қоғамда заң мен тәртіптің үстемдік құруы, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруі үшін қауіпсіз қоғам құру, кез келген қылмыстың алдын алу, «нөлдік төзімділік» қағидатын жүезе асыру – еліміздің құқық қорғау органдарына жүктелген міндет. Бүгінде құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыруда ішкі істер саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жоғары екенін айтқан жөн. Бұл бағыттағы жұмысқа Түркістан өңірі полициясы, оның ішінде аудандық полиция бөлімшелері де қомақты үлесін қосып келеді.
Jasqazaq.kz Түркістан облысы, Сарығаш аудандық полиция бөлімінің бастығы, Есенғали Елікбайұлы Бейсебаевқа сауалдарын жолдап, жүктелген міндеттің атқарылуын, жоспарлы жұмыстың жүзеге асырылу барысын білді.
— Ауылдық жерлерде мал ұрлығы жиі орын алатыны белгілі. Ұрлық, тонау және қарақшылық қылмыстарын ашуда алға жылжу бар ма?
– Жыл басынан бері, яғни жеті айдың ішінде Сарыағаш ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері профилактикалық бағыттағы бірқатар жұмыстарды атқарды. Өздеріңізге белгілі, ішкі істер органдарының негізгі жұмыс бағыттарының бірі — профилактикалық жұмыстарды жандандыра отырып, қылмыс санын азайту. Осы бағыттағы жұмыстарды атқару нәтижесінде аудан аумағындағы бірқатар қылмыс санаттары өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Атап айтқанда, ұрлық қылмыстары 46 – дерек (2023 жылы – 54 дерек) орын алып, 19,3 пайызға төмендеген. Оның ішінде мал ұрлығы 4 – дерек (2023 жылы – 9 дерек) орын алып, 55,6 пайызға азайған. Тонау қылмысы 1 – дерек (2023 жылы – 3 дерек) орын алып, 66,7 пайызға төмендеген. Қарақшылық шабуыл қылмыс бойынша дерек мүлде тіркелген жоқ.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімі қызметкерлері бөтеннің мүлкін ұрлау, мал ұрлығы, алаяқтық және басқа да қылмыстарды болдырмау және ең бастысы – олардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды ұдайы жүргізіп келеді. Айталық, адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарға «мал ұрлығы», «алаяқтық», «интернет алаяқтығы», «қалта ұрлығы» тақырыптарындағы хабарлама парақшалары тарқатылып, алдын алу шараларын халыққа түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асады. Аудан аумағында қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторларына бекітілген әкімшілік аумақтағы дүкендер, мектептер, сауда орталықтарына «Мен сіздің учаскелік полиция инспекторыңызбын» хабарлама парақшалары ілініп, визит карточкалары таратылуда. Полиция бөлімінде мал ұрлығы қылмысымен және басқа да ұрлық қылмыстарымен сотты болған тұлғаларды тұрғылықты мекен жайы бойынша тексеру, олармен жасалып жатқан қызмет салаларын тексеру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, аудан аумағындағы ауылдық аймақтарда мал ұрлығы қылмыстарыың алдын алу мақсатында әкімдік, мал иесі және бақташы арасындағы үш жақты келісімшарттар жасау жұмыстары қолға алынды.
Аудандық ветеринариялық бақылау қызметкерлерімен ауыл шаруашылығы жануарларын тиісті іс-құжаттарсыз тасымалдау деректерін анықтау мақсатындағы профилактикалық жұмыстары жүргізілді. Осы іс-шараның барысында жыл басынан бері 130 тұлға анықталып, құжаттандырылды. Полиция бөлімінің қызметкерлері тарапынан ауыл шаруашылығы жануарларын қарау, бағу ережесін бұзған 141-тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 408 бабымен әкімшілік хаттамалары толтырылды.
– Ал аудан аумағына сырттан келетін гастарбайтерлер, заңсыз жүрген азаматтардың талапты бұзуына қатысты қандай іс-қимылдар қарастырылған?
– Сарыағаш АПБ КҚҚБ қызметкерлері Сарыағаш ауданының аумағына заңсыз келуші тұлғаларды анықтау, келіп жатқан шетелдіктерге бақылауды күшейту, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу, сонымен қатар еліміздегі құқық тәртібін қамтамасыз ету, азаматтарды құжаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының көші-қон туралы заңнамасынан туындайтын басқа да міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, Сарыағаш АПБ КҚҚБ-не үстіміздегі жылдың жеті айында аудан аумағына әртүрлі себептермен келген 7331 шетел азаматы уақытша тіркелді.
Аудан көлемінде анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтарға тоқталатын болсақ, Сарыағаш АІІБ-нің КҚҚБ қызметкерлерімен 2024 жылдың 6 айында аудан көлемінде екі рет «Мигрант» және бір рет «Нелегал» іс-шаралары және ҚР ҰҚК және аудан көлемінде орналасқан Әскери бөлім қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-профилактикалық іс-шаралары мен күнделікті атқарылған іс-шаралар өткізілді.
Қабылданған шешімдерге келетін болсақ, жалпы жеті айдың ішінде 868 хаттама түзілген. Оның ішінде құқық бүзушылық жасаған шетел азаматтары — 358, Қазақстан азаматтарымен жасалғандар саны – 510, жалпы КҚҚБ-нің қызметкерлерімен еліміздің аумағынан аластатылғандар саны жеті айда 114 адам болды. 11 азамат қамауға алынды. 15 188 888 теңге әкімшілік айыппұл өндірілді.
Жазып алған Қуаныш Көшек