Спорт қуған қазақ баласы, ақыл алда жүрмесе, мың жерден мықты болсаң да, Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы атану мүмкін емес. Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов атан түйенің белі қайысар бейнетке төзумен қатар, ақыл-ойға жүгінген спортшы.
1996 жылы Ермаханның Атланта Олимпиадасындағы айқастарын көзбен көрдім. Жартылай финалға дейін қамшы салдырған жоқ. Жартылай финалда тоқсан бестегі әлем чемпионатында өзін дырдай ғып сабаған Альфред Дуверхилмен(Куба) қолғап түйістірді. Екі раунд тең тартысқан. Бәсекенің соңғы жағында Ермаханның бір қайнауы кем екені көзге ұрып тұрды. «Дуверхилге жұдырығың тигенде, бетон қабырғаны ұрғандай боласың. Ал ол сілтегенде, денеңе шой балға тигендей, сүйегің сынып кете жаздайды». Бұл – Ермаханның сөзі. Осы Олимпиададан кейін Ермахан: «Мен боксшы емеспін», деп мәлімдеді. «Қалайша?» десті қалың жанкүйер. Олимпиаданың қола жүлдегері өзін боксшы санамаса, онда елдегі мыңдаған боксшының кім болғаны?
Сөйтсек, Ермахан шаршы алаңдағы әр қадамын есептеп, қарсыластарының оңы мен солын таразылап, өзінің кем-кетігін екшеп, іштей шамырқанып, толғанып жүр екен ғой. Дуверхилден қатарынан екі ұтылғаны жанын сыздатқаны анық. Ол Дуверхилге, басқа мықтыларға қарап, солардың биігін нысанаға алған екен. Құрғақ күшпен, жалаң жұдырықпен оларды ұта алмайтынын қапысыз ұққан Ермахан тынымсыз ізденіске көшті. Бапкерлерінің ақыл-кеңесін қалт жібермей тыңдайды. Оған қоса, өз білгенін ұштаумен болды.
Тоқсан жетідегі әлем чемпионатына аш бурадай буырқанып барды. Дуверхил екеуі екі жақтан жапыра жеңіп, финалда қайта шарпысқан. Айналайын, Ермахан, шүу дегеннен көк бөрідей өршелене кірісті. Куба құрамасындағы небір апайтөс жігіттерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын, арыстан жүректі Альфред бұл жолы екі-ақ ұпайға озды. Қол созымдағы олжаның сусып кеткеніне іші күйген Ермахан батыр нағыз бокстың дәмін енді татқандай. Осы екпінмен 71 келі салмақтағы кілең ердің сойы бас қосқан Германиядағы «Алтын дулыға», Тайландтағы «Король кубогы» жарыстарын, Швеция мен Түркиядағы жекпе-жектерді сыпыра ұтып шықты.
Тоқсан сегіздің күзінде Әлем кубогіне таласу үшін Қытайға жол тартқан. Есі-дерті – Дуверхилді ұту! Жоқ, Дуверхил көрінбейді. Оның орнына 67 келіде әлемнің үш дүркін чемпионы Хуан Эрнандес келіпті. Ермахан сасқан жоқ. Барын салып айқасты. Бірақ Хуан нағыз дүлейдің өзі екен. Алдын орап кетті. Іші оттай жанған Ыбрайымов жуынатын бөлмеге кірген бойда айнаға қарап тұрып: «Әй, Ермахан, Эрнандеспен айқасуға жарамадың. Саған әлі көп тер төгу керек», деп бармағын шайнады. Иә, күтпеген жерден бір бүйірден шыға келген Эрнандес Ыбрайымовты сең соққандай етті. Кейінгі бір жылға жуық уақытта Дуверхилден басқа басты қарсыластарының бәрінен басым түскен Ермаханның жан дүниесі осы сәтсіздіктен кейін төңкеріліп түскендей болды. Ыбрайымовтың өз сөзімен айтсақ, Хуан Ермаханның көзін ашты.
Ермахан қайта ширықты. Хуанмен айқасты неше мәрте айналдырып көргені есінде жоқ. Түн баласы кірпігі айқаспай, дөңбекшіп шығады. Сөйтіп жүріп, Эрнандеспен тайталастың әрбір сәтін жадына тоқып алды.
Негізгі қарсыластарын бес саусағындай білетін Ермахан енді Хуанды әбден зерттеді. Екі бірдей Олимпиаданың күміс жүлдегері. Бойы сырықтай, соған сай қолы ұзын. Төрт раундқа еркін көсіледі. Солақай. Алыстан және орта қашықтықтан талдырып ұрудың хас шебері. Бір ұмтылғанда жеті соққыны қас пен көздің арасында жібін үзбей, түйдек-түйдегімен тастайды екен. Бокстың небір сойқандары қарсыласының маңдайы мен иегіне қас қағымда төрт-бес соққы жұмсап үлгерсе, Эрнандестің жеті жұдырығы кірпік қаққанша маңдайыңнан кіндігіңе дейінгі аралықты ат тепкендей пергілеп өтеді. Жұдырығы гүрзідей.
Ұстаздарымен кеңесе келе, ұзынтұра Хуанға қарсы орта және жақын қашықтықта айқасуға бел буды. Алыстан шыдатпайды. Оның үстіне, Эрнандестің кеудесі желкөріктей. Бес-алты раундқа еркін сілтейді. Хуанды бәсеке ортадан ауа бере шаршату үшін екпін үстіне екпін қосып отыру керек. Ал Ермахан, мықты болсаң, Хуанның осал тұсын тауып көр.
Қос қолына гантель ұстаған Ермахан тау қуалап, талмай жүгіруге көшті. Бірнеше күннен кейін тынысы кәдімгідей ашылғанын сезінген. Тек құйын-перен қимылмен Эрнандесті еңсере алмайтынын терең түйсінген Ыбрайымов шой балғамен резеңке дөңгелекті өші кеткендей соққылады. Бапкерлер белгілеген кесімді межеден асырып ұрды. Бірақ қай жаттығуда болсын, шектен шыға зорыққан жоқ. Әр қадамын өте дәлдікпен, қалт жібермей есептеп отырды.
Осылай тер төге келе бокс дегеннің бәзбіреулер ойлағандай былғары қолғаппен мәдениетті төбелесу ғана емес, тұтас ғылымға айналғанын жан-тәнімен сезінді. Боксшы рингтің ғалымы болуы керектігін, онсыз үлкен майдандарда нан жоқтығын қапысыз ұғынды. Бапкердің жетегімен ғана жүретін спортшының алысқа бармайтынын да түсінді.
Бір күні «осы мен төртінші раундқа жарамай қаламын-ау», деген қауіппен су астында 100 метр сүңгуге тәуекел етті. Бұрын 70 метрден кейін демі бітіп, су бетіне атып шығатын боксшы келе-келе жүз метрді еңсерді. Ұлттық құрамадағы бірде-бір спортшы су астында ұзақ сүңгуден Ермаханнан аса алған жоқ. Бас бапкер Тұрсынғали Еділов, бокстың профессорлары Нұрғали Сафиуллин мен Александр Апачинский Ыбрайымовтың жанкештілігіне дән риза.
Сосын, рингте ойша уақыт санауда да жүйрік шықты. Бапкерлер «қане, бір минут айқасыңдар, тура бір минутта өздерің тоқтай қалыңдар», дейді. Ермахан уақыттан онша ауытқи қоймайды.
Тоқсан сегізде Эрнандеске қарсы өзінің шабуылы әлсіз болғанын есепке алған Ыбрайымов бойдағы күшті төрт раундқа тең бөліп тастап, орта, жақын қашықтықтан толассыз шабуылдауға тас-түйін бекінді.
Сидней Олимпиадасы. Эрнандеспен айқас қарсаңында Ермахан екеуміз бір көлікке қатар отырдық. «Ереке, Эрнандеспен қалай болады?» «Аға, саспаңыз, оны әкесіне танытамын!» Мына сөзден кейін тұла бойым темір құрсаудан босағандай, жеңілдеп қалдым.
…Төртінші раундтың соңында Ермахан сілтеді дейсің. Нөпір соққының астында қалған Хуанның тынысы тарылып, ауырсына ыңқылдаған үні әудем жердегі бізге естіле бастады. Әлемдік бокстың нағыз майталманы Хуан Эрнандесті талассыз жеңген біздің батыр әрі қарай қамшы салдырмай, Олимп шыңында ат ойнатты.
Біздің сондағы көңіл-күйді тілмен бейнелеп жеткізу қиын.
Қыдырбек Рысбек