«Баяғыда бір енең күйеуін арқалап жүріп жұбатады екен, шырағым. Арқасында жүріп күйеуі «жөндеп арқаламадың» деп қамшысымен ұрып, боқтайтын көрінеді… Бұлар осындай бір Құдай тағаланың ықыласы түскен халық. Бірдеңе десең, күнәһар боласың». Бұл жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Келін» әңгімесінен үзінді. Қысқа диалогта енесі келініне ақылын айтады. Бір ауыз сөздің өзінде қазақ қызының өмірлік философиясына айналған мағына жатыр.
Хауа ана Адам атаның қабырғасынан жаралды деген заманнан бері ұлтымыз қызды қырық үйден тыйғанмен, қорламаған. Керісінше, өрісім деп өбектеді. Ары мен абыройын ойлағандықтан бойжетіп, тұрмыс құрғанша қызғыштай қорыды. Әулет әжесін төрге шығарса, немере қызды оң тізесіне отырғызып әспеттеген елміз. Енді осындай тамырын тереңге жіберген тәрбиемізді ескілікке телитіндер көбейіп, «қыз-келіншектердің құқығы, теңдігі» деген жалған ұранды көтеретіндер көбейіп жатыр.
Сегізінші наурыз Алматыда феминизмнің шашбауын көтергендер көшеге шықты. Бұл күні қолына гүл емес, плакат ұстағандардың ұраны ұғынықсыз. Талабы да түсініксіз. Құқықтары аяқ асты тапталатындай кімнен, қалай «таланып» жатқанын да түсіндіре алмайды. Әйтеуір, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» кері.
Жалпы феминизм дегеніміз не? Бұл – еркек пен әйелдің құқығы тең болуын көздейтін әйелдер қозғалысы һәм саяси идеология. Дәл халықаралық әйелдер күніне дөп келген феминистердің маршына жүзден астам нәзік жандылардың өкілі қосылды. Қой, нәзік жанды демейін. Құлақтарына түрпідей тиетін тіркесте «бізді кемсітті» деп шолақ белсенділердің шамына тиерміз.
Сөйтіп «Феминита», «ҚазФем», «FemAgora» ұйымдары «Қазақстанды феминизм құтқарады» деген сыңайдағы желеумен жұрт назарын аудару үшін алаңға жиналды.
Түс әлетінде маршқа қатысушылар Ұлттық ғылым академиясының қарсы бетіндегі Шоқан Уәлиханов атындағы саябақта митингке топтасты. Күн тәртібінде көтерген мәселелері тұрмыстағы зорлық-зомбылық, теңдіктің болмауы. «Әйел құқығы – адам құқығы», «Менің тәнім – менің шаруам», «Патриархат өлсін!» деген ұрандарына қарап, құдды біреудің қыспағынан қашып, бас сауғалап келген қыз-келіншектер жиналған ба дерсің. Біреулері «Өз шұлығыңды өзің жу» деп өзеурейді. Араларында ұлттық қамзол киіп, қызтеке, транссексуалдардың құқығы туралы айқайлап жүргендері де бар. Қайран қалдым. Қазақтың салтын, танымын, дәстүрін пысқырмай тұрғандар онда не үшін ұлттық киімімізді киеді? Көздегені не? Айрандай ұйыған елді іріту ме? Қамзолдан бөлек, орталарында қыздың киімімен шыққан жігіт деп айтуға аузын бармайтын еркек жыныстылар да болды. Гендерлік теңдікті тілге тиек еткендердің сөзіне (қаламасаң да) бір сәт құлақ түрсең, шынында жұмысында ерлерден айлығы аз, тиісті медициналық көмек көрмейді, ешкім көзіне ілмейді екен, обал-ай деп аяп та кетерсің. Мұндайлар әже әңгімесін, әке тәрбиесін көрмеген-ау. Әйтпесе, қиын-қыстау заманда аналарымыздың ел басына күн туғанда, етігімен су кешкен ерінің жоғында, тұрмыстың бар ауыртпалығын арқаласа да, қыңқ етпей ұрпағы үшін жігерін жаныған жанкештілігін санасына сіңірер еді ғой.
«Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып,
бау байлаған,
Жігіттерден айырылып,
қалмай қараң,
Қырман басып, егін сап арба айдаған», – деп жырлайтын ақын Мұқағалидың мына бір шумағының өзінде аналардың қажыры айна-қатесіз сипатталған. Халқымыз бастан кешкен талай нәубетте әйелдердің рөлі айқындалып, жауапкершілігінің жүгі ауырлады. Сұм соғыста күйеуінен қара қағаз алып, жүрегі қарс айырылса да, баласын тәрбиелеп, жеткізуге барын салған мыңдаған қазақ әйелінің ерін жоқтатпай, олардың жолын жалғай аларының айғағы. Бірақ бұл тағдыр теперішіне түскен сәттердің еншісіндегі еріксіз ерлік. Қалған кезде отбасының ұйтқысына айналған ардақты ана бала тәрбиесі, ошақтың өшпеуіне бүкіл ғұмырын арнайды. Саналы ұрпақ сапалы ұлттың іргетасын қалайтынын ұғынған олар үшін отбасындағы береке басты орында тұратын. Тұрды да. Әйтсе де, енді солай бола ма деген ой мынадай феминизмді қолдайтындардың көбейіп жатқанына қарап көңілге күдік ұялатады екен.
Әлімсақтан әйел еркек болуға талпынбаған. Бұл – табиғат заңдылығы. Адамнан бұрын, аңдардың өзі осы заңдылық шеңберінен шықпайды. Қыз қылығынан айырылып, теңдікке таласса, ер адам жігіттік мінезінен жұрдай болып, сөзі өз отбасында өтпесе, онда елдің болашағы жайлы әңгімені жабайық.
«Заман ақыр адамымен шығар,
Үй басына тоқ өткен, желі шығар;
Енесімен керіскен келін шығар,
Бір уысқа толмайтын адам шығар;
Қарап тұрған жігітке, қыз артылар,
Егіншінің қатыны байын билер», – деген Мәшһүр Жүсіптің заман болжауы ықтимал қасіретті сол заманда айтқанын үнсіз ұғынасың.
Феминистердің маршына оралсақ. Feminita ұйымын құрушылардың бірі Жанар Секербаева енді «еркекшора, бисексуал, квар, транс-әйелдердің үнін ешкім де өшіре алмайды» деп екілене айтты. Негізгі көксегендері – қоғамда қызу талқыға түсіп, шу болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қабылдануы. Әңгімеге тұздық бір мысал келтірейік. Өткенде Ақтөбедегі тергеу изоляторында Талант Әлиев есімді жігіт төсек жаймасына асылып өлді. Оған 13 жастағы өгей қызын зорлады деген ауыр айып тағылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін әлгі қыз оған жала жапқанын мойындады. Сараптама да пәк екенін растады. Өгей әкеден өш алғысы келген жасөспірім істің насырға шабарын ойламаса керек. Нақақтан-нақақ алдымен жалған жалаға, одан кейін қысымға шыдамаған жігіт бұл фәнимен қош айтысып кете барды. Даудың басы қыздың, бәлкім, өгей әкесін жақтырмай, қисынсыз «маған қырындады, тиісті» дегенінен басталды. Бұл әңгіменің қауға тиген оттай өршуіне, әлеуметтік желіде блогерлердің болмағанды болғандай өршітіп жазуы да өз кесірін тигізді. Көпшілік «тұрмыста өзінің өгей баласына мұндай қорлық көрсеткен әкенің отыратын жері түрме» деп даурықты. Жоғарыда сөз болған заңның қабылдауын бәрі жаппай қолдай кетті. Байыбына барып жатқан ешкім жоқ.
Енді бір сәтке ойланыңыз. Феминистер талап етіп отырған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң алда-жалда қабылданса, жанжалдың көкесі сонда басталайын деп тұр. Еркек әйеліне, балаларына сөзін өткізуден қалады. Ұрыспақ түгілі, зекігенінің өзі қылмысқа баланады. Ал мұны арқаланғандар, қит етсе, «соттатамынның» әләулейіне салып, ерін қыңқ еткізбей бір шыбықпен айдайын деп тұр. 8 наурызда жиылғандардың түпкі ойы теңдік емес, керісінше, үстемдік.
Қазақ қашаннан «бас жарылса, бөрік ішінде» дейміз. Отбасындағы қандай шуды болмасын, сыртқа шығармайтын тектілік қанымызға сіңген. Ондай кезде есірлікті естілігіне жеңдірер жігер де бойдан табылады. Өйткені ұят деген ұғым санамызға нық қазығын қаққан. Ал еріне мойынсұну, үлкеннің айтқанын екі етпеуді ескілікке, қорлыққа санайтын феминистер Батыстың қаңсық қозғалысы арқылы ұлт бірлігіне сызат түсіруді көздейді. Қазақ жұрты бұл кеселге жұмылып күресуіміз керек!
Асқарбек Қазанғап