Еркебұлан БАЖИЕВ: Жақсылық жасау үшін бай болу заңдылық емес

15 шiлде 2023, 22:26

Қайырымдылық жасап, қиындыққа тап болған адамға қол ұшын созу – қазақ халқының қанында бар ізгі қасиеттердің бірі. «Қазақ – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ұлт» деген сөз де содан пайда болған деп сеніммен айта аламыз. Кейде адамдар арасында қазақ халқының бұл қасиетіне шүбә келтіретіндер де пайда болып жатады. Әлбетте, ақпараттық технология дамып, қулық-сұмдық көбейген кезеңде мұндай пікір айту да орынды деп білеміз. Дегенмен, бүгінгі қоғамда қазақтың қазақылығын айқындап жүрген жандар да аз емес. Олар шамасы жетсе өздері, көмек керек болса, қалталы азаматтарды да қайырымды іске үгіттеп, бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысып жүр. Сондай жүрегі жомарт жандардың бірі – мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін түркістандық Еркебұлан Бажиев. Біраз жылдан бері игілікті іске үлес қосып келе жатқан ол жақсылықты жария етпеуге дағдыланған. Десе де, өзге адамдарға үлгі болсын деген ниетпен кейіпкерімізді сөзге тартып көрдік.

– Еркебұлан мырза, неше түрлі жағымсыз жаңалық қаптаған мына заманда адамдар рухани байлық, күш беретін ақпаратқа, жаны жақсылық тұнған мәрт азаматтарға зәру болып отыр. Қайырымдылық жайлы әңгімемізді бастамас бұрын, алдымен өзіңіздің жеке өміріңізбен де таныссақ.

– Менің аты-жөнім Еркебұлан Бажиев. Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы Ататүрік мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметін атқарамын. Негізі, ұстаздық ете жүріп, қол ұшын созатын жағдайы төмен отбасылардың балаларын табу қиын емес.

Сіздің ондаған жыл бойы еріктілікпен айналысып, қайырымдылық жасап келе жатқаныңыз жайлы ел арасында жиі естиміз. Кімдерге, қалай көмек көрсетіп жүрсіз?

– Мәселен, сабақ кезінде баланың  үстіндегі киіміне көз жүгірте отырып-ақ оның және отбасының материалдық жағдайы қандай екенін бірден шамалап байқауға болады. Сондықтан мен көбінесе көз алдымда білім алып жүрген сыныбымның балаларына киім-кешек әперіп, олардың ата-аналарымен сөйлесе отырып азық-түлікпен қамтамасыз етемін. Сонымен бірге, мектеп социологымен бірлесе отырып, жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жанұяларға шамам жеткенше көмек көрсетемін.

Қайырымдылық жасау үшін бай, бақуатты болып, қымбат үйде тұру, қымбат киім киіп, қымбат көлік міну заңдылық емес. Оған өзім де дәлелмін деп ойлаймын. Олай дейтін себебім – мен қарапайым мектеп мұғалімімін. Көп балалы отбасының асыраушысымын. Дегенмен, солай екен деп қарап отырмай, жағдайы жақсы достарыммен, жора-жолдастарыммен күш біріктіре отырып, қайырымдылық жасап жүрген жайымыз бар. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы, ауқатты достарыма «қайырымдылық – сауапты іс, жасап жатқан кәсібіңе шарапаты тиер» деп, игі іске тарту мақсатында әрдайым үгіт-насихат жүргіземін. Осылайша, балалардың киім өлшемін, аяқ киімінің өлшемін анықтап, бір сөзбен айтқанда, балаларға қажетті дүниелердің тізімін жасап, жұмыла іс атқарып келеміз. Мысалы, өткен жылдың қыркүйек айында да дәстүрлі түрде «Мектепке жол» атты акция өтті. Осы орайда, Ататүрік мектеп-гимназиясы оқушыларының арасынан 15 баланың тізімін жасап, мектеп формасымен қамтамасыз еттік. Ал жалпы 10 жыл бойы 150-ге жуық балаға киім-кешек әперіп, олардың жанұясына азық-түлікпен көмек көрсеткен екенбіз. Одан бөлек, қазір өзім тұратын Түркістандағы «Бекзат» мөлтек ауданындағы 10 жанұяны азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеміз. Осы ретте менің әр бастамама көмек көрсетіп келе жатқан достарыма шексіз алғысымды білдіргім келеді!

– Талай адам өз басын алып жүре алмайтын, отбасын асырау үшін жұмыстан бас алмайтын мына заманда тұрақты түрде қайырымдылық жасау да оңай шаруа емес. Сіздің бастамаңызға достарыңыздан басқа қолдау көрсететін жандар бар ма?

– Иа, әрине, қазақ халқының арасында бойында адами қасиеттер тұнып тұрған бауырларымыз өте көп. Мысалы, осыдан шамамен төрт жылдай уақыт бұрын еліміздегі талай жанұяға баспана сыйлап жүрген «Қарекет» қорымен бірлесе отырып, мектебіміздегі ерекше қамқорлықты қажет ететін баласы бар үйсіз отбасына тұрғын үй сыйлау мақсатында жұмыс істегенбіз. Бірақ ол істі міндетті түрде телеарнадан көрсету қажет болғасын, ол отбасының анасы «балаларым қарсы болып жатыр, телеарнадан көрсетулеріңізді қаламай тұр» деген соң, жұмысты сол жерден тоқтаттық. Бірақ қазіргі уақытқа дейін ол жанұяға киім-кешекпен, азық-түлікпен көмек көрсетіп келе жатырмыз. Жалпы халық арасында жанашыр азаматтар көп. Бірі жария түрде қайырымдылық жасаса, енді бірі жақсылығын жасырып істейді. Сонымен қатар, біздің елдің кез келген саналы азаматына шамалы үгіт-насихат жасап жіберсеңіз, шама-шарқы жеткенше игілікті іске атсалысады деп ойлаймын.

– Бұған дейін киім-кешек, азық-түлік әперіп, көмек көрсетіп келе жатқан отбасылар жайлы айттыңыз. Дегенмен біздің сіз туралы естіген ақпаратымызда мұқтаж жандардың баспаналы болуына да үлес қосып жүргеніңіз айтылған еді. Осы туралы айтып беріңізші.

– Дана халқымыз «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін», «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр» деп бекер айтпаған. Сол себепті, негізінен біз жасаған жақсылығымызды жария түрде, мақтанышпен көрсеткенді құп көрмейміз. Дегенмен, «Көпшілікке үлгі болсын» деп қолқа салып отырғандықтан, аз-кем айтып өтейін. Мысалы, бұған дейін қазақтың айтыскер аруы, қазір «Айдың нұры» деген атпен танымал Айнұр Тұрсынбаеваның қолдауымен Бекзат мөлтек ауданында тұратын бір жанұяға төрт бөлмелі үй алып бергенбіз. Ол жанұядағы төрт балалы ана бірінші топқа жататын мүгедектігі бар кісі болатын. Талай жыл тарығып келген отбасы бүгінде жомарт жандарға рахметтерін жаудыра отырып, бақытты өмір сүріп жатыр. Сонымен қатар, бірер жыл бұрын 1983 жылы туылған азаматтар болып 20 жылдық кездесу ұйымдастырғанда 4 бөлмелі ғимарат тұрғызып, Бекзат мөлтек ауданында тұратын, мүгедектігі бар сыныптас досымызға сыйға тарттық. Істеген ісімізді әрқайсысын айтып, өзіме ұнамайтын әрекетке бармай-ақ қояйын. Жалпы осындай игі бастамаларымызды қолдай беретін азаматтарымыз бар кезде біз де қайырымдылық жасаудан, бауырларымызды игілікті іске шақырудан шаршамаймыз деп үміттенемін.

– Соңғы сұрақ болсын. Сіздің ойыңызша, қайырымдылықпен айналысу үшін адамдарға не керек? Жалпы, жүрегі жіби қоймайтын пендесі көп бүгінгі қоғамға қандай рухани байлық жетіспей жатыр?

– Менің ойымша, жақсылық жасау үшін әрбір адамға ең алдымен материалдық байлық немесе дөңгелетіп отырған кәсіп емес, бар болғаны мейірімді жүрек қажет. Әр адамның орнына өзіңді қоя біліп, соның жағдайына түсе алсаң, сол мейірімді жүректің қалауымен жасалған кез келген қамқорлық, жанашырлық сауапты іске айналады. Бойыңда жанашырлық, мейірімділік сынды ізгі қасиеттер болса, кез келген мұқтаж, жағдайы төмен адамға жақсылық жасауға асығасың деп ойлаймын. Сондай-ақ, түсінген адам үшін қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Бастысы – сенің ниетіңнің таза болуы. Себебң ниеті таза, түсінігі мол, пейілі кең адам өзінің адами парызын түсініп, ешкімге зиянын тигізбей, керісінше қолынан келген көмегін аямай өмір кешеді. Жақсылық жасайтын адамның бойында қайырымдылықтың ұшқыны ғана емес, сана, сезім, түсінік сынды қасиеттер болуы қажет. Сондықтан, мен де «Қайырымдылық – адам баласының бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттердің тек біреуі ғана» деген пікірге қосыламын.

– Шынайы әңгімеңізге, ізгі пікірлеріңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан қаласы

 

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды