Ерікті болу — еліңнің ертеңіне жауапты болу

12 шiлде 2023, 15:37

«Волонтерлік патриотизмнің бір көрінісі – еріктілер ең алдымен елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік дегеніміз – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әрекет ету. Еріктілік деген халқымыздың шынайы болмысы – салт-дәстүрі. Сондықтан біз де бұл дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Бұл бастама ұлтты қиыстырып, мемлекетті нығайту үшін қажет. Ұлы Абайдың «қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген сөзі осындай игі істерге үндейді. Сондықтан біз волонтерлікті кеңінен дәріптеуіміз керек. Береке бірлігімізді арттыратын шараларға бір ел – тұтас ұлт болып атсалысуымыз қажет».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгінде жастарымыздың жұмыла бірігіп, қысылтаяң сәттерде қол ұшын созып, қайырымдылық жасауы — еріктілер қозғалысының өзегі. Еліміздің түкпір-түкпірінде волонтер жастардың ұйымы құрылып, құлашын кең жайды. Біздің Түркістан облысындағы Еріктілер лигасы 2019 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Бүгінде волонтерлер қатары көбейіп, көптеген игі істердің басы-қасында жүріп, облыс аумағы бойынша еріктілік жұмысты жандандыруға кірісіп кеттік.
Еріктілер лигасы болғаннан кейін сүйікті қаламыз Түркістан қаласының дамуына, экологиясы мен тазалығына баса мән береміз. Біздің ұйымның бағыты волонтерлік істі жандандыру болғандықтан, ұйымның ұйтқы болуымен өткен бірқатар іс-шараларды атап өткім келеді. Жоғарыда қаламыздың экологиялық мәселесі біз үшін маңызды екенін айтып өттім. Осы орайда қала тұрғындарының қолдауы арқасында экология мәселелерін шешуге біршама жұмыстар атқардық. Ең алдымен «Киелі табиғат» жобасын қолға алдық. Жобаның басты мақсаты — халқымыздың экологиялық сауатын арттыру арқылы қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімізді қосу. Жоба аясында эко-қозғалыстар көшбасшыларын оқыту, «Қоқыстан өнерге» атты республикалық конкурс өткізу сияқты шаралар ұйымдастырылып, қазақ фольклорының қызықты мифтері, аңыздары туралы бейне-хабарлар топтамасы дайындалады. Одан бөлек, «ЭкоLife Challenge» республикалық онлайн байқауы, «Эко-Асар» экологиялық марафоны, «World Cleanup day» халықаралық акциясы, «Жер күні» акциясы, сондай-ақ көптеген әлеуметтік бейнероликтер дайындалады. Жоба азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар жақында Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен «Тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі және улы газбен уланудың алдын алу» атты тақырыпта Түркістан қаласының тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Аталған іс шараға Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мен Түркістан волонтерлер лигасының белсенді ерікті жастары қатысып, қала көшелерін аралады. Аралау барысында волонтер жастар мен қызметкерлер үй аралап, қандай да бір қатер төндіретін ақаулардың бар-жоғын тексерді. Бірнеше қала тұрғындарына газды пайдалану бойынша ескерту жасалды.

Былтыр Түркістан қаласында «Қазақстан волонтерлер лигасының» қабылдау кеші өткен болатын. Еркін форматтағы кездесуде Қазақстан волонтерлар лигасының Түркістан облысы бойынша төрайымы Айдана Есіркеп алдағы уақытта жастармен бірге үлкен жобаларды жүзеге асыратынын айтып, жоспарларымен бөлісті.

Жастар арасында волонтерлік брендті танымал етуге бағытталған «Ашық жүрек» жобасы еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты аясында өткізілген болатын. Іс-шараның мақсаты — жастар ортасында волонтерлік брендті танымал ету бойынша, әлеуметтік-маңызды проблемаларды шешу мақсатында балалардың өмір сүру аумағы мен қоғамға қатысты оң іс-қимылдарды жүзеге асыруға ықпал ететін саналы белсенді азаматтық ұстанымды, жауапкершілікті қалыптастыру туралы атқарылған жұмыстың қорытындыларын таныстыру болды. Қорытынды презентацияға жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Өткен жылы «Ұлттық волонтерлер лигасы» ҚҚ Түркістан облыстық филиалы өңірдегі ең үздік волонтерді таңдады.
«Үздік волонтер» атағы жауапкершілігі бар, әбжіл, жан-жақты, ақкөңіл, үнемі қолдау көрсетуге дайын ұратын қасиеттерімен көзге түскен волонтерге берілді. Біздің өңірдегі ең үздік волонтер атағы — Ақбота Амантайға бұйырды. Өйткені ұйымға келгелі бері Ақбота өзін тек жақсы қырларынан көрсете алды, іс-шараларға белсенді қатысты, басқаларға шын жүректен көмектесіп, қолдау көрсете алды.

Түркістан облыстық Ұлттық волонтерлер лигасы 2020 жылы «Түркістан жоғары медициналық колледжі» мен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Бұл меморандумның негізгі мақсаты — студент жастар арасында «Ұлттық волонтерлер лигасы» арқылы еріктілікті кеңінен насихаттау бойынша бірлескен жұмыс жүргізу, волонтерлерді тарту және қатарға қабылдау бойынша бірлескен жұмыс жүргізу, волонтерліктің өзекті мәселелері бойынша семинарлар, шеберлік сыныптары, тренингтер ұйымдастыру, еріктілердің білім беру мекемесінің тәрбиелік-патриоттық шараларына қатысуы мен еріктілерді тарту және волонтерлік іс-шараларды, бағдарламаларды іске асыру нәтижелері туралы ақпаратпен және материалдармен бөлісу.
«Түркістан волонтерлар лигасы» қоғамдық қоры «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-пен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ақпараттық және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен «АШЫҚ ЖҮРЕК» жобасы аясында жастар арасында еріктілік брендін кеңінен насихаттау мақсатында жүзеге асырылады.

Жақында Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де Түркістан облысының жас еріктілерін «Түркістан еріктілер лигасы» қатарына қабылдау кеші өтті. Қатарға жаңадан қосылған еріктілерді марапаттап, оларға волонтер болудың қыр-сыры түсіндірілді.
Қабылдау кешінде еріктілерге арнайы «Ашық жүрек» жобасының футболкасы мен әдістемелік құрал кітаптары, төсбелгі және сертификаттар сыйға тартылды. Кеш соңында Түркістан облыстық «Волонтерлер лигасы» ұйымының атқарушы директоры қатарға қосылған ерікті жастармен бірге естелікке суретке түсіп, алдағы уақытта жастармен бірге үлкен жобаларды бірге атқаратындығын айтып, жастарға үміт артатындығын жеткізді.
Түркістан облыстық волонтерлер лигасы ұйымдастыруымен «Әлеуметтік желі сауаттылығы» тақырыбы аясында семинар-тренинг өтті. Семинар-тренинг аясында ұйымның СММ маманы Назгүл Саттархан жастарға әлеуметтік желілерде өз акаунттарын сақтау, қажетті ақпараттарды жылдам табу, әлеуметтік желіде айтылуға, қолдануға болмайтын тақырыптар және сөздер, қазіргі таңдағы ең көп қолданылатын әлеуметтік желілер жайлы толық ақпаратпен қамтылды. Сонымен қатар жастарға өте қажетті бағдарламалар жайлы тәжірибесімен бөлісіп, пайдалы кеңестерін үйретті.
Сонымен қатар Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығында» «Түркістан волонтерлер лигасы» еріктілер тобының ұйымдастыруымен «Психологиялық кеңес» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Семинар-тренингті «Түркістан волонтерлер лигасы» еріктілер тобының ұйымдастырушысы Әйгерім Құдайбек жүргізді. Волонтерлерге психология және волонтерлік жайлы тақырыптың өзектілігін тарқатып түсіндіру мақсатында топқа бөліп, тапсырмалар берді.
Алғашқы кезеңнің тапсырмасы бойынша еріктілер өздеріңе берілген плакатқа, еріктілердің жеті бағыты бойынша қандай іс-шаралар жүргізетінің жазып, оны қорғады.

Екінші кезең тапсырмасы бойынша волонтерлер плакатқа, еріктіліктің пайдасы мен зиян тұсын жазып, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ ұтқыр ойлауға арналған түрлі ойындар ойнатылды. Ұйым өткізген тағы бір іс-шара туралы айта өтейін. Жақында біздің еріктілер ұйымы мен Түркістан жастар ресурстық орталығы бірлесіп «Taza álem» еріктілер тобының ұйымдастыруымен «Естелік бағы» жобасы жүзеге асты. Оған Туризм университетінің тәлімгерлері мен студент жастары қатысты. Волонтерлер жас Түркістанның гүлденуіне үлес қосқандары мен қатар қаланың көгалдануына себепкер болды.
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» Úmit еріктілер тобы мен «Түркістан Жол қызметі» КММ-нің «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері бірігіп, жаяу жүргіншілер белгісі мен белгіні айқындап көрсететін жарықтар орнатты. Бұл жарықтар қаладағы көлік ең көп қатынайтын Бекзат Саттарханов көшесіндегі, «Дастархан» сауда орталығының аялдамасы мен қарсы бетіне орнатылды. Бұл жерде жол-көлік апаты мен жүргіншілердің шағымдары жиі тіркелетін. Еріктілер ендігі кезекте бұндай әрекеттерді тудырмас үшін және қала тұрғындарының қауіпсіздігі мақсатында әлі алда тағы да осындай жобалардың ұйымдастырылатындығын айтты. Бұл — біздің ұйым атқарған іс-шараның қысқаша сипаттамасы. Алда әлі атқарылатын істер көп. Айта кететіні, біздің еріктілер ұйымы қайырымдылық акциясымен де жиі айналысады. Көмекке мұқтаж, еміне шипа іздеген жандарға арнайы шот ашылып, қаржылай көмек те жинаймыз. Сонымен қатар облыс пен ауданның мәдениет үйінде Түркістандық өнерпаздарды жинап, қайырымдылық концерттерін жиі ұйымдастырамыз. Алдағы уақытта Түркістан қаласын дамытуға үлес қосамын деген мекемелермен бірлесіп, игі істерді бірге атқармақпыз.

Айдана Есіркеп,
«Түркістан волонтерлер лигасының» жетекшісі
Суреттерді «Түркістан волонтерлер лигасы» ұсынды

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды