Шымкентте ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинет ашылды. Жаңадан ашылған кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқада мүмкіндігі шектеулі балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен, наркоз беру арқылы жеңіл түрде емдейді.
Асардағы балалар ауруханасында ашылған стоматалогиялық кабинетте ақ халаттылар науқастарды тегін қабылдайды. Бұл үшін жергілікті емханадан пациенттің жолдамасы қажет. Стоматологиялық кабинетте тісті емдеумен қатар ауыз қуысына диагностикалық тексеру жүргізіліп, бір жерден ем-дом тағайындалады.
Кабинет рентген, наркоз аппараты сынды қажетті жабдықтармен қамтылған. Шымкент қалалық клиникалық аурухана базасынан ашылған стоматалогиялық кабинет жұмыс күндері сағат 09:00-18:00 аралығында жұмыс істейді.
Шымкент қаласында балалардың тісін ақысыз емдейтін қалалық емхананы шымкенттіктер жақсы біледі. Қалалық тіс емханасы 2021 жылдың 2 қарашасынан бастап жауапкершілі шектеулі серіктес болып құрылып, жұмысын жалғастыруда. Ақылы қызметтермен қоса бұрынғы медициналық қызметтің барлығы көрсетіліп, науқастар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша қабылданады. 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің тісін емдеу мен жұлуға қатысты қызмет тегін көрсетіледі.
– МӘМС туралы заң бойынша балаларға, жүкті әйелдерге тегін қызмет көрсетеміз. Олар жоспарлы стоматологиялық қызмет көрсетілетін санатқа жатады. Яғни, ортодонтиялық қызметтен басқа тіс емдеу, жұлу сияқты барлық жоспарлы қызмет ақысыз көрсетіледі. Сонымен қоса, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-106/2020 бұйрығына сәйкес, шұғыл стоматологиялық қызмет көрсетілетін санаттар бар. Балалар мен жүкті әйелдерге қоса ҰОС ардагерлері, І, ІІ және ІІІ топ мүгедектері, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурумен және айналасындағыларға қауіп төндіретін дертпен ауыратын науқастар, мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасаушы жұмыс істемейтін тұлғалар мен бала кезден І топ мүгедегіне күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдарға шұғыл қызмет тегінкөрсетіледі, – дейді «Шымкент қалалық стоматологиялық емхана» ЖШС бас дәрігері Гүлбахар Рузденова.
Бас дәрігердің айтуынша, емханада қызмет көрсету аясында азаматтардың тұратын мекенжайына байланысты шектеу жоқ. Шымкент қаласы ғана емес, Түркістан облысы, бүкіл Қазақстан өңірінде қандай да бір емханаға тіркелген азаматтар келіп, медициналық көмек ала алады. Әсіресе, Шымкентте каникулда қыдырып келіп, тісі ауырған балалар да жиі көмекке жүгінеді.
Тоқтар Жақаш