Ердуанның хаты және Левиафан газы

01 шiлде 2016, 16:48

IMG_0773

Ердуанның бұл жетіде Путинге жолдаған хаты, Ресей басшысының Түркия президентіне телефон соғуы ақпарат құралдары үшін күнде «қолға түсе бермейтін олжаға» айналды. Ресейлік интернет басылымдар «Түркия президенті кешірім сұрады» деп шулап жатқанда біздегі орысшасы бар, қазақшасы бар, түрлі сайттар мұны жапа-тармағай жарыса жариялады. Ертеңіне Мәскеуден «Кешірім сұрамапты», «Кремль сайтындағы «I apologise to them» деген аударма сөйлем «Excuse us» деп өзгертіліпті деген хабар тарады.
Әріптестеріміз қай дерекке сенерін білмей, әбден басы қатты. Түркия президентінің ресми өкілі Ибраһим Калын да ресейлік БАҚ-тың хабарын теріске шығарды. Түгел дерлік жекеменшік болып табылатын түрік газеттерінде кешірім жөнінде әңгіме жоқ. Олар Ердуанның хатында әскери ұшқыштың өліміне байланысты «Üzgünüm», «Kusura bakmasınlar» деп жазылғанын хабарлады.
Мамандар ағылшын тілінде келтірілген алғашқы тіркесті «Кешіріңіздер» деп те, «Айыпқа бұйырмаңыздар» деп те топшылауға болатынын айтады. Қазір орыс саясаттанушылары жиі ауызға алып жатқан түрік тіліндегі тіркестердің «Өкінемін», «Бізге ренжімесін, Сөге жамандамасын» деген мағына беретіні белгілі. Осынау қарапайым мысал біздегі ақпарат құралдарының сыртқа терістік көршінің көзімен қарайтынын, шетелдерде қазақтілді меншікті тілшілеріміздің болуы көкейкесті мәселе екенін тағы да көрсеткендей.
Бірі шекаралас көрші, енді бірі бауырлас Ресей мен Түркия арасындағы тоңның жібуі, сөз жоқ, бізге де тиімді. Экономикалық дағдарыс тұсында аймақта геосаяси ахуал ушықса, пайдасынан зияны көп. Бір ғана мысал. Былтырғы қарашадан кейін Түркиядан автокөлікпен Ресей аумағы арқылы тауар жеткізу қиынға айналды. Бұл өз кезегінде онсыз да жеңіл өнеркәсібі жұтаң еліміздегі базар мен дүкенде киім-кешек пен тұтыну бұйымдары бағасының шарықтап кетуіне әкеп соқты.
Айта кету керек, Анкара мен Мәскеудің арасы бұзылған тұста Сириядағы лаңкестердің жер-жердегі қанды бүлігі үдей түсті. Кесір-кесепаты қазақ даласына да жетіп жатыр. Осы аптада Балқаш маңында сәләфи ағымының бір өкілі өзін-өзі жарып жіберіп, қалған алтауының ұсталғаны белгілі болды. Бұлар Қарағанды өңірінде лаңкестік әрекет жасауды жоспарлапты. Ал Түркияда соңғы 11 айда болған 20 терактіден 1600 адам көз жұмды. Содырлар Ресейге де қауіп төндіре бастады. Мәскеу, әсіресе, күрд жікшілдеріне қолдау көрсету түбі жақсылыққа апармайтынын енді түсіне бастағандай. Кеше сыртқы істер министрі С. Лавров Сирия дағдарысын Түркиямен бірлесіп шешу керектігін мәлімдеді. Ол ертең түрік әріптесі Мәуліт Чавушоғлымен Сочиде кездесіп, бірлескен іс-қимыл жайын талқыламақшы. Ресей мен Түркия арасындағы бұрынғы байланысты қалпына келтіруге біздің еліміз де әжептеуір еңбек сіңірді. Содан болар, түрік үкіметінің басшысы Бинәли Йылдырым Қазақстанға ризашылығын жүрекжарды лебізімен жеткізді.
Бұл жетіде Түркия мен Израиль арасында бұдан бес жыл бұрын бұзылған байланысты қалпына келтіру жөнінде келісімге қол қойылды. Американың ара ағайын болуымен. Екі ел арасында сауда-экономикалық байланысты жандандыруға ділгір. Энергетикалық есеп те жоқ емес. Израильдің Жерорта теңізі аумағындағы Левиафан кенішінен табылған табиғи газ қоры Таяу Шығыс пен Еуропадағы көмірсутегі нарығына елеулі өзгеріс енгізуі мүмкін. Тель – Авив қоры 1 трлн текше метрді құрайтын осы газдың 80 пайызын Жерорта теңізінің табанына 550 шақырымдық құбыр төсеп, Түркияға, одан әрі кәрі құрлыққа жеткізгісі келеді. Егер құны 2,5-3 млрд долларды (басқадан арзанырақ) құрайтын жоба жүзеге асса, түріктер мен Еуропаны «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін Ресейге тегеурінді бәсекелес пайда болуы мүмкін. Бәзбір сарапшылар Мәскеудің Анкарамен достасуға тезірек ниет білдіруі­нің бір себебі осында деген пікірде. Мүмкін.

Срайыл СМАЙЫЛ

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады