
Ауыз су – адам өмірінің ажырамас бөлігі, ұлт денсаулығы мен елдің тұрақты дамуының негізі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде сөйлеген сөзінде еліміздегі су мәселесін ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланыстырып, суды тиімді пайдалану мен халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуді стратегиялық басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы: «Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында», — деді.
Президент Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы мен жаңа Су кодексінің қабылдануын осы бағыттағы ауқымды реформалардың бастауы ретінде атап өтті. Сондай-ақ «Қала халқының және ауыл тұрғындарының көпшілігі таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Енді алдымызда тұрған шұғыл міндет – 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы» деп, алдағы басты мақсатты нақтылады. Қазір ел бойынша қалалар мен ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда Jas Qazaq тілшісі Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановпен әңгімелесіп, еліміздегі сумен жабдықтау жобаларының барысы мен алдағы жоспары туралы сұрады.
– Ерболат Мақсұтханұлы, еліміздегі ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі қандай?
– Қазіргі таңда Қазақстанда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік жоғары деңгейге жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалаларда ауызсуға қолжетімділік 99,4 пайызды, ал ауылдық елді мекендерде 98 пайызды құрап отыр. Бұл соңғы жылдары жүргізілген кешенді жұмыстар мен инфрақұрылымдық жобалардың нақты нәтижесі.
– Ал биылға қандай басты міндет қойылған еді? Жоспарды жүзеге асыру қалай жүргізіліп жатыр?
– Биыл еліміздің 10 өңірінде – Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 30 ірі жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту жұмыстарын қамтиды.
Мемлекет басшысының барлық қалалар мен ауылдарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында біз арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен бұрын қамтылмаған ауылдарға су беруді тестілік режимге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.
– Бұл жобалар ел өміріне қандай нәтиже береді?
– Барлық жобалар аяқталған соң 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры желісі салынып, қайта жаңартылады. Соның нәтижесінде 1,3 миллионнан астам адам тұратын 468 елді мекеннің жағдайы жақсарады. Сондай-ақ 53 ауылтоптық су құбырына қосылады. Бұл – елді мекендердің әлеуметтік жағдайына, тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін көрсеткіш.
– Құрылыс жұмыстарын кімдер атқарады? Мердігерлер қалай таңдалады?
– Барлық мердігер ұйымдар ашық конкурс арқылы анықталады. Бұл – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асатын үдеріс. Біз үшін ең бастысы – ашықтық пен сапа. Мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы мен жобалардың уақтылы аяқталуы – басты назарда.
– Ауыл-аймақтардағы ахуалға жеке тоқталсақ. Бүгінгі күні ауыл әлі сумен қамтылды?
– Республика бойынша 6 148 ауылдың 5 685-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қалған 463 ауылды 2025 жылдың соңына дейін ауыз суға қосу жоспарланып отыр. Соның ішінде 241 ауылда су жүйесін салу көзделсе, тұрғын саны 200 адамнан аз 208 ауылда жергілікті бюджет есебінен кешенді блок-модульдер (КБМ) орнатылады. Бұл құрылғылар – кіші елді мекендер үшін тиімді әрі үнемді шешім. Қазіргі таңда КБМ 170 ауылда орнатылып үлгерді.
– Бұл салада басқа министрліктермен үйлесімді жұмыс қалай жолға қойылған?
– Су саласы – кешенді бағыт. Сондықтан бірнеше министрлік бірігіп жұмыс істейді. Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық және эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі су көздерін қорғау мен экологиялық бақылауды жүзеге асырады. Ал Ұлттық экономика министрлігі ауызсу тарифтерін бекітіп, экономикалық реттеу тетіктерін қалыптастырады. Бұл – бірлескен, жүйелі жұмыс нәтижесінде ғана табысты болатын сала.
– Демек 2025 жылдың соңына қарай еліміздің барлық ауылдары таза ауыз сумен қамтылады деп сеніммен айтуға бола ма?
– Иә, толық сеніммен айтуға болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы нақты жоспарға айналды. Біз биылғы жылдың соңына дейін барлық қала мен ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүдделіміз. Бұл – тек инфрақұрылымдық емес, стратегиялық әрі әлеуметтік маңызы бар міндет.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық