Ендігі жерде заман басқа десек те…

11 тамыз 2023, 12:19

Адал еңбек, адал махаббат, адал заң, адал қарым-қатынастарды кім аңсамайды? Бәріміз де аңсаймыз. Иә, кім айта алады, кеше бізде адал еңбек қадірсіз еді деп? Жалпы бейнет жасаған адамдар қадірсіз еді деп кім айта алады? Кім, қандай мысал келтіре алады? Адамшылық салтанат құрған заман болған, алдағы уақытта да болады. Сол үшін де адамдар достық, сыйластық қарымқатынастың адалдық қағидаларымен құрылғанын жан-тәнімен қалап, соған қарай күреседі, ішкі сезімдерімен тартысқа түседі. Біз сол құндылықтарды қайта жоғалтып алғандай болып жүргеніміз қалай?

Адамдар қазір капиталистік ыңғайда бір-біріне суықтау, ызбарлы ма, ығына жығылғысы келмейді бірден, байшыкештер ғана емес, барлығы алыстан ғана сыйласқанды қалайтын сыңайлы. Көптің көзінен аулақ жүргісі келетін секілді. Жүргісі келмейтін деген жақсы сөз бе, жаман ба екен, Алматының Құлжа трассасы бойында «Жүрілген автокөліктер» деген даңғарадай әрі су жаңа сауда ғимаратын көргенімде он ойланып, жүз толғанып қаламыз. Ауласы атшаптырым, темір көліктер толып тұр. Атауының өзі өзгеше. «Ескі көліктер» деп тұрған жоқ делдал саудагерлер мен автокөлік сататындар. Бір түсінгеніміз, бұл автокөліктер жаңа да емес, ескі де емес. Барсаң, көзбен көресің.

Не деген тауып қойылған, ә?! Айтпақшы, қазақтың «Түсіндірме сөздіктегі» 168 мың сөзі нарық заманында ұғымдық атауға келгенде түрленгені соншама «Көзбе көз саумал қымыз» деген өте ұтымды, ақпаратты жарнамаға қалайша риза болмайсың?! Биені көз алдыңда сауып, сүтін сол жылы күйінде сізге сатады. Алдау-арбау жоқ, су араластырып жіберетіндей күдік атымен болмайды. Ендігі жерде заман басқа. Адалдық пен шындық іздейтін адамдардың армиясын жасақтап алып жатқандаймыз, сол бағытта адамдар қым-қуыт сапырыласқан күйде арлы-берлі жүріп жатыр. Бірі баяу, екіншісі жер апшысын қуырғандай асығыс, алқын-жұлқын. Әсіресе, бұл мегаполистерге тән өмір-өзені. Бірақ біздің ағайындар барлық жерге кешігіп барып жататын бір жадағай құбылысқа да көндігеді. Жүрдек пойызға бір ай бұрын алдын-ала билет сатып аласың, алайда сіз айлап күткен пойыз 3-4 сағатқа дейін кешігіп, сіз межелеген стансаға уағында жете алмайсыз. Рас па, рас. Даурығып ренжисіз, қатты айтасыз, себебі ме, ол жаттанды. «Техникалық ақауға байланысты» немесе тағы бірдеңе.

Пойыз вагонындағы жолсеріктен ашуыңызды алғандайсыз… Әуежайға ертерек қамданасыз. Барасыз сосын. Билетіңізді тіркейді. Бірақ ұшақ уағында ұшпауы мүмкін. Кідіріс. «40 минөтке кешігеді» деген жарқын хабарламадан біртебірте мән кетеді. Тағы да кідіріс… 2 сағатқа дейін. Ұшақ ұшпайды деген жоқ қой. Көк аспанға көтерілер алдында көңіліңіз бұзылмағаны жақсы және байырғы ұшқыштар арасындағы ырымға қарай суретке де түсірмеңіз. Соңғы сурет болып қалуы мүмкін, беті аулақ. Бірақ несін айтасыз, мына заманда оған үрке қарап, елеп, ескеріп жатқан жолаушылар жоқ. Үнсіздік пен үміт үйлескендей уақытқа өкпе де жоқ. Ал енді кешігіп жүрудің қызығы алда. Иә, сол той-домалақ туралы. Тойға кешігіп баруды айту жоғарыдағы жағдайлардың жанында түкке тұрмайтын секілді, үйреншікті өмір, селт етпейтін дағды. Жиын-тойдың иесі адамдарды құрметтеп кешкі сағат жетіге шақырады делік. Сөйте тұра, тойды кемінде 1,5 сағат кешігіп басталатынына әуелі өзі сенімді. Басқалар да сенімді. Мәдениетті, парасатты кісілердің тойға кешікпей, сыпайылық танытып уағында келгені бұл арада аса бағалы емес.

Бұдан әрі де өзгешелік келе береді. Бұрынғыдай той үстінде тағлымды сөз-тілекті тыңдау мен ортаға шыққан мәртебелі мейманды сыйлау мәдениеті бүгінгі абыр-сабыр, даңғырадабырдың астында көмескіленіп, айхай, дүбірлі күні келмеске кетіп барады ма деп күмәнданасың. Сонда ойлы сөз тыңдата алмайтын, думанды мағыналы қыздыра алмайтын тамада – асаба не үшін керек? Бірер сағатта оны-мұны айтып, әртіс-әншінінің аты-жөнін нәшіне келтіріп хабарлағаны үшін бе, таптаурын, жаттанды сценарийден ауытқымайтын оған қыруар миллиондаған ақшаны қандай қызметі үшін ұсынасың? Жоқ, әлде танымал өнерпаз, сайқымазақ немесе телеарнадан жиі көрінетін «реңді түр-келбетін» артықшылыққа санап мақтану үшін бе? Тіпті мұны түсіну мен түсіндіру сонша қиын ба? Есті адам өйтпейтін сияқты. Әй, әркім көрпесіне қарап көсілмей, тойда шаш-етектен шашылуды бәсеке ниетінен деп қабылдағандарға не айтарың бар?

Ертеңгі көрер күнін ойламау деген де жоқ емес. Той жасап, бір көрініп қалуда да аса бір мән бар деп ойламаймыз. Қазақ бар байлығын бір тойда шашу үшін жинайтын халық деген түсінік те заманына қарай өзгеру керек емес пе? Құдай сақтасын, біздің қазақ пандемия, індет кезінде де жасырынып, тығылып мейрамханаларда той жасағаны сұмдық нәрсе болды. Тойлар бұл пошымымен көркін де, «той десе, қу бас домалайтын» мағынасын да бірте-бірте жоғалтып алған сияқты. Ертеректе үлкен ас-тойларды бай адамдар малын шашып жасаған, кедейлердің қолынан ол келмеген. Енді әлеуметтік жағдай түзелгені ме, бәріміз еңбек шығармашылығын той-домалақ шығармашылығына айналдырдық па? «Тойдан қайтқан қазақтар» тап бүгіндері «үлкен асет жеп бола салысымен» үйіне топтобымен ертелеп қайтқан қазақтар (шақырған соң бардық, көрдік қой деп) десек те болады. Немесе түні бойы бір тойдан келесі тойға барып, төбе көрсету нышанында той тойлап жүргендерде не арман бар? Мұны ешкім әлдеқандай ыңғайсыздық, ұят не әбестік санамайды, оған той иелері де аса қатты қиналмайды. Той түні мен тойшылдар «көшінің» арасында неше түрлі тосын, жәйсіз нәрселер, қап-қараңғыда жүйткіген көлік-жол оқиғасы, ауыр апаттары да орын алып жатады. Жолдың соңы…

Шын мәнінде той – халық қазынасы. Адамдар өмірінің қуанышын мерекелеп атап өтудің әдемі салтанаты еді. Заманына қарай зейін-зерде де өзгерістер мен жаңашылдықтың болуы заңдылық. Дәстүрдің озығы мен тозығы таразыға түскен кезде адамдар жарасымды сән-салтанаттың өзегі адамдар көңілін ұштап, ұлттық ділімізді жарқыратып, мұнтаздай ұқыптылық пен сәулелі сұлулық үлгісі болуы керек еді. Шығармашылық ізденіс пен өнердегі көркемдіктің тапқыр шешімдеріне риза ететін талғам жиыны болуы керек еді. Жоқ, бадырайтып айтпайақ қоялық, апта, ай, жыл бойы үзілмейтін той тойлау шаршатпаса да, адамдардың ығырын шығарып (материалдық жағы да бар) жіберетінін де заманға арта саламыз ба? Қайтеміз? Күн құрғатпай бола беретін қисапсыз тойдан қажығандар не істейді? Әне, «Той-думан» радиосынан «Қазақтың тойы бітпесін» деп минөт сайын қутыңдаған әуенмен әндетіп тұр. Осындай да қызық бір ән бар.

Анығында қаптаған тойханалар мен мейрамханалар иелеріне қомақты ақша мен несие-қарыз пұл төлеп, сол мырзалар мен ханымдардың шекесін қыздырып, шексіз байытып жатқан ағайындарды қайтіп жазғырамыз, ә?! Мысалы, соңғы жылдары Алматының сырт жағында, Құлжа тас жолы мен Тұздыбастау ауылы аралығындағы көше бойында ғана З0-ға жуық зәулім мейрамхана қаз-қатар салынды. Тура баяғы Рим мен Париждің алтын жалатылған сарайларынан бір кем емес, ғимараттар сәулеті ғажап, бірінен бірі өтеді және олар бір күн де бос болған емес дейді білетіндер. Рас-ау, бүйте берсе, біздің ағайындар той жасау бойынша әлдеқандай халықаралық жарыс өтетін болса, оған ерінбей қатысатын болса, тойдың реттік жиілігі мен ас та төк дастарқан жағынан бас жүлденің бірін жеңіп алатыны анық.

Әне, қараңыз, Түркістан мен Шымкентте, Тараз бен Қызылордада, Алматы мен Астанада, Қарағанды мен Талдықорғанда… негізінен тойханалар жылдың соңына дейін бос емес десе, сенеміз. Бұл не сонда, баршылық пен тоқшылықтың белгісі ме? Ана бір жылдары жұрттың бәрі түгел қол жайғыш болып алды, деген ескертпе айтылғанда, мұнда үлкен шындық жатыр деп қазіргі заманға сай болайық, солай түсінген жөн деп үгіттедік. Кедейшілік пен жоқшылық қысып бара жатқаны да айтылды. Енді күн мен түнде бірдей той өткізу жалғасып жатқанын не дейік, бұл заман ағысының бір шалқыған рахаты мен дүниелік қуаныштың етек алған құбылысы ма? Әйтсе де, бұл көп қырлы мәселе. Бірі мынадай өзекті. Осы мыңдаған тойханаларда көрсетілген қызмет ауқымына байланысты иесінің әділетті салық төлеуі мен оларда түні бойы қызмет ететін даяшылардың (дені студенттер мен оқушылар) жұмыс берушімен еңбек шартын қадағалау еңбек инспекциялары мен кәсіподақ ұйымдарының тұрақты назарында және бәрі де заңды деу артық болар еді. Бұл сауалы көп жағдайды заң талаптарымен мұқият және жүйелі тексеруді қажет етеді. Шағын бизнеске кең өріс ашылғаны жөн, бірақ қаржылық бақылау да тұрақты болғаны мақұл. Қазір жасыратын несі бар, ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы тойхана иелері ең бай адамдарға айналды.

Бір танымал азамат жақында той мен ас беруді азайтудың адамдарға қандай өзгеріс әкеледі дегенде ең бірінші кезекте азық-түлік тауарларының қымбаттауына кері әсер етеді, базардағы сапасыз, ешбір кәдеге жарамсыз анау-мынау тауарларға тоқтау болады, көтерме бағамен сатып алу азаяды, бір қалада күн сайын 150-200 жылқы сойылмайды, жалған әншілерге ақша төлеу тыйылады, тойшыл әйелдер үй шаруасымен, бала тәрбиесімен шындап айналысуға уақыт табады, аптасына екі-үш тойға «конверт» апаратындардың қаржысы үнемделеді дегендей кәсіпкерлер тойхана орнына жаңа өндіріс орнын ашуға бет бұрады деген көзқарасын білдіріпті. Бұл өзінше байыптама, негізі бар сараптамалық ой үстемелетіп той жасаудан адамдардың бірбірінің ығырын шығарып, шарасыздық көңіл-күйге түсіргенін көрсетеді, сондай-ақ ынсап, қанағат, сабырға шақырудың амалдарын ұқтырады. Ұлттық идеологияны той жасау, батырлар мен ақындарға ас беру, руаралық ата, аруақ жарыстыруға айналдырып жіберген заманда туған жастар көргенін істемегенде не істейді? Әншейін құр кеуде, құр мақтан не береді? Белгілі қоғам қайраткері Амалбек Тшанов ағамыз «Бабам батыр болды деп, ру-руға бөлініп алып, той жасағаннан рух көтерілсе, Марсқа жететін уақытымыз болды емес пе?» деп жазғанындай, біздің ағайынның осы көп өрімді, бір тоқтамды мәселеде ақырын-ақырын тізгін тартатын кез келді. Бұл той мәселесінде осыдан көп жыл бұрынғыдай «лауазымды мемлекеттік қызметшілер тойға бармасын» дегендей сыңаржақ шешіммен тәртіп этикасын орнықтыра алмайды.

Әңгіме онда емес. Күнбе-күнгі дүркіреген тойда қандай ұлттық қазына немесе өзгеше сый болмақ? Тойдың түрінен көз ашпайтын жағдайға жеттік. Тегінде той әркімнің өз қызығы, өз қуанышы ретінде қаралады. Сондықтан алыс-жақынды жапатармағай шапқылатпай, шын жанашырларының жинақы әрі сүйкімді кеші болуына мән берілуі керек деп ойлаймыз. Ертеректе ел-жұртына сыйлы кісілердің тойға қатысуын ырымға бағалап, ілтипатпен шақырып, сол адамдардың әрбір сөзін зейін қойып тыңдап, өмірлік үлкен тағлым алып қайтушы еді. Ал қазір апырай, тойға атақ-даңқы жер жарған адам немесе академик, генералың келе ме, министр келе ме, әкім келе ме, әртіс келе ме, депутат келе ме, кім келсе де көзге ілмейтін, дұрыстап мән бермейтін, жалпы тұлға тану мен құндылық атаулыны құрметтей алмайтын дәрежеге ұрынған секілдіміз. Ұлттық идеология мен тәрбие жұмысының жеткіліксіз болуының бір салдары бұл емес деп кім айтады? Тек… кезінде қандай той болса да қазақ жастарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровке жұрттың айрықша елдік пейілмен зор биіктіктен құрмет көрсете алатын жағдайы тіптен болмай тұр.

Өзі де ер Жақаң қарапайым және ішкі мазмұны сүйкімді тұлға қалпында есте қалды. Жан дүниесі жарқырап нұр шашатын. Сондай-ақ барлық уақытта халықтың сөзін айтып өткен Шерхан Мұртаза секілді ағаларымыздың әр сөзі алтыннан қымбат саналатындықтан да сирек сәт еді. Тойға барса, көпшілікті ақылды сөздерімен рухани байытатын Әбіш аға Кекілбайұлыдай кемеңгер көп емес қой. Қоғамды ілгерілетуші дейтін аз болса да саз, жұрт таныған ірі қайраткерлер мен сол ірілердің ізін қуушы інілері де енді мына аласапыран қоғамда елеусіз күйінде қалып бара жатқаны қандай өкінішті. Қазір ше, қазір… айту өте қиын. Кімнің кім екені осындай атаумен жыл сайын әр өңірде ақылы шығатын қалың кітапта ғана жазулы. Жүректерде жазылмағаны ойландырмай ма, жас ұрпақты?! Жұрттың пікірінше, сол себепті мәнді-мәнсіз, орынды-орынсыз қисапсыз тойдың қадірін бұдан әрі кетірмес үшін үйлену тойынан басқасын үй іші мен отбасы жағдайында өткізген абзал деген ұсынысқа қосылуға болады. Бірақ оны мына кілең «ақыл айтатын» адамдар өмір сүріп жатқан заманда кімдер ескере қояр екен?! «Той жасасам өзімдікі, сөзім де өзімдікі» дейтіндер (бұрын біздің қазақ бұлай сөйлемейтін) ауыз аштыра ма?

Әйтсе де, ертеңін тереңінен ойлайтын ел емеспіз бе, жұмбақ кілтін ашуды ойласатын жұрт емеспіз бе, ортақ іске жанашырлықпен ден қойған артық болмас. Заман енді басқа деп атабабаларымыздың аманат етіп қалдырған құндылықтары мен ұлттық абыройға бөленген салтдәстүрімізді жаңғыртудың орнына байлық жарыстырғандай жаппай той жасаумен уақыт өткізіп, даңғазалыққа бәйге қоса береміз бе, қалай болмақ? Заман өзгерді деп қоғамдық мүддені естен шығаруға бола ма? Осы арада тойлардың көп жағдайда белгілі бір топтың да тоғысуына және ағайындық-туыстық түрлі бастамаларға ықпалдасуына дәнекер болатыны жасырын емес. Кейбір мерейтойларда той иесінің руының белгісін түрлі-түсті етіп кеудесіне қадап, тағып жүретіндер де осы ыңғайды аракідік болса да кездеседі. Тойқұмарлық пен жершілдік, топшылдық мәселесінен туындайтын кілтипан бұл ғана емес. Ескінің сарқыншағы – рушылдықпен біржолата қош айтысатын күн де алыс емес деп армандаған едік. Сөйтсек, олай болатын түрі жоқ сияқты. Мысалы ма? Басқа, басқа, дәл біздегідей рудың шежіресі Ұлттық энциклопедиясынан гөрі көлемі қалың кітап болып шығатын жағдай бірде-бір елде жоқ шығар.

Ел мен жер тарихын жазудың өзінде соңғы уақытта топтасу, жерлестік пен аймаққа бұра тарту, ақиқатты бұрмалаушылық пен қоғам қайраткерлерін қолдан жасау, олардың қоғам мен ұлтқа сіңірген еңбектерін бір жақты бағалау, трайбализм ұшқындары белең алып бара жатқанын аңғару аса қиын емес. Жап-жас жігіт қараңыз, әлеуметтік желіде «Анау сатқын, ана кісі опасыз, ана адам сыбырлауық болған, ұры-қары болған, бірінің үстінен бірі домалақ арыз жазған» деп байырғы қайраткер тұлғаларды жазғырып, әй, бір, білгішсініп сайрайды кеп. Жұрт оның бар айтқанына сеніп қалады деп ойламаймыз. Бірақ олай төбеден жай түскендей етіп, оңы мен солын адалдықпен ажыратпай-ақ айта берудің қоғамға теріс әсері бар. Мұндай сөздер өкінішке қарай, түрлі той мен ас дастарқанына да жетті. Бұл жақсы емес. Азаматтық ұстаным мен бағыт-бағдар, көзқарастарға да саяси-тарихи, толыққанды ғылыми тұрғыда әділеттілік керек. Әйтпесе, ұлт мүддесі үшін аянбай қызмет еткен адал жандарға обал болады және өлілер тірілермен айтыса алмайды.

Иә, иә, хакім Абай «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да , соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?» деп айтқандай, осы уақытқа дейін дәл осы көкейкесті әлеуметтік тақырып талай мәрте қозғалғаны шындық. Алайда өзгерген ешнәрсе жоқ, сол баяғы сарын, өзімбілермендік және ұлттық идеологияның, әсіресе, қоғамдық тәрбие жұмыстарында нақтылық сипат ала алмауында болып отыр. Исі қазақтың көкейге түйгенін аршып алмай, уақыт еншісіндегі бірді-екілі ой қорытындысы халықтық идеология бола ала ма? Бүгінде мемлекетте «Арлы адам – ең күшті адам» идеологиясы қолға алынған тарихи кезеңде қоғамның дамуында «Біз қайда барамыз? Қоғам қай бағытта дамуда?» деген сауалдар аса маңызды. Сол ыңғайда біз де сөз қозғадық. Елішілік әңгімелер мен көзқарастардан туындайтын мәселелерді «Енді жаңа заман талаптары» деген оймен байланыстырып қарайтын болсақ та азаматтық, қоғамдық болмысымызды шынайы даралайтын шақ туып отыр. Оның негізі заманмен бірге адамдардың жаңашылдық рухта көп өзгергенін көріп, анық сезіну. Бұл қоғам болып даурығатын емес, жаңғыру жолында күресетін мәселе екені анық.

Мейрамбек Төлепберген,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Jas Qazaq газеті, 11.08.2023

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген