Енді итке «кімсің?» деуіміз қалды

21 қантар 2017, 14:58

«Қазақтың тілі кедей, ғылымның, мәдениеттің тілі емес» дегендердің қазақ тілінен садағасы кетсін! Бұл – қазақ болып туылғанымен, бойына ана сүтімен қазақы рух сіңбеген, ана тілінің ақ уызын арда ембеген дүрегей жандардың пікірі. Олардың көбі – ауылдағы қарапайым халық емес, кеңестік дәуірде білім алған, дені басшылық қызмет істейтін, басқаша айтқанда халыққа түрлі жиында немесе баспасөз құралдары арқылы «ақыл айтатын» атқамінерлер.

Баспасөз құралдары дейміз-ау, мұндайлар сол баспасөз саласынан нәпақа тауып жүрген әріптес журналистердің ортасында да бар екенін несіне жасырамыз. Тіпті еліміздің бетке ұстар телеарналарының өздері келеңсіздік тудырған жағдайды қазақ «салдар» деп айтатынын әлі қаперіне ілмей келеді. Қит етсе «нәтижесінде» деп таңдайлары тақылдайды. Орыстың «результатының» бәрі қазақ тілінде «нәтиже» емес. Нәтиже тіпті сөйлемнің орайына қарай орыстың «достижение» (жетістік) сөзінің мағынасын береді. Сонда автокөлік апатқа ұшырап, адамдар опат болса, оны қалай жетістік деп айтпақпыз?

Жалпы, қазақ тілінің кедейленіп бара жатуының ең басты себебі – орыс тілін «жетік» білетіндердің сол тілдегі сөзді қазақшаға сөзбе-сөз аударуынан болып, былайғы жұрттың ауызекі тілінде қалыптасқан ахуал. Айталық: Қазір сөйлесу тілінде болсын, баспасөзде болсын «үлкен» деген сөз қаптап кеткен. Үлкен рахмет, үлкен табыс, тағысын тағы. Құдай-ау, қазақ қашаннан бері риза болғанда «үлкен рахмет» деуші еді. «Көп рахметті» қалай ұмыттық, немесе бұл сөз несімен жақпай қалды? Қай тілде де кез келген сөз кез келген сөзбен тіркесе бермейтінін, өзінің қалыптасқан заңдылығы, тіркесетін сөздері болатынын неге ескермейміз?

Сол сияқты – «құлау» мен «жығылу» синоним болғанымен екеуінің қолданысы, білдіретін ойы екі басқа. Құлау – жығылудан көрі домалауға жақын ұғым. Әрқайсысының өзінің берік қалыптасқан тіркесетін сөзі бар. Қазақ тілінде «аттан құлау» деген тіркес жоқ, аттан жығылады. «Ақбоз аттан жығылдым есім ауып» (халық әнінен). Ал керісінше, таудан тас жығылмайды, құлайды. («Таудан тас құласа етектегіні ала кетеді»).

Тілімізді жұтаң тарттыратын – осындай орысшадан сөзбе-сөз аударудың салдары. Мұндай теріс тіркестер, әсіресе, халқымыздың салт-дәстүріне байланысты әңгімеде жиі ұшырасатынына ішің ашиды. Мәселен, қазақ киіз үйді құрмайды, тігеді, бұзбайды, жығады. Атқа отырмайды, мінеді. Әсіресе, ата кәсібіміз мал шаруашылығына байланысты тіліміздің бұрмалануы жаныңа батады. Қазақ ықылым заманнан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқандықтан бұл салада тіліміз тіптен бай. Алайда, қазір малдың түлігін айырудан қалдық. Қазақ қашаннан түйе, жылқы, сиырды ірі қара, қойды ұсақ мал, сырттай барлығын қосып, «төрт түлік мал» деп атаған. Алайда, кеңестік дәуірден бері жылқыны ірі қарадан алып тастадық. Бұл әдеби тіліміздің өзінен мықтап орын алды. Мемлекеттік статистикалық мәліметтерде болсын, оған негізделген баспасөз хабарларында болсын түйе мен сиырды ірі қара дейміз де, жылқыны бөлек көрсетеміз. Бұл дұрыс емес.

Әр тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Орыс тілінде жанды жәндіктің бәріне кім деген сұрақ қоятынын білеміз. Бұған еліктеп, соңғы кезде жансыздың өзін жандыдай елестететін болдық. Тіл заңдылығын осылайша аяқ асты етсек, бара-бара итке «кімсің?» дейтін шығармыз.

Қорытып айтқанда, ана тіліміздің көсегесінің көгеруіне термин сөздердің емес, орысшадан сөзбе-сөз аударылып, тіліміздің берекесін, қиюын қашырып тұрған осындай тіл заңдылығын бұзатын қисынсыз, қойыртпақ тіркестер залалын көп тигізері сөзсіз.

Бодаухан Тоқанұлы

baq.kz

 

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды