Азан-қазан қайнап жатқан алып шаһарда тыным таппай аула сыпырып, көше тазалап жүргендерді күнде көреміз. Күнде көре бергеннен бе, бұларды жұрт елемейді де. Әсіресе, қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында қолына сыпыртқы мен күрек алып, тынымсыз еңбектеніп жүргендердің арасынан нәзік жандыларды жиі кездестіреміз. Бүгінгі кейіпкеріміз – табиғаты нәзік болғанымен, ер-азаматтарға тән ауыр жұмыс істеп жүрген жан. Гүлбүбі Омарбаева 10 жылдан астам уақыттан бері аула сыпырушы болып, адал еңбегінің жемісін жеп отырған аяулы ана.
Кейіпкерімізді келе жатқан 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, редакциядан алып шыққан кішігірім сыйлығымызды ұсынып әңгімеге тарттық. Тосыннан жасаған сыйлығымызға сасқалақтап қалды. «Бізді елеп-ескеріп, көше сыпырғыштар туралы жазғыларың келгені мені қатты қуантты. Әдетте қарапайым аула сыпырушыны біреу елесе, біреу елемейді ғой. Сіздерге көп рахмет!» – деп, бір жағы ыңғайсызданып, бір жағы қуанып жатыр.
«Негізгі мамандығым тігінші еді – деп сөзін жалғады. – «Алматы тазалық» мекемесіне дейін тігін фабрикасында жұмыс істедім. Кейін ол фабрика жұмысын тоқтатқан соң, бала-шағаның қамы үшін аула сыпырушы болып жұмысқа тұрдым. Уақытта тоқтау бола ма, биыл 10 жылдан асты. Жолдасым бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Екі қызымды өсіру үшін, күн демей, түн демей еңбектендім. Қыздарым тұрмыс құрды. Екі жиен-немерем бар. Олар да қарайласып тұрады. Өтеген батыр кентінде пәтер жалдап тұрамын. Өмірге ешқашан өкпелеген емеспін. Жұмысымнан да намыстанған жоқпын. Әр істің өз қиындығы болады ғой. Жол бойын тазалайтындықтан, жүйткіген көліктен ғана қорқамын» – деп, шаруасының жайынан сыр шертті.
Бір кезде ол қолындағы сыпыртқысына сүйеніп, қалың ойға шомып кеткендей көрінді. Көзіндегі кіреуге мұңнан бір сұрақ оқығандай болдық. Ойын бұзып: «Көше тазалаушы болғаныңызға көңіліңіз толмайтын кезіңіз бола ма?» – деп сұрадық. Ол «Жұмыстың оңайы болмайды ғой. Әр істің өз қиындығы бар. Тек кейде көңілді түсіретін келеңсіз жағдайлар болып тұрады. Әсіресе, қаладағы кейбір жастардың әрекеті жаныңа қаяу салады. Жан таласып ауланы сыпырып немесе қоқысты тазалап жатсаң, дәл сол сәтте көшені ластап, қоқыс тастап кетеді. Бірдеме десең «Сенің жұмысың емес пе? Тазала!» деп, анасындай адамға бұйрық беріп, зіркілдейтінін қайтесің?! Әрине, бұл біздің жұмысымыз. Бірақ бұлай еңбегіңді көріп тұрып, елемей, басынып, әдейі істейтіндерді көргенде қалай қынжылмайсың? Қазіргі адамдарды түсінбеймін. Мәдениеттен жұрдай. Барлығы емес, бірақ арасында әдептен озатын, кісінің жанын кірлететін тәрбиесіздер бар» – деп, мұң шаққандай болды.
Гүлбүбі апай маңдай терімен тапқан бес-он теңге нәпақасын бүгінге дейін қанағат етіп, шүкіршілік қылып келеді. Осы күнге дейін ешкімнен көмек сұрап, біреудің ала жібін аттаған емес. Оңай жолмен ақша табуға да құмартпапты. Адал еңбектің нанын қанағат қылып жүргені.
Кейіпкеріміз қаладан қашық тұрады. Өтеген батыр кенті шаһардың орталығынан 20-25 шақырым. Жұмыс қана емес, жол да ауыр. Біздің ойымызды оқығандай, ол әңгімесін басқа арнаға бұрды. «Қазір жасым 58-де. Әне-міне дегенше зейнет жасына да жетемін. Айлығым – 100 мың теңге. Бір кездері бұдан да аз еді. Соны да жеткіздік қой. Адам қанағат ете білу керек екен. «Қанағат қарын тойғызады» деуші ме еді. Жұмысымыз таңғы сағат сегізде басталады. Оған үлгеру үшін алтыдан бастап тырбыңдаймын. Автобуспен жетуім бар, құрал-сайманымды дайындап шыққанымша, сағат сегіз болады. 10 жылдан бері етім үйреніп кетті. Қаланың ішінде тұратындардан гөрі, шеттегілер кешікпей келеміз» – деп күліп қояды. Күлкісі қандай шынайы еді, шіркін! Бізбен қоштасарда Гүлбүбі апай «Көшенің тазалығы – адам жанының тазалығындай». Ешкім жаныңызды кірлетпесін!» – деп қалды. Астарлы сөз. Ал біз қалай ғана оларды көше сыпырушы деп менсінбейміз?
Мақпал Ноғайбаева,
Фото Ғалия Қалиева