Еңбекпен нан табу да өнер

28 тамыз 2020, 11:53

Инстаграм әлеуметтік желісіне тіркелгем ғой. Әншілер мен әртістердің парақшасына топ ете түстім. Карантин басталып, тойға тыйым салынғалы көгілдір экран «жұлдыздардан» демалып қалғандай еді. Сөйтсем, әлгі кісілердің бәрі инста-әлемге көшіп кетіпті.

Індет байға қанағат, кедейге сабыр қылуды үйретті деп жүр ғой біреулер. Сол рас-ау деймін, ковид келгелі әншілер табан ет, маңдай термен ақша табуға көшкендей. Қоғам белсендісі Ахметбек Нұрсила өнерде жүрген қыз-жігіттерді шырылдауық шегірткеге теңегені есімізде. Тойдан-тойға барып, секіріп билеп, фонограммамен аузын жыбырлатып, бір түнде бірнеше мың доллар табатын «жұлдыздарды» еңбекпен нан табуға шақырғандай. Намыстарына тигендей болғанымен, сөзінің жаны бар. Түсінген кісіге Ахметбектің айтқаны жанашырлықтан туған теңеу.

Індеттің жақсысы жоқ қой. Бірақ осы жолғысы өнерде жүрген қыз-жігіттерді тәтті ұйқысынан шошытып оятып, аспандағы жұлдыз кейіптерінен жерге түсіргендей. Көбі тәубесіне келді, үнемшілікті үйренді деп жүр. Үнемі той бола бермейтінін, фонограмманың азық болмайтынын ұғынған шығар? Сөзімізге дәлел келтірейік. Кейбір әнші-әртістер қоражай салып, мал бағып кетіпті. «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан астындағы темір тұлпарын жылқыға айырбастаған. Қазір Алматының шетінде бие байлап, қымыз сатып отыр. Өмірқұл Айнияз да Алатаудың етегінен кең қоныс алып, мал ұстауға кірісіпті. «Өмір» деген студиям бар еді, енді «Өмір» шаруа қожалығын ашып жатырмын» дейді. Кеше ғана инстаграмда Әділ Сламхан да үлкен қора салып жатқанын жариялады. Қарап тұрсаңыз, күні кеше ғана сахнаның гүлі болып жүрген «жұлдыздар», енді мал бағудан бәсекеге түскендей. Дәстүрлі әнші Қазбек Әдікеев алажаздай әлеуметтік желіде Жаңаарқаның қымызын сатты. Енді Түркияда өндірілген ешкінің майын жарнамалап жатқанын көріп, қуанып қалдық.Ал Алтынай Жорабаева былтырдан бері әлеуметтік желі арқылы әртүрлі ұтыс-ойын ойнатып жүр. Механизмін түсінбеген соң, одан қалай ақша табатынын айта алмаймыз. Әнші кейде инстаграмда түрлі өнімді жарнамалап жатады. Парақшасында 3 млн «оқырманы» бар адамның жарнамасы тегін болмайтыны енді түсінікті. Бұл да кәсіп. Алайда атағын малданып алаяқтық іске шатылып жатқандары да жоқ емес…
Біз ешкімді кемсітіп, мұқатып отырған жоқпыз. Қайта ел алдында жүрген өнерпаздардың еңбекпен нан тапқанын көпке үлгі етіп отырмыз. Сол үшін бірнеше адамға ғана тоқталдық. Әйтпесе, бұрын халықтың қазынасы саналған тойдан тиын тапқандардың бәрі осы күні бір-бір кәсіптің құлағын ұстай бастапты. Қайсыбірін айтайық, әркім бейіміне қарай табан ет, маңдай терімен ақша табуды үйрене бастағанына біз де қуандық!

Әлеуметтік желінің бір кемшілігі – әлгі «жұлдыздар» ішкен-жегенін, сатып алған киімін, қыдырған жеріне дейін салып отырады екен. Онысы кімге керек дейсіз ғой? Сөйтсек, оның да қажеті бар екен. «Оқырман» тарту үшін басқа несін көрсетеді? Біреудің ішкен-жегенін тамашалап отыратындарды оқырман деген әдемі сөзбен әрлеуге аузымыз бармады. Сондықтан «Оқырманды» тырнақшамен қамап тастауға мәжбүр болдық.

Бұрын әншілер сахнада ән айтуды өнер деп түсінетін. Енді олар еңбекпен нан табудың да үлкен өнер екенін ұғынған шығар?

Жарас КЕМЕЛЖАН

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген