Бүгінде белгілі бір кәсіппен айналысып, ел дамуына күш салып жүрген жандарды көргенде іштей риза боласың. Солардың ішінде шағын және орта кәсіпте шаруасын дөңгелентіп, ерекше қырынан танылып жүрген қыз-келіншектер де бар.
Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен кәсіп ашып, оны одан әрі ұршықша үйіріп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, қандай да бір істі бастағанда кедергілер мен қиындықтарға тап болатының рас. Сондықтан оған да ептілік, үлкен сабырлылық пен білім-біліктілік қажет. Сонда ғана ойға алғандарды жүзеге асырып, мақсат-армандарға жетуге жол ашылады. Қазір облыста көптеген кәсіпкер мемлекет қолдауының арқасында істерін кеңейтіп, жұмыстарын жандандыруда. Осындай қолдауды тиімді пайдаланып отырғандардың бірі Бақанас ауылының тұрғыны Айзат Абдраева.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Береке Несіпбаев биыл оның «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының көмегі арқылы бір миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізгенін айтты. Енді ол сол қаражатқа жүн түтетін жаңа құрылғы сатып алып, кәсібін одан әрі өрістетпек ниетте. Өз ісінің шебері атанып, кәсіпті нәсіп еткен келіншектің бизнеспен шұғылданғанына сегіз жылдай уақыт болған. Айзат үй ауласынан шағын тігін цехын ашқан. Цехты өз қаражаты есебінен салыпты. Онда қазір терезе перделер мен көрпе-жастықтар және киім-кешектер пішіліп, тігіледі. Ұлттық нақыштағы киімдер де бар. Көз жауын алатын түрлі түсті құрақша көрпешелер де сол жерден табылады.
«Құрақты өзім құраймын», дейді Айзат. Ал көрпе негізінен қой жүнінен жасалады. Ескі көрпелердің мақтасы қайта өңделіп, жаңа өнім етіп шығарылады. Дайын бұйымдарға көбіне ауыл тұрғындары тапсырыс береді.
Кәсіпкер келіншектің негізгі мамандығы есепші. Бұған дейін аталмыш сала бойынша әртүрлі мекемеде қызмет істеп, кейіннен отбасылық жағдайға байланысты тігін ісімен айналысуды қолға алыпты.
Жалпы, кәсіпкердің бұл іске деген қызығушылығы бала жасынан қалыптасқан. Тігін тігудің қыр-сырын негізінен анасының әпкесінен үйреніпті. Ол кісі тігіншіліктің шебері болған көрінеді. Өзі де ізденіп, тігін өнеріне арналған кітаптар оқып, білімін жетілдіріп отырған. Аталған саланың сырын терең меңгеру үшін Алматы қаласына барып, тегін жұмыс та істепті. Әкесі Есімхан Абдрайұлы математик, анасы Сайлаукүл Абаева медбике қызметін атқарыпты. Әкесі де қолөнер шебері, темірден түрлі бұйым жасап, ұсталық кәсіппен айналысқан.
Қажет Андас, Алматы облысы