Бұрын екінің бірі кәсіп ашуға тәуекел ете бермейтін. Өйткені, тұрғындардың көпшілігі кәсіпкерлікпен айналысуға қомақты қаржы керек дегенді алға тартатын. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар санаға сіңген осы бір қағиданы бұзып, халықтың түсінігіне сілкініс әкелді. Қазір жағдай мүлдем өзгерген. Ниет болса, мемлекеттен қолдау түрлері де көп. Сондықтан болар осы күні ел ішінде жеке бизнесін ашып, берекелі іспен айналысуға бел буған отандастарымыздың қатары қалың. Ал ниеттілердің нөпірі әлі де толастар емес.
Осы орайда талай жанның асқақ арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған бұл жоба соңғы алты жылда халықты кәсіпкерлік дағдыларына баулып, бизнеске деген қызығушылығын оятты. Азаматтардың бизнес-жобаларын сүйемелдеп, барынша қолдау көрсетті. Бұдан бөлек, бизнес-жоспарларды әзірлеуге көмек көрсетеді әрі кеңес беру тетігі де қаралған. Осы орайда Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламаны ұтымды пайдаланған тұрғындардың кәсібі жайлы айтып өтпекпіз.
Жеңіс Мырзабаев «Бастау Бизнес» жобасы арқылы бизнес әліппесін меңгеріп, мемлекеттен 400 АЕК көлемінде грант алған. Бүгінде кәсіпкер өзі армандаған көлік жөндейтін бекет ашып, жүргізушілерге қызметін ұсынып отыр.
–Соңғы жылдары кәсіп бастап, көлік жөндейтін бекет ашуды көздеп жүрдім. Алдымен қаржылай көмек қажет болды. Жаңадан кәсіп бастаушыларды мемлекет қолдайтыны жайлы ақпаратқа көзім түсті. Жұмыспен қамту орталығынан кеңес алып, тиісті құжаттарымды тапсырдым. Ары қарай, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында білімімді жетілдірдім. «Бастау Бизнес» жобасының конкурсында өз бизнесімді сәтті қорғап, грантты ұтып алдым. Ол қаржыға керекті құрал-жабдықтарды сатып алдым, — дейді кәсіпкер.
Ж.Мырзабаев мұнымен шектелмей, алдағы уақытта бекетті кеңейтіп, жастарды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Шымкент қаласында мемлекеттік грант алып, кәсібін өрлеткен жандардың қатары күн санап артып келеді. Айталық, 2021 жылы жалпы 784 адам мемлекеттік грант иегері атанса, биыл 1 150 тұрғынға грант беру жоспарланған. Осы жылдың бірінші кезеңде (сәуір айында) 226 адамға грант тағайындалып, олар қазіргі таңда кәсіптерін бастап та кетті. Ал, екінші кезеңнің онлайн құжат қабылдау барысында 600-ден астам өтінім келген.
Тоқтар Жақаш