jasqazaq.kz

Еңбегімен еңселі

22 қараша 2017, 11:10

 

Биыл Алматы облысында кәсіпкерлікті қолдауға өткен жылға қарағанда, қомақты қаражат бөлініпті. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 157 жоба іске асып, өңір кәсіпкерлерін ынталандыру жақсы жолға қойылған.  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері шағын және орта бизнес субъектілеріне 26,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Соның несібесін көрген омарташылар туралы сөз етпекшіміз.

Балдың  тәтті  екенін,  денсаулыққа  мол  пайдасы  барын  әркім-ақ  біледі. Алайда  базар  сөрелерінде сатылатын  балға  көпшілік  күдікпен  қарайтыны да  күнделікті  көрініс. Өйткені  бұл  тағамның өндірілуі  мен  тұтынушыға  ұсынылуында  қарапайым  халық  үшін  күдік пен  көмескілік  көп. Бір  сөзбен  айтқанда, жасанды  бал мен  нағыз  таза  ара  балын  ажырату қиын. Бұған  жетісулық омарташылардың тәжірибелері жеткілікті. Балдың қасиеті көп. Өйткені адам денсаулығы үшін пайдасы мол дәруменге бай тағам және таптырмайтын дәрі-дәрмек. Құрамында өзге тағамда кездесе бермейтін ақуыз бен май, энзим және табиғи антибиотик көп кездеседі. Уы – биогендік стимулятор ретінде қолданылып, ағзаны нығайтады, иммундық жүйені күшейтеді. Сондықтан болар, халық оны көбіне ем ретінде қолданады. Ара да өте еңбекқор жәндік. Оның тіршілігі де қызық. Бал арасының бір аналығының қарамағында неше жүзге жуық ара тіршілік етіп, бір отбасын құрайды. Олар шамамен он шақырымнан аса жерді аралап, мыңдаған гүлге ұшып-қонып бал жинайды. Алысқа ұшса да күнге қарап өз ұясын дәл табады. Сондықтан, бұл істі қызығымен бірге қиындығы қоса жүретін сала деуге болады. Десек те, өңірдегі бал ара шаруашылығымен айналысатындардың бастан өткерер қиындығы да көп.

Бүгінде Кербұлақ ауданының Шұбар ауылдық округіне қарасты Аралтөбе ауылындағы жиырмаға жуық адам омарташылықпен айналысады. Содан түскен табыс арқылы отбасыларын асырап отыр. Ара өсіріп, бал жинаумен айналысу – ауыл шаруашылығының бір саласы. Жетісу өңірінің табиғи-климаттық жағдайы және гүлді өсімдіктер түрінің көптігі омарта шаруашылығын дамытуға қолайлы. Осындай керемет табиғат берген мол сыйды тиімді пайдаланып, бірнеше жылдан бері омарташылық кәсіппен айналысып келе жатқан Марат Ізжанов бал арасының тіршілігімен таныстыра отырып, балдың пайдасы жайлы айтып берді.

– Омарташылықпен айналысу оңай емес. Балы тәтті болса да, бейнеті ащы. Былтыр отыз бес ұя бар еді, өткен қыстың қатал болуына байланысты жәндіктер қырылып, тоғыз ұя ғана қалды. Соны биыл қайтадан қалпына келтіріп, ұяшықты жиырма беске жеткіздім. Бір ұядан он келі бал алуға болады.  Бұл шаруаны ата кәсібіміз десек болады. Өйткені менің шешем осы салада қырық жыл бойы жұмыс істеді. Бауырым да жиырма жылға жуық уақыт ара өсіріп, бал жинаумен айналысты. Мен де оған қызығушылық танытып, істің қыр-сырын терең меңгере бастадым. Омарташылықпен шұғылданып келе жатқаныма жиырма жылдан асыпты. Содан бері тынымсыз еңбектеніп, бір талай тәжірибе жинадым. Бал жинау жалғыз адамға қиын. Сондықтан маған көбіне балам көмектеседі. Оған да бар білгенімді үйретудемін ,– дейді омарташы Марат Ізжанов.

Бал  арасын  баптау  жәркенттік Виктордың да ата  кәсібі. Оның  әкесі  Александр  Синицин  1971  жылға  дейін  осы  кәсіппен  шұғылданыпты. Виктор  әскер  қатарынан  оралысымен,  әулетінің  дәулетіне  айналған  кәсібін  әкесі  баласына  табыстаған. Содан  бері  Көктал  кентінде  тұратын  Виктор Алексендр  баласы  «Орташа  орыс  арасының  Жоңғар  селекциясы»  деп  аталатын  тұқымын  тінін  үзбей  бағып, жерлестеріне  балын  саудалап келеді. Алғашқы  кезеңде  Виктордың  меншігінде  15-20  ара  үйірі  болды. Қазір оның ара  омартасының  саны  елуден  асты.

Кеңес  кезеңінде мұндай  жекеменшік  кәсіп  жасап,  өндірген  өніміңді  саудалау мемлекет  заңына  қайшы  қарекет  болып  табылатын. Сондықтан  Синициндер  әулеті бал  арасын  өсіргені  үшін, жергілікті  билік  тарапынан талай  құқай  да  көрді. Сол  тұста бал  қадірін  бағалаған  өңірдегі  «Қазанның  40  жылдығы»  агроқауымдастығы  басқармасының  төрағасы,  екі  мәрте  Еңбек  Ері Николай  Головацкий Викторды  қанатының  астына  алып, өз  шаруашылығының құрамында бал  арасын  өсіруге ұсыныс  жасаған  болатын. Іс  тәп-тәуір  басталған  сәтте  Виктор  Синицин  жоғары  қан  қысымынан ауыр  зардап  шегіп, сырқатқа  ұшырады. Шаруашылықтан  кетсе  де  ата  кәсібін  жалғастырып, бал  арасын  баптауын  тоқтатқан  жоқ.

Бал  беретін  орыс  арасының  елімізде  қолда  өсіріп, жерсіндірілгеніне  300 жылға  жуық  уақыт  болыпты. Содан  бері  олардың  әр  аймақта жергілікті  тұқымдары  жетіліп, бабына  қарай, өсіп  өрістеген  екен. Жерсінген  бал  аралары  жұтаң  жайылымнан  да шырын  жинап, иесіне  береке  береді.

Бал  арасы  үшін  Жаркент  жерінде  жайлы  жайылым  аз. Сондықтан  жыл  сайын  мамыр  айында  Виктор  ара  омарталарын Іле  өзенінің  жағалауындағы  Жиделі, Құндызды  сияқты  жасыл  шалғыны  мол  аймақтарға  көшіріп  апарады. Бір  айдан  соң  малшылармен  бірге  Арқас  тауының  баурайындағы жайлауға  көшеді,  күзде  қайтадан  Іле  өзенінің  жағалауына  бет  бұрады.

– Бал  арасы  маусым  айында  жетіліп,  бал  бере  бастайды, содан  тамызға  дейін,  жайылым  мен  ауа  райы  қолайлы  болса,  қыркүйектің  аяғына  дейін омарта  ортаймайды, –  дейді  Виктор. – Ауа  райының  қолайына  қарай бал  беретін  араның өмірі  28-30 күн, аналық  аралар 4-5  жыл  тіршілік  етеді. Алайда  аурудан  ада  аналық  араның  9  жыл  тіршілік  еткені  жайлы  ғылыми  негіздеме  бар. Аналық  араны  омарталас  үйірі азықтандырады. Әр  омартаның  арнайы  күзетші  аралары  болады.

Айта кетейік, елімізде өсімдіктің бес мыңнан аса түрі бар. Ал соның тоқсан пайыздан жоғарысы тозаңдандырғыш жәндік арқылы өсіп-өнеді, көбейеді. Тағы бір көңіл бөлетін ерекше жайт, ауыл шаруашылығындағы өсімдіктер көбіне бір-бірімен тығыз орналасып өседі. Сондықтан, оларды жергілікті жәндіктер өз деңгейінде тозаңдандырып үлгермейді. Соның салдарынан алынатын өнім көлемі төмендеп, азаяды. Жақсы өнім алу үшін алдымен сол жерлерде тозаңдандыратын жәндіктер болуы тиіс. Ал дамыған мемлекеттерде мұндайға айрықша мән беріледі.

Мәселен, таза өсімдіктерді тозаңдандыруда алдымен тиісті жерлерге омарта орналастырылып, бал алу жағы екінші орынға қойылады. Осы жұмыс үшін қажетті мөлшерде ақы төленеді. Ал біздің елде тың жерлерді жаппай игеру, өсімдік қорғау үшін химиялық препарат қолдану және дала өртінің жиі орын алуы сияқты жағдайлар табиғи тозаңдандырғыштар (жабайы ара, қоңыз, көбелек, тағы басқа) санының төмендеуіне әкеп соқтырды. Тіпті кейбір жерде мүлде жоғалып кетті десе болады. Сол себепті қазір табиғи өсімдік түрін қалпына келтіруде бал арасының көмегі қажет-ақ. Омартасыз экологиялық тепе-теңдікті сақтау қиын.

Ауыл  шаруашылығында  бал  араларын  өсіру  үлкен  кіріс  көзі, сұранысқа  ие  өндіріс  көзі. Алайда қазір бал  арасын  баптау  саласында  шешімін  таппаған  көптеген  мәселе  бар. Біріншіден, бұл  саланы жетекке  алатын  арнайы  мемлекеттік орын, медициналық қызмет  жоқ. Екіншіден, 2002  жылғы  12  наурыздағы  заңға  сәйкес  араға  қажет  дәрі-дәрмек  жергілікті  бюджеттен  бөлінген  қаржыға  берілуі  тиіс. Алайда іс  жүзінде бал  арасын  өсірушілерге ондай  жеңілдіктер  көрсетілмейді. Яғни  арнайы  заң  бар,  бірақ  ол  жұмыс  жасамайды.

Сол  сияқты  кәсіпқой  омарташыларға  мемлекет  тарапынан  жеңілдетілген  несие  де  қарастырылмаған. Осындай  келеңсіздіктер  салдарынан  өңірлерде  таза  балға  қант  араластырып, тұтынушыларды  алдайтын  саудагерлер  саны  көбейген. Әр  бес  жыл  сайын  аналық  араларды  жасартып  отыру  шарт. Осының  бәрі  табиғи  таза  өнімнің  өркендеуіне және табысты  саланың  тамыр  жаюына  тұсау  салып  отыр. Оның үстіне бүгінде жергілікті  саудагерлер  таза  балға қант  араластырып, жалған  балдан  еселеп  табыс  тауып  жүрген көрінеді. Бұл  келеңсіздіктерін  Виктор Синицин алаяқ саудагерлердің талай  мәрте бетіне  басқан. Алайда  арнайы  сарапшылар  жоқ  болғандықтан,  жалған  бал  саудалаушылардың асығы  алшысынан  түсіп  жүр. Мұндай  жалған  балды  ұзақмерзім  азық  ретінде  пайдаланудың  соңы  ісік  ауруына  әкелетінін  ойласақ, бал  арасына  байланысты  аталған  проблемеларды  жедел  шешпей, жағдай  түзеле  қоймас.

Қажет Андас

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті