jasqazaq.kz

Ең арзан қала — ең қымбат баға

18 желтоқсан 2020, 11:46

Шымкентте сенбі-жексенбіде базар атаулы жабық. Сондықтан аптаның соңғы жұмыс күнінде бүкіл керек-жарағыңды алып қалуға тырысасың. Біз де жұма күні Шымқаладағы ең арзан саналатын Қырғы базарға бет алдық. Қалаға келген кезде міндетті түрде кіріп шығатын шаһардың көрікті жерінің бірі – шығыс базары Qyrgy Bazar дер едік. Еш жерге ұқсамайтын өзіндік қайнаған ырғағы бар.

Бір кездері «Көл» базары деп аталатын. Сыртындағы жайма базардағы заттар ішкі жағынан сәл арзандау сатылады. Қараша халық әдеттегідей сол жайманы жағалап жүр. Онда киім-кешектен бастап жаңа піскен жеміс, көкөніс, сүт және ет өнімін арзан бағаға алуға болады. Қос өкпеден қысқан қымбатшылық, ауыздықтауға көнбейтін
баға – базаршы қауымның басты сылтауы.

Қара базардың кіреберісінде бір күзетші келушілердің бетперде киген-кимегенін қадағалап тұр. Бетпердесі жоқтар ішке кіре алмайды. Мен ішке еніп, ас атасы – наннан бастайын деп, күлімдеген жайдары жүзді келіншектің жанына келдім. Нанның ең арзаны – 80 теңге, ең қымбат пәтір нан – 300 теңге. Кей жерде 90-100 теңгеден де сатылып жатыр. Ал керек болса!

Қазақ ет жемесек, отыра алмаймыз ғой. «Ет аласыз ба, жас малдың еті, келіңіз» деп бір жігіт ағасы шақырады.

– Сиыр етінің бір келісі – 1900-2000 теңге, жентектелген ет – 2200-2250 теңге, жылқы еті – 2400-2500 теңге, қазы – 3000 теңге, жая – 3000 теңге, қарта – 1000 теңге. Қой еті – 2000 теңге, құйрық

– 2300 теңге. Бауыр – 700 теңге, бас – 1000-1500 теңге,– деп зуылдап тұр.

– Не деген қымбат?! Бұдан бұрын 1850 теңгеден алып жүр едік қой.
Қойдың құйрығы еттен де қымбат қой, – деп бұрылып кеттім.

Қарашаның басында алған соғым таусылып қалған. Соғым соятын кісі «бір апта күте тұрыңдар!» деген соң, төрт-бес келі ала салайын дедім. Жылқы бағып, етін сататын Тіллә әкә ынсапшыл жан. Келісін 1950-2000 теңгеден береді. Базардағы баға сұмдық ғой. «Қой, одан да құс еті арзанырақ шығар» деп тауық етін сатып тұрған саудагерге таядым.

– Тауық еті 600-650 теңгеден, – деді ол асығыстау.

Мұның да бағасы көтеріліпті. Алдында ғана 500-550 теңге еді. Сонымен соғым сойылғанша деп тауықтың етін ала салдым. Үйде бір таусылса, азық-түліктің бәрінің түбі көрініп қалатыны бар емес пе? Күнбағыс майын сатып тұрған бойжеткенге бұрылдым.

– «Шедевр», «Маслозавод» – 3300 теңге, – дегенде көзім атыздай болсын. Күздің басында ғана 2500 теңге болатын. Былтыр 1500-1800-ден алатынбыз. Амал жоқ, біреуін алдым. Май сатып тұрған майысқақ қыз «Келесі айда бұдан да қымбаттайды. Тіпті 5000 теңгеге дейін өсуі мүмкін», – деп сызылтты. Оны естіген соң көзді тарс жұмдым да, екеуін бір-ақ алдым.

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Әлгі күнде жейтін жұмыртқа 45 теңге болып кетіпті. Ең арзаны – 33 теңге. Әлеуметтік маңызы бар тағамның қымбаттауы біз сияқтыларға оңай тимей тұр. Оңтүстікте «Шымкент құс» пен «Тассай құс» сияқты жұмыртқа өндіретін серіктестік бар. Өзімізден шығып жатыр. Бірақ сонда да бағасы удай. Бәлкім, қанаттылар арасында дендеген індет себеп болған шығар деп топшыладық. Бірақ мәселе олай болмай шықты. Шымкент қалалық мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің бас маманы Бейсенбай Асқарұлы құс тұмауының әлеуметтік тағам құнына әсер етпейтінін алға тартты. «Шымкент құс» ЖШС-нің құрылтайшысы Әбілқасым Досболов та бұл жағдайдың індетпен байланысты емес екенін айтты. Оған бидайдың 80 теңгеден 97 теңгеге өсуі әсер еткен көрінеді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге берілетін субсидия қысқарған.

Көкөніс қатарына келіп, бағаларға көз жүгірттім. Қызанақ – 250 теңге, болгар бұрышы – 400 теңге, өзбектің лимоны – 1000 теңге. Картоп – 110-130 теңге, Павлодардың картобы – 160 теңге. Сәбіз – 160 теңге, пияз – 110 теңге. Бұлар да айтарлықтай қымбаттаған. Картоп пен пиязды былтыр ғана 70-80 теңгеден алатынбыз.

Дәнді-дақылдарға келсек, асбұршақ – 250 теңге, қарақұмық – 500 теңге, күріш – 250-1000 теңге, тары – 750 теңге, талқан – 750 теңге. Дақылдардың бағасы кемінде 200 теңгеден өсіпті.
Ұнның (50 кг) бірінші сорты – 8500 теңге, жоғарғы сорт – 9000-10 000 теңге аралығында екен. Ұн қымбаттаған соң нанның бағасы өспей қайтсін?!.

Қаладағы ең арзан базардағы баға мынадай болса, басқаларда қалай екен? Осыны ойлап тұрғанымда, «Өзіміз де қымбат бағаға аламыз, үстіне қоспай қайтеміз?!» деп барқырап жатқан ер адамның даусын естіп қалдым. Бұрылып қарасам, әлгіндегі көкөніс сататын жерде бір алыпсатар (делдал), шамасы, тұтынушымен саудаласып жатыр. Негізі екі ортада бағаны өсіретін осы делдал ғой. Қазір қоғамымыздың қай саласында болсын делдал, алыпсатар дегендер қаптап кетті. Орта жастағы екі иығына екі кісі мінгендей алып тұлғалы әлгі делдал ағамызды әңгімеге тарттық.
Сағындық Жүнісов: «Бізде көп нәрсе өзімізде өндірілмейді. Өндірілген күнде де шикізатын шетелден әкелеміз. Тұтынатын заттарымыздың басым бөлігі импорт тауар болғандықтан, ортадағы тасымал, логистика жүйесіне ақша қосылады. Еліміздегі инфляциялық ахуалды тағы қосыңыз. Мысалы, бізде қыста көкөніс егетін жылыжай аз. Сол азының өзінде баға жоғары. Одан гөрі шетелден келетін тауар сәл арзандау. Қазақстан импортқа тәуелді мемлекет болған соң қыс мезгілінде көкөністі көбіне сырттан тасымалдайды. Атап айтқанда, помидор, қияр, жүзім, алманың кейбір түрлері, цитрусты жеміс, ананас, басқа да азық-түлік өнімі сырттан келеді. Сол үшін бізде баға өзгеріп отырады», – деп түсіндірді.

Сағындық аға Шымкенттің базарына Өзбекстан мен Қырғызстаннан көкөніс тасиды екен. Екі елдің бағасында сәл ғана айырмашылық бар. Негізі өзбек ағайындардың тауары арзанырақ.
Алыпсатар ағамыз: «Өзбекстанда жеміс түрлері бізге қарағанда өте арзан. Ол жақтың халқы бізден екі есе көп. Сол үшін ауыл шаруашылығымен айналысады. Жеміс өнімін экспорттаушы мемлекет болып табылады. Қазақстанға, Ресейге жібереді», – дейді. Оның айтуынша, Ташкенттен шыққан бір тауардың бағасына Шымкентте 100 теңге қосылады, Алматының «Алтын орда» базарына жеткенде 200 теңге, Көкбазарға барғанда 500 теңге қосылады екен.

Біз оған: «Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, биыл азық-түлік – 8,3, азық-түлік емес тауар – 4,5, ақылы қызмет бағасы 3 пайызға көтерілді. Сіз осы айтылған мәліметтермен келісесіз бе?» деген сұрақ қойдық. «Қайдағы, тиісті министрлік құрғақ сандар мен жалған мәліметтерді айтудан жалықпайды екен. Қазақстандағы ең арзан қала – Шымкенттің өзінде баға барлық салада 25 пайызға өсті. Әсіресе, азық-түлік. Мен осы Қырғы базарда 1995 жылдан бері делдал болып істеп келе жатырмын. Құй сенерсіз, құй сенбессіз, сол жылдары 1000 теңгеге 1 айға жететін азық-түлік алатынбыз. Ол кезде 1000 теңге табу да оңай емес еді, – деді де делдал ағамыз телефонынан сол жылдары сақталып қалған бір кіріс-шығыс дәптеріндегі бағаны көрсетті. Ол кезде мен бес жасар бүлдіршін екенмін.

Әлгі қойын дәптерде: «Қой еті – 50 теңге, сиыр еті – 40 теңге, сарымай – 150 теңге, картоп – 16 теңге, шекер – 42 теңге» деп жазылған. Сол уақытта базар саудасын қыз-қыз қайнатқан делдал айтқан соң сенбеске амал қалмады.

Базардан қайтқанда

Қырғыдан артынып-тартынып үйге қайтып барамын. Ойша кеткен шығынды есептеп келемін.
Қаңтардан бастап зейнетақы мен жалақы 30 пайызға өсіп еді, тауарлардың бағасы да аспандап шыға келді. Бұрын кей тауар бағасының өсуі маусымдық кезде ғана белең алып, кейіннен қайта қалпына келуші еді. Ал қазір өсу бар да, түсу жоқ. Алқалаған әлеумет әупірімдеп күнін көріп жүр. Тапқан-таянғаны тамақтан артылмайды.

«…Астана жақта мың теңге, Ал Шымкентте жүз теңге.
Тоймайсың, тіпті жесең де, Кәуәптарыңның баршасын…», –

деп бір айтыскер ақын жырға қосқан баға жоқ қазір. Базардағы саудагерді де, делдалды да ақтамаймын. Бірақ соның бәрін қадағалап, ретке келтіруге болатын шығар?

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Шымкент қаласы

20 маусым, 13:08
Түркістан: Бос орындар жәрмеңкесі мен форум өтті
20 маусым, 12:52
Түркістан: Балалар суицидіне түрткі болатын жағымсыз факторларға қарсы күрес жалғасады
20 маусым, 11:59
Түркістан: Жеті жылда тұрғын үй құрылысы үш есе өсті
20 маусым, 11:34
Кибербуллингтің алдын алу – суицидке жол бермеу
19 маусым, 16:05
Түркістан: Жеті жылда индустриалдық аймақтардың жұмысы өрледі
19 маусым, 15:22
Рухани құндылық: «Дәстүрін дәріптеген әз Түркістан» өнер фестивалі өтті
19 маусым, 14:41
Түркістан: Жеті жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 4, трлн теңгеге жетті
18 маусым, 16:26
Шара Әбдірахманова: Бала ештеңе айтпаса да, іштей көмек сұрап тұруы мүмкін
18 маусым, 15:10
Түркістан: Келес ауданында газ тартылып, жол жөнделіп, ауыз сумен қамтылуда