Ақтөбе қаласындағы №2 емхана мейірбикесі ем қабылдауға келген адамның қолындағы ұялы телефонды құжаттарымен ұрып жіберді. Әлеуметтік желі арқылы шу тудырған оқиғадан соң ақ халатты барлық сыйақыдан қағылып, тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласындағы емханалардың бірінде болған оқиға көпшіліктің пікірін екіге бөлді. Бірі дәрігердің жүйкесіне тиіп, телефонын қосқан адамды кінәлі деп айтса, екіншісі ашуға булығып, өз эмоциясын тежей алмаған ақ халаттыны айыптады. Бейнематериалда дәрігер қолындағы құжаттарымен ем қабылдауға барған адамның телефонын ұрғаны, ашумен бір-бірін итергені көрініп тұр. Осы оқиғадан соң емханада қызметтік тексеру жүріп, дәрігер жазаланды. «Қай кезде де ем алушының іс-әрекеті дұрыс. Медбике өз эмоциясына беріліп, қарсы шыққан. Біз қызметтік тексеру жүргізіп, бөлім меңгерушісіне, мейірбикеге ескерту беріп отырмыз. Медбике мен меңгеруші алдағы алты айда жұмысы үшін қосымша сыйақы ала алмайды. Осы салада 19 жыл бойы жұмыс істеген әрі ешқандай ескерту алмаған дәрігерді бірден қызметтен босату мүмкін емес. Бірақ тәртібін қарап отырамыз»,- деді Ақтөбе қалалық №2 емханасының бас дәрігері Қайырбек Тоқтаров. Емханада құрылған комиссия кезінде медбикені жұмыстан шығару туралы да ұсыныс айтылған. Бірақ заң бойынша бұған дейін ескерту алмаған, тәртіптік жазаға тартылмаған маманды бірден қызметінен босатуға болмайды. Айта кетейік, ем қабылдауға келген адамдар дәрігердің қабылдау бөлмесіне отбасымен бірге кіріп кеткен. Бала-шағасымен бөлмеге кірген кезде тәртіптің сақтауын сұрағанымен, олар ескертуге құлақ аспаған. «Емханаға күніне 1-1,5 мың адам келіп, ем қабылдайды. Таяуда ғана тұрғындармен жұмыс істеу, науқастарды қабылдау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Медбике де сол жиында болды. Кейде біздің емхана қызметкерлері, кейде ем қабылдаушылар да қателеседі. Медбике бір-бірін танитынын, бірнеше рет кезексіз қабылдағанын жеткізді. Бұл жолы тараптар келісе алмаған»,- деді Қайырбек Тоқтаров.