Бүгін елорданың Ботаникалық бағында бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қарағай ағаштарын отырғызып, қала экологиясын жақсартуға бағытталған шараға өз үлестерін қосты деп хабарлайды Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осы игілікті іске «Есіл» ауданының әкімі Асылбек Есенбаев пен ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай да қатысты.
«Экологиялық даму және қоршаған ортаны қорғау еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Сондықтан «Жасыл талдар» шарасы барлық азаматтарға жақсы дәстүрге айналуы тиіс», — деп Сәбит Нұрлыбай қатысушылардың барлығына алғысын білдірді.
Өз кезегінде аудан әкімі Асылбек Есенбаев әрбір азаматтың елорда келбетін сақтауға және дамытуға, әр азаматтың осындай экологиялық іс-шараға қатысуының маңызды екенін атап өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты экологиялық мәдениеттің деңгейін арттыру, қалада тазалықты сақтау мәселесіне жұртшылықтың назарын аудару, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды еске салу болып табылады.