Жақында арнайы іскерлік мақсатта Қызылордаға келген «Бір ауыл – бір өнім» жапон халықаралық корпоратив агенттігінің (JICA) жетекшісі Акихиса Харагучи аймақтың омарташыларымен кездесіп, олардың өнімдерімен танысты. Сарапшы Қызылорда облысының Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында омарта шаруашылығымен айналысатын ерлі-зайыптылар Роллан Олинов пен Эльмира Төретаева өндіретін балды ең таза бал бағалады.
Кездесуде сонау жапон елінен келген қонақпен бірге еліміздің Жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Гүлия Жүнісова, департамент маркетологы Әнел Нұғманова, брендинг жөніндегі кеңесші Ермек Дүйсенханов және Кәсіпкерлік палатасының Қызылорда облыстық директоры Пірмұхаммед Сыздық, сондай-ақ палатаның басқа да қызметкерлері бас қосты.
Жергілікті жердегі бірнеше ара шаруашылығын аралап, жұмыс барысымен танысқан қонақтарға әр омарташы өз жұмысының ерекшеліктерін айтып, жай-жапсарымен таныстырған соң, жапондық сарапшы Харагучи арнайы құрылғылардың көмегімен бал өнімдерінің сапасын тексерді.
Еске салсақ, өткен ғасырда Жапонияда басталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы 2021 жылдан бастап біздің Қазақстанда да қолға алынған еді. Бұған дейін Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде жүзеге асқан жоба 2023 жылы Қызылорда облысында ұйымдастырылды. Сол 2023 жылы Эльмира Төретаева ұсынған бал өнімдері конкурсқа қатысқан жиырма екі кәсіпкердің ішінде топ жарып, жүлделі екінші орынды жеңіп алған болатын. Осы аталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы ретінде өткен жылы кәсіпкер Эльмира Өмірзаққызы мемлекеттің 5 миллион теңге грантын жеңіп алды. Осы орайда жоба шеңберінде жеңіп алған грант қаржысына алынған құрал-жабдықтар да жапон сарапшысының қызығушылығын тудырды.
Жапон сарапшысының сырдариялық омарта шаруашылығымен айналысушылардың жұмысымен танысып, өнімдерін бағалауы алдағы уақытта қандай артықшылық береді? Жақын болашақта Эльмира Төретаеваның бал өнімдері Жапонияға және басқа да шет елдерге экспортқа шығатын болды. Ал басқа омарташылардың өз өнімдерінің сапасын арттыру үшін тәжірибе алмасуға мүмкіндігі бар.
Бұл отбасы омарта кәсібін 2017 жылы бастаған. 2019 жылы өңірлік инвестиция орталығының «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы арқылы 1 миллион теңге несие алып, кәсібін кеңейткен. 2020 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында 2 миллион қайтарымсыз грантқа ие болған. Омарта шаруашылығын жолға қойған жолдасына жәрдемші болып қана қоймай, істің көзін тауып, өнімді өткізіп, кәсібін жүйелі түрде жолға қойып отырған Эльмира Өмірзаққызын әңгімеге тарттық.
— Жапон сарапшысының берген бағасы сіздер өндіретін бал өнімдерінің бұдан былайғы уақытта Жапонияда сатылуына мүмкіндік береді екен. Құттықтаймыз! Балды өткізу, сату маркетингі жайында айтып берсеңіз.
– Көп рақмет! Бал өнімдерімен айналысып келе жатқанымызға сегіз жылдай уақыт болды. Қазіргі таңда 100-ге тарта бал арасының отбасы бар. Жақында, өзіңіз айтқандай, бізге халықаралық сарапшы жапон Харагучи арнайы келіп, омартаға барып, балымызды көріп, жұмысымызбен танысып, риза болып кетті. Қазір осымен екінші рет біздің өнімдер Жапонияда сатылымға шығып жатыр. Құдай қаласа, осы үшінші жылы өнімдерімізді өткізіп отырмыз. Қазір жапон тұтынушылары жантақ балымызды күтіп отыр. Балдың дәмін татқаннан кейін арнайы келіп, алып кетеді.
Жалпы алғанда, өнімдерімізді дүкендерге көтерме бағада өткіземіз. Қызылорда қаласында біздің өнімдеріміз сатылатын төрт дүкен бар. Әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланып, өнімдерімізді ұдайы жарнамалап отырамын. Тұрақты тұтынушылармыздан бөлек сұранысқа орай Алматы, Астана қалаларына және Қызылорда облысына қарасты ауыл-аудандарға да жеткізу қызметімен салып жіберіп отырмын.
— Осыдан бірер жыл бұрын берген сұхбатыңызда 4 тонна бал алуға мүмкіндігіміз бар деген екенсіз. Қазіргі қарқын қалай?
– Бал жылына төрт рет тартылады. Маусымда мамыр балын тартып аламыз. Екінші рет жантақтың балын, содан кейін жоңышқа балын аламыз, сосын жаңғақ балын дайындаймыз. Қыркүйекте бал бітеді. Осы төрт мезгілді қосып, жылына 4 тоннадай бал жинаймыз.
— Сіздер үшін осы отбасылық кәсіп қаншалықты маңызды? Қарбаласқа толы бір күніңіз туралы айтып бере аласыз ба?
– Біздің отбасымыз үшін бұл өте маңызды кәсіп деп айтамын. Пайдалы жағы өте көп. Күйеуім екеуміз бірге түрлі іс-шараларға ауылымызда, ауданымызда, облысымызда өтетін барлық көрмелерге, жәрмеңкелерге тұрақты қатысып тұрамыз, ешқайсысынан қалмаймыз. Мақтау, марапатымыздың барлығын осы кәсібіміздің арқасында алып жатырмыз. Өзім мектепте жұмыс істеймін. Бұл – менің қосымша кәсібім. Күйеуім бірыңғай осы омарта кәсібімен айналысады. Ара өз-өзінен бал жинап бермейді ғой. Бұл кәсіпті жұбайымның күш-жігері мен қайратының арқасында жүргізіп отырмыз. Ол балды бізге жеткізіп береді, біз қалған жұмыстарды тындырамыз. Қыздарым арнайы ыдыстарға балды құяды. Мен өнімдеріміздің этикеткасын компьютерден шығарып беремін. Соны балаларым қайшымен қиып, шелектерге жапсырады. Жеткізу қызметі арқылы таратамыз. Қыздарым қасымда, үнемі көмектеседі. Біздің кәсібізде ең жұмыс көп болатын уақыт осы жаз айы.
— Сіздердегі соңғы жаңалықтың бірі крем балын шығарып жатыр екенсіздер. Оқырманымызға осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Былтыр 5 миллион грант жеңіп алдық қой, соның ақшасына түрлі аппараттар сатып алғанбыз. Сол аппараттың ішінде бір аптада крем балын жасап шығаратын арнайы аппарат бар. Осы аппараттың көмегімен қазіргі таңда крем балын шығарып жатырмыз. Дәмі тіл үйіреді. Жан-жақтан үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Жұртқа ұнады. Дәмі де ерекше. Түсі аппақ болады. Күні-түні аппараттың ішінде айналады, сөйтіп алты күнде дайын болады. Сосын жаңғақ балын дайындаймыз. Бірінші тартқан мамыр балына түрлі дәндер салып, арнайы ыдысқа құйып, сатып жатырмыз. Прополистер де сатамыз. Бұл омарта кәсібінде бал ғана емес, өнімнің түр-түрі жасалады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Айжан Жұмабекқызы
Суреттерді ұсынған Эльмира Төретаева