Күллі дүние бұл елді Грекия, халқын гректер деп атайды. Ал тұрғылықты жұрт өзін эллиндер дейді. Жуырда бізге осы Эллада елін көріп қайту бақыты бұйырды.
Өткен жолы жазғанбыз
(«Кеттік… Критке!», Jas qazaq, №22), тағы да еске сала кетейік: Air Astana әуе компаниясы Алматы – Ираклион бағытында жаңа рейс ашты. Енді жаз маусымында (қыркүйекті қосқанда) ешқайда аялдамай, Крит аралына тікелей ұшып бара аласыз. Әуе сапары аптасына
үш рет орындалады.
Жағасын үш теңіздің толқыны шайып жатқан Критте не кереметтің бәрі бар. Мұнда, әсіресе, жағажай демалысы дамыған. Бұл жағынан түріктің мақтаулы туризм бизнесімен бәсекеге түсе алады. Жағажай саны мен тазалығы жағынан Испания және Түркиямен бірге үздік үштікке кіреді. Демалыс орындарын шекесінен шертіп жүріп таңдайсың. Арзаны да, қымбаты да бар.
Бұл жаққа туристер теңізде шомылу үшін ғана келмейді. Сәулет өнерінің ғасырдан ғасырға жеткен ғажап үлгілерін, тарихи ескерткіштер мен ежелгі грек мифологиясында сипатталған орындарды көргісі келеді. Критте бұқа басты Минотавр күзеткен Кносс сарайы, гректер «құдайлардың құдайы» деп құрмет тұтатын Зевстің үңгірі, қойнауына сан ғасырлық шежірені бүккен Спиналонга, сән-салтанат пен байлықтың символына айналған Санторини аралдары, түнгі ойын-сауықтың көрігін қыздыратын Херсониссос қалашығы сияқты тартымды жерлер көп.
Оған гректердің қонақжайлығын қосыңыз. Туризмге арқа сүйейтін елде қызмет көрсету деңгейіне ерекше мән беретіні байқалады. Мұнда мезі қылатын жалпақшешейлік те, жақтырмай осқырыну да атымен жоқ.
Гректер – өте ұстамды халық. Күйгелектікке салынбайды. Шаруаны баппен тындырады. Тамақты да асықпай, шарабын сыздықтатып қойып, әңгіме-дүкен құрып ішеді. Гректер тамақ жағын қатырады. Таңсық теңіз өнімдерімен қоса, қазекеңнің асқазанына жағатын дәмнің де түр-түрі табылады. Кей тәттісі түріктікіне ұқсас. Грек жерінде өсетін және біздің дүкендерде сатылатын зәйтүннің дәмін салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Білетіндер ең жақсы зәйтүн майы Критте деседі. Оның қыздыруға болатын, болмайтын түрлері бар екен. Кез келген сатушы «Мынау шөп-шаламға, мынау тамақ жасауға арналған» деп жалықпай түсіндіріп береді.
Еуропаның өзге елдері сияқты емес, тіл жағынан да қиналмайсың. Ағылшынша аз-маз білсең, соның өзі жетіп жатыр. Орыс тілінде сөйлейтіндер де табылады. Тобымызды алып жүрген жолбастаушылардың бәрі орысшаға судай. Кей мейрамханасында әр тағамның орысша атауы да жазылған.
* * *
Критте аралайтын тарихи орын көп. Жергілікті тұрғындар әзілдеп айтатындай, «әр бұтаны түртіп қалсаң, аңыз атып шығады». Сондықтан бір келгенде бүкіл аралды көріп шығу мүмкін емес. Жата-жастанып, асықпай аралаған дұрыс. Ол үшін барлық жағдай жасалған.
Туризмді дамыту жағын бізге гректерден үйрену керек сияқты. Мәселен, өзіміз көрген Спиналонга аралын алайық. Қай елде де ежелден сақталған тарихи орындар бар. Бірақ бәрінің бірдей атағы жер жарып, әйгілене бермейді.
Қазіргі Спиналонга аралының орнында өсіп-өркендеген Олус қаласы күшті жер сілкінуден кейін судың астына түсіп кеткен. Теңізге батпаған үстіңгі қабаты – бүгінгі Спиналонга. 15-ші ғасырда византиялықтар осы маңда тұз өндірісін жолға қойып, аралда үлкен қамал тұрғызады. 18-ғасырдың басында түріктер Критті басып алған соң, арал солардың қолына өтеді. 1830 жылы тәуелсіздік үшін соғыста гректер жеңіске жеткеннен кейін де түріктер аралдан шықпай қояды. Оларды қуу үшін 1903 жылы бұл жерге алапеспен ауыратындарды алып келеді.
Жолбастаушы Елена әңгіменің майын тамызады. Византиялықтардың қамалды қалай тұрғызғанын, түріктер билеген заманда аралдың гүлденген дәуірді бастан кешіргенін тәптіштеп баяндайды. ХХ ғасырдың басында лепраға шалдыққандардың осы жерге қуылғанын айтқан кезде дауысы дірілдеп кетеді.
– Науқастарды суы жоқ аралға әкелгеніне таң қаламын, – дейді. – Тамақ жетпейтін. Теңіз кірпікшешенін аулап, мына өсіп тұрған кактустың жемісін жеп, жан бағатын.
Сенсацияға құмартқан жұрт Спиналонганың көне шежіресінен гөрі ХХ ғасырдағы лепрозорий туралы көбірек білгісі келеді. Содан да болар, жолсапар жазып жүрген журналист Виктория Хислоптың 2005 жылы «Арал» романы жарық көргенде, Спиналонганы көргісі келетіндердің саны күрт артыпты. Осы шығарманың желісімен түсірілген сериал «отқа май құя түскен». Осылайша арал кітаптың, кітап аралдың атағын шығарды. Соңғы жылдары Спиналонга адам ең көп келетін Кносс сарайынан кейін екінші орында тұр. Жазда күніне 1200-1500 турист келіп кетеді.
Құлазыған арал қазір айналасындағы елді мекендерді асырап отыр. Туристерді жеткізу үшін екі арада шағын катерлер ойқастайды. Дәмнің түр-түрін ұсынатын таверналар бар. Кәдесый сататын сауда орындары жұмыс істеп тұр.
Жұмыр басты пендеге әманда экзотика керек. Санторини де экзотикадан кенде емес. Негізі ол арал емес, теңіздегі жанартау. 1570 жылы жанартау атқылаған кезде жартысын теңіз «жұтып» қойған. Сонда қазір Санторинидің астында жанартау мүлгіп жатыр деген сөз.
Бұл жолғы жолбастаушымыз Татьяна да сөзге ағып тұр. Паромнан түскен бетімізде «Алдымен Ойа, сосын Фираға барамыз!» деді алды-артымызға қаратпай.
«Ия ма, Ойа ма?» деп сұраймыз. «Дұрысы Ойа, бірақ орысшалап Ия деп атап кеткен» деп түсіндіреді (біз де Ия деуді жөн көрдік).
«Мұнда су емес шарап, үй емес шіркеу, еркек емес есек көп» деген әзіл бар. Неге олай дейтінін білесіздер ме?». «Неге?» дейміз жамырап. «Ияны аралап болған соң айтам» деп Татьяна үздіктіріп қойды.
Ия – кішкентай қала. Жартасқа ендете салынып, бір-біріне жалғасқан аппақ үйлер алыстан қарағанда ойыншық сияқты. Қайта-қайта суретке түсіргің келеді. Әрі қалай түсірсең де әдемі шығады.
Автобус Фираға бағыт алғанда манағы сөз еске түсіп, «есек неге көп» деп сұрадық.
«Өйткені қала көшелерінде автокөлік жүре алмайды. Сондықтан ауыр заттарды, құрылыс материалдарын есекпен тасиды», – деп жауап берді Татьяна. Шынында да, екі-үш есекті жолықтырдық, мәшине кездеспеді.
Айтпақшы, Ия қаласында батар күнді қол шапалақтап шығарып салатын дәстүр бар. Батып бара жатқан күннің шапағынан айнала ғажап бір түске енеді дейді. Біз оны көре алмадық. Сағат бестегі паромға үлгеруіміз керек.
Санторинидің астанасы Фираның да көшелері тар. Жолға төселген тасын туристердің табаны жылтыратып тастаған ба, аяғың тайып кете береді. Бұл қалаға жер-жиһанның бай-бақуаттылары келгіш. Голливуд жұлдыздары, шоу-бизнестің серкелері де анда-санда бас сұғып, аралдың мәртебесін асқақтата түседі. Жас жұбайлар некесін қидырып, бал айын өткізеді. Түнемелігі 400-500 еуро тұратын қымбат қонақжай да, қалтаға салмақ түсірмейтін арзан бөлме де табылады. Бір-екі тұсында су таситын мәшинені көзіміз шалды. Кәдімгі «водовоз» аралға ауыз су жеткізеді. Жуынып-шайыну үшін теңіздің суын тұщылайды.
Қайтарда «Маусым айында Санториниде туристер аз, жолдарың болды», – деді Татьяна. Қайдам, тар көшенің кей тұсында сығылысып, өте алмай тұрған сәттер де болды. Адам көбейсе, тіпті иін тіресіп жүретін шығар.
Мінеки, біз көрген қос аралға туристер селдей ағады. Ешкім де «су былғанды, жер былғанды, экологияға зиян» деп байбалам салып жатқан жоқ.
* * *
Ираклион Афина емес. Бірақ мұнда да аттап басқан сайын тарихи ғимараттар алдыңнан шыға береді. Қала іргесіндегі теңіз жағасында ірі айлақ пен орта ғасырларда тұрғызылған Күлес бекінісі бар.
Ираклионда Дедал көшесіне соқпай кетпейсің. Ежелгі грек мифологиясындағы Дедалдың құрметіне қойылған. Аңызды оқырманның есіне сала кетейік. Минос патшаның тұтқынынан қашпақ болып, Дедал балауыз бен қауырсыннан қанат жасайды. Баласы Икар екеуі көкке ұшады. Ұлына теңізге де, күнге де тым жақындамауын өтінеді.
Икар әке ақылын ұмытып, жоғары көтеріле береді. Күнге тым жақындап кеткенде қанатын от шарпып, теңізге құлап мерт болады.
Дедал эллиндер үшін ғылыми-техникалық прогрестің символы. Икар екеуін адамзаттың тұңғыш ұшқыштары деп әспеттейді. Сондай-ақ бұл көше Ираклион тарихымен тығыз байланысты. Алғаш рет адамдар осы араға қоныстанған.
Ал «25 август» көшесінде Венеция лоджиясы орналасқан. Заманында оған қала зиялылары жиналып, экономикалық және саяси мәселелерді шешетін. Өзара шүйіркелесіп, демалып қайтатын. Жергілікті әкімшілік пен әлеуметтік өмірдің орталығы саналып, балконынан мемлекеттік жарлықтар оқылатын. Бертінде лоджия қайта жөнделіп, бастапқы қалпына келтірілген. Қазір онда қала ратушасы (қаланы басқару органы) жайғасқан.
Ираклиондағы тағы бір көрнекті орын – Арыстан алаңы. Мұндағы тіршілік 24 сағат бойы тынбай, қыз-қыз қайнап жатады. Венециялық Морозини субұрқағы да осы алаңда. Ол 17 ғасырда салынған. Ираклионда су болмағандықтан, тұрғындар құдық пен жаңбыр суын місе тұтатын. Қаланы ауыз сумен қамту үшін субұрқақтың құрылысы қолға алынады. Тіршілік нәрі Юхтас тауындағы бұлақтан ұзындығы 15 шақырым акведук арқылы жеткізіледі. 1628 жылы 14 айға созылған құрылыс аяқталып, субұрқақ тұрғындардың игілігіне беріледі.
«25 август» көшесінде бір-біріне жалғасып, теңізге дейін созылып жатқан сауда орындары бар. Зәйтүн майы, бал, киім-кешек, аяқ киім дейсің бе, бәрі осы жерден табылады. Бағасы да қымбат емес.
Қонақжай эллиндер елімен біз қимай қоштастық. Ясу, Крит!
Біз әлі қайтып келеміз.
Гүлнар Ахметова,
Алматы – Ираклион – Алматы