jasqazaq.kz

Елімізде 163 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді — вице-министр

Бүгін, 15:21

Елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту қарқынды жалғасып келеді. Бүгінде жел, күн, су және биогаз электр станцияларының саны артып, олардың жалпы қуаты бірнеше мың мегаваттқа жетті. Бұл бағытта мемлекет тарапынан арнайы заңнамалық қолдау тетіктері мен инвестициялық мүмкіндіктер қарастырылған. Жаңартылатын энергия көздері саласының қазіргі жағдайы, жасыл энергетиканың даму жоспарлары мен жаңа жобалар туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.

– Сұңғат мырза, елімізде жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі жағдайы қандай?

– 2026 жылғы бірінші тоқсанның жағдайы бойынша республикада қуаты 200 кВт-тан жоғары жаңартылатын энергия көздерінің 163 нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың жиынтық белгіленген қуаты 3587,02 мегаватты құрайды.
Атап айтқанда:
· 68 жел электр станциясының қуаты – 1958,95 МВт;
· 49 күн электр станциясының қуаты – 1312,61 МВт;
· 43 су электр станциясының қуаты – 313,685 МВт;
· 3 биогаз электр станциясының қуаты – 1,77 МВт.
Бұл көрсеткіштер елімізде «жасыл» энергетиканың тұрақты түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.

– Жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін қандай механизмдер қарастырылған?

– Елімізде жаңартылатын энергия жобаларын іске асыру үшін бірнеше тиімді тетік бар. «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңға сәйкес, ЖЭК-ті пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірілген электр энергиясын өткізу тәсілін өздері таңдай алады.
Біріншіден, электр энергиясын тіркелген тариф бойынша немесе аукциондық сауда нәтижесінде анықталған баға арқылы бірыңғай сатып алушыға сатуға мүмкіндік бар.
Екіншіден, энергияны тұтынушыларға немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға екіжақты шарттар негізінде өткізуге болады.

– Халық пен шағын бизнес үшін жаңартылатын энергияны пайдалану мүмкіндігі бар ма?

– Әрине. Заңнамада қуаты 200 кВт-қа дейінгі шағын жаңартылатын энергия объектілерін дамыту мәселесі де қарастырылған. Бұл тетік халық пен шағын және орта бизнес арасында «жасыл» энергияны кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергетика саласын дамыту үшін заңнамалық деңгейде бірқатар қолдау шаралары бекітілген.
Олардың ішінде:
электр энергиясын 20 жыл бойы кепілді сатып алу;
аукциондық бағаларды инфляция немесе валюта бағамының өзгерісіне байланысты жыл сайын индекстеу;
электр желілік ұйымдардың қызметі үшін төлемнен босату;
инвестициялық преференциялар беру сияқты тетіктер бар.
Бұл шаралар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

– Алдағы жылдары қандай жаңа жобалар жоспарланып отыр?

– Қаржы-есеп айырысу орталығымен және екіжақты келісімдер негізінде 2031 жылға дейін жиынтық қуаты 3,2 гигаваттан асатын 100-ден астам ЖЭК жобасын іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар 2023–2027 жылдарға арналған аукциондық сауда жоспары бекітілді. Жалпы қуаты 6,7 гигаватты қамтитын бұл жоспар аясында 2025 жылдың желтоқсан айына дейін қуаты 3940 мегаватт болатын аукциондар өткізілді.

– Елімізде халықаралық инвесторлар қатысатын жобалар бар ма?

– Иә, қазіргі уақытта жаңартылатын энергетика саласында бірқатар ірі халықаралық компаниялармен бірлескен жобалар қарастырылып жатыр.
Олардың қатарында Total Eren, Masdar, China Power International Holding, China Energy және Tumar Commerce сияқты стратегиялық инвесторлар бар. Бұл компаниялардың қатысуымен жалпы қуаты 4,8 гигаватты құрайтын ірі жобаларды жүзеге асыру мәселелері пысықталуда.
Электр энергетикасын 2035 жылға дейін дамыту жоспарына сәйкес, елімізде жаңартылатын энергия көздерінің кемінде 8,4 гигаватт қуатын іске қосу жоспарланып отыр.
Бұл шаралар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, негізгі мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай жалпы энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия үлесін 15 пайызға дейін, ал 2050 жылға қарай баламалы энергия көздерін қоса алғанда 50 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 15:21
Елімізде 163 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді - вице-министр
05 наурыз, 16:08
Батыс Қазақстанда су тасқынына қарсы дайындық шаралары күшейтілді
18 ақпан, 13:05
Жаңа Конституция: Ресурстық экономикадан – Интеллектуалдық модельге
13 ақпан, 17:46
Жасанды интеллектіге кәміл сенуге бола ма?
04 ақпан, 14:17
Бала - ерлі-зайыптының кек алу құралы емес
31 қантар, 10:23
Егемендік пен аумақтық тұтастық Конституция жобасында өзгермейтін құндылық ретінде бекітіледі
30 қантар, 18:33
Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның бірінші жобасын дайындады
28 қантар, 15:13
Президент: Қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар
27 қантар, 17:54
"Бензин безгегі» келмеске кетіп барады