Өткен аптада елімізде вейпке және соған арналған иістендіргіш пен сұйықтықты сатуға және таратуға тыйым салатын заң күшіне енді. Аталған құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 19 сәуірде қол қойған болатын. Осылайша, Қазақстан никотинді ағзаға жеткізетін электронды темекіге тыйым салған елдердің қатарына қосылды.
Еске түсірсек, Президент Ұлттық құрылтай жиынында вейптің есірткі секілді зиянды зат екеніне тоқтала келе, «Ұлт денсаулығына қатер төндірген кесір – вейптер мен электронды сигареттердің әр алуан түрі. Өкінішке қарай, оларды тұтыну, әсіресе жасөспірімдер арасында сәнге айналды. Олардың кең қолжетімділігі және оларды «зиянсыз» деп жалған дәріптейтін агрессивті жарнама бұған ықпал етіп отыр» деген болатын.
Ағылшынның «vapor» (булану) сөзінен алынған вейп өндірісі әлемде 2000-жылдары жаппай қарқын алды. Сол кезде қоғамдық орындарда кәдімгі шылымды шегуге рұқсат бермейтін болды. Жаңа темекенің жарнамасын жасаушылар жай шылымның сыртындағы қағаз өртенгенде оның құрамындағы қауіпті әрі канцерогенді шайырдың ағзаға баратынын, ал вейпте мұндай қатерлі заттың жоқ екенін алға тартты. Дегенмен дәрігер-мамандар электронды темекіде никотин болғандықтан, шегетіндер оған тәуелділіктен арылмайтынын, сондай-ақ вейп тартқанда бөлінетін будың құрамында формальдегид, акролеин және ацетон сияқты зиянды қоспалардың бар екенін анықтады. Осыдан кейін Дүнижеүзілік денсаулық сақтау ұйымы вейптен адам ағзасына төнетін қауіп туралы есебін жариялады. Бүгінде 2,5 млрд тұрғыны бар 40 мемлекетте осы электронды темекіге тыйым салынған.
Отандық дәрігерлер де вейптің зиянын айтып, дабыл қақты. Олардың айтуынша, сұйық қоспадан тұратын никотин өкпедегі қан қозғалысына кесірін тигізеді. Депутаттар да бұған үн қосты. Осыдан үш жыл бұрын Мәди Ахметов бастаған мәжілісмендер елімізде вейпке тыйым салу жөнінде бастама көтерді. Олар медициналық және техникалық регламентке сай келмейтін вейптердің елімізге тонналап әкелініп жатқанын айтты. Былтыр Нұргүл Тау осы мәселеге қатысты Мәжілісте атқарушы билікке депутаттық сауал жолдады. Ол қаржы министрлігінің мәліметіне сүйене отырып, соңғы екі жылда ішкі нарықтағы вейп саудасы 300 есе артқанын хабарлады. Ең сорақысы, электронды темекіге әуес балалар мен жасөспірімдер қатары жылдан жылға молайып келеді. Сондай-ақ кейінгі 2,5 жылда елімізге сырттан 2,5 млн дана вейп жеткізілген.
Осы заң күшіне енген соң, еліміздің ішкі істер министрлігі заңсыз электронды темекі саудасы мен оны таратуға байланысты қандай жауапкершілік қарастырылғанын хабарлады. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыровтың айтуынша, вейп, электронды темекі өнімдерінің, хош иістендіргіштер мен сұйықтық заттарды сату және тарату фактілері анықталған жағдайда кінәлілерге 200 АЕК (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыс, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу көзделген.
Талап Тілеген
Сурет: ғаламтор