Жалғасбек жездем бейуақытта қоңырау шалған. Өтініші – шамалы уақытқа қарыз сұрайды. Өзіміз де жалақымен жан бағып отырсақ та, апамызды алып отырған адам болған соң көмектескен ләзім. Бас бармағым мен шылдыр шүмегімнің арасына он мың теңгені қыстырып алып үйіне барсам, апам Ләззат жадыраңқы, күйеуі жарты жыл жалақы алмаған адамға ұқсамайды.
– Жаңа құдағилар келіп кетті. Өздерін риза қылып жібердім. Шай ішіп, жарты күн отырды. Екі жерден қант қойып, екі жерден май қойып, дастарқанды гүл қылып жібердім, – деп күпінеді.
Зайыры ер адамның үйдегі беделі тапқан табысына тікелей байланысты-ау демін. Бұрын ауылда агроном-есепші болып істеген кезінде Жалғасбек жездемді апам «Жәке, біздің Жәкең» дейтін. Қазір түйеден түскендей етіп «әй, Жалғасбек» дейді. Даусы да темірді темірге соққандай шыңылдап шығады.
Иә, қазір жалақының жайы жалғыз жездем Жалғасбектің ғана емес, жалпақ елдің мұңына айналып тұр. Ақмола облысында да солай. Мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстың 201 кәсіпорны мен ұйымын тексеріп келіп жіберсе, 205,6 миллион теңгенің еңбекақы қарызы сопаң етіп шыға келген. Осы күні жұрт та жай жүре ме? Степногорск қаласындағы «Sareko БК» серіктестігінің жұмысшылары мемлекеттік еңбек инспекциясына жалақы уақытылы қолымызға тимеген соң ел қатарлы той тойлап, батаға бара алмай жүрміз деп арыз жазған. Тексеріп келіп жіберсе, кәсіпорын жұмысшыларына 40,2 миллион теңге қарыз. Іле қаһары күшті нұсқама жазылған. Әйтсе де, қаржылық жағынан әбден көтерем болған кәсіпорын еңбекақының 17,9 миллион теңгесін өтегенімен, 22,3 миллион теңгесін төлеуге шамасы жетпеген. Үстіміздегі жылы тексеріс материалдары сотқа жіберілді. Қазір кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатқан. Енді өзіне де, жұмысшыларына да көк тиын пайда жоқ. Дегенмен, «ала қарғада алашағың болсын» дегендей, күндердің бір күнінде еткен еңбектің, төккен тердің өтеуі қайтады-ау деген өлмеші үміттері үзілген жоқ. Жалғыз бұл емес, Зеренді ауданындағы «Көкшетау авиа компаниясы» акционерлік қоғамының еңбекақыға берешегі 29,7 миллион теңгеге жеткен. Бұл кәсіпорынның 152 жұмысшысына төленетін қарызы. Берешекке белшесінен батқандардың арасында Көкшетау қаласындағы «Көкшетаугорсельпроект жобалау институты» серіктестігі мен «Атбасар ХПП» серіктестігі қара үзіп тұр. Еңбек кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 72 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ендігі бір мәселе – банкрот болған кәсіпорындардың жалақы қарызы. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері 17 кәсіпорын банкрот деп танылған. Олардың ішінде «Газдиев Б.М.» жекеменшік кәсіпорны мен «Тренд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана еңбекақы қарызын өтеген. Өзге 15 кәсіпорынның жалақы қарызы 382,5 миллион теңгені құрайды. Оның 227,8 миллион теңгесі Степногорск қаласындағы «Сага Грик Голд Компани» бірлескен кәсіпорнының мойнында. Бурабай ауданының банкрот болған кәсіпорындары да еңбекақы қарызын өтей алмай, берешекке белшесінен батып отыр. Аудан бойынша үш кәсіпорынның жалақы қарызы 42,8 миллион теңгеге жеткен.
Мұндай келеңсіз көрініс қазір көп. Өте көп. Ал менің Жалғасбек жездем алты айға тиесілі үш жүз мың теңгесін уайымдап жүр. Тезірек қолына тисе екен деп қоямын. Өйткені, менен де қарыз алды ғой.
Дүйсенбек Баймұсынов,
Ақмола облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы:
«Жыл басынан бері Ақмола облысында дағдарысқа қарсы штабтың екі отырысы өткізіліп, үш кәсіпорынның басшысы тыңдалды. Облыстық үшжақты комиссияда еңбекақы берешегі бар үш кәсіпорынның мәселесі қаралды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы еңбекақы төлемеу бойынша заңбұзушылыққа тосқауыл қою үшін шара қолданатын болады»
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы