jasqazaq.kz

Экс-судьяның ақталып шығуы жәбірленушілердің ашуын туғызды

21 қазан 2017, 10:18

Атышулы экс-судья Өмірзақ Серімовтің ісіне нүкте қойылды. Әділ шешім шығармай, бір адамды өзін өртеуге итермеледі деген айыппен басы шатылған судья бүгінгі сотта ақталып шықты. Соттың шешімі марқұм Светлана Тұрғанбаеваның балаларының ашуын тудырды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Ақырғы үкім айтылар сот отырысындағы көптің көңілі күпті болды. Осыған дейін прокурорлар Серімовті 4 жарым жылға қамауды сұрағанда, Тұрғанбаеваның балалары ондай жазаның жеңіл екенін айтып байбалам салған. Енді, оның өзіне зар болып қалды.

Өмірзақ Серімовтің ісі том-том кітапқа арқау болатындай-ақ. Шешімді оқуға шыққан судья, алыстан орағытып даулы істің арғы тарихынан бастап түгендеді. Қолдағы бір бума қағазды 40 минут оқып біткенше өзінің де жағы талды. Сот залындағы шешімді тік тұрып тыңдауы тиіс қатысушылардың кейбірі, тіптен шаршағаннан отыра кетті. Сөздің тоқ етері, істі жүргізген судья бұрынғы әріптесі Өмірзақ Серімовтің еш кінәсі жоқ деген тоқтамға келді.

Светлана Тұрғанбаеваның өз-өзін өртеуіне Серімовтің тікелей де, жанама да әсері болмаған. Бұл істе нақты дәлелдің жоғын да дәйек етті. Ал, әділетсіз шешім шығарғаннан анасынан айырылған балалардың арызы, таққан айыбы Серімовке кінә жүктеуге жүк болмапты-мыс. Сүттен ақ, судан таза шыққанына Серімов қара қылды қақ жарған судьяның шешімі дұрыс, о бастан кінәм жоқ еді дейді.

Өмірзақ Серімов:

-Менің кінәм жоқ. Менің ешбір кінәм жоқ еді. Басынан айтып келе жатырмын кінәмнің жоқтығын. Бірінші Аллаға рахмет, екінші әділ сотқа рахмет! Шындық бар екен. 4159 Сіз марқұмның туған туыстарының алдында өзіңізді кінәлі сезінбейсіз бе? Мен ешбір мәселеге бүгін жауап бере алмаймын.

Ботадай боздап, аналарынан айырылып аңырап қалған балалардың тамағын өксік қысты. Анасының өліміне кінәлі деп санайтын судьяның жазасыз қалғаны жандарына батады. Бес жыл бойы әділдік іздеп, қанша соттың табалдырығын тоздырды. Енді келіп кезекті рет таулары шағылды. Қарға қарғаның көзін шұқымайдының кері келгеніне күйінеді.

Айнұр Омарбаева С.Тұрғанбаеваның қызы:

— Енді осындай таза болып шыққанын ешкім ойлаған жоқ. Енді әке шешемді ешкім қайтара алмайды маған. … Сот әділетті деп айта алмаймын.

«Әділетсіз судья халық пен президенттің жауы!» Жәбірленушілер осындай ұран жазылған плакатты дәл соттың алдында көтерді. Айыптыны байыпқа бармай ақтау-нағыз сорақылық дейді олар.

Бес жыл бойына сергелдеңге салған Серімов ісіне осылайша нүкте қойылды. Айта кетейік, Өмірзақ Серімов бір іске екі түрлі шешім шығарып, оның кесірі таласқа түскен үйді сатып алған өзге отбасына тиді. Олар үйден қуылып, ақыры отанасы Светлана Тұрғанбаева сот орындаушыларының көзінше өртеніп өлген болатын. Марқұм Светлананың балаларының соттың шешімімен келіскісі жоқ. Енді олар апелляциялық арыз түсірмек.

26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс