
Бүгін Экономика үйінде «Қазақстанның экономикалық саясатының жаңа басымдықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара жетекші ғалымдар мен сарапшыларды біріктіріп, Конституциялық реформаны іске асырудың практикалық тетіктері және оның ел экономикасының дамуына ықпалы талқыланды. Қатысушылар конституциялық өзгерістер институционалдық жаңғыру мен экономиканың инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызды қозғаушы күшіне айнала алатынын атап өтті.
Кездесуді экономика ғылымдарының кандидаты, Экономикалық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері әрі Ғылыми кеңес мүшесі Азамат Нұрсейітов жүргізді.
Ол жиынды ашу барысында «Экономикалық саясат жаңа институционалдық басқару моделіне бейімделіп, ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз етуі тиіс» екенін тілге тиек етті.
Институт Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Нығметов мұндай кездесулер мен сарапшылардың пікір алмасуы жүйелі реформалар кезеңінде мемлекеттік саясат үшін маңызды екенін айтты.
Экономика ғылымдарының докторы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіндегі Экономика институтының бас директоры Еркін Садықов экономикалық саясаттың жаңа басымдықтарына талдау жасап, өнеркәсіпті дамыту, өңдеуші секторға инвестиция тарту, бюджеттік саясат тиімділігін арттыру және инновациялық белсенділікті күшейту стратегиялық міндеттердің қатарында екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа конституциялық заң мемлекетті басқарудың нәтижелі болуы мен қабылданатын экономикалық шешімдердің ашықтығына қойылатын талаптарды күшейтеді.
Экономика ғылымдарының докторы Сара Алпысбаева Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді макроэкономикалық үрдістерін және оларды өңірлер бойынша таныстырды. Ол кейінгі 12 жыл ішінде ел экономикасы тұрақты өсім көрсеткенін айтты: жалпы ішкі өнім көлемі 236,6 млрд доллардан 291,2 млрд долларға дейін ұлғайды, ал халық саны 18,3%-ға өсіп, 20 миллионнан асты. Еңбек өнімділігі 27,6 мың доллардан 26,9 мың долларға дейін аздап төмендегеніне қарамастан, өңдеуші өнеркәсіп үлесі 10,7%-дан 12,4%-ға дейін артты.
Сарапшы қазіргі макроэкономикалық және демографиялық үдерістер өңірлердің теңгерімді дамуына жол ашатынын айтты. Қазір елдегі үш ірі мегаполис ел ЖІӨ-нің 37,8%-ын қалыптастырып, адами капитал мен іскерлік белсенділік осы жерлерде шоғырланған. Мұндай әлеуетті тиімді пайдалану үшін Экономикалық зерттеулер институтында өңірлердегі өнімділікті болжауға арналған экономикалық-математикалық модель әзірленген. Ол Қазақстанның 20 өңірін қамтиды. Бұл модель өңірлердің салалар бойынша дамуын бағалап, өңірлік саясатты ғылыми негізге ала отырып, шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Саяси ғылымдар докторы, Институттың жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаев Конституциялық реформаның өңірлер дамуына ықпалына талдау жасады. Оның айтуынша, жергілікті билік органдарының өкілеттіктерін кеңейту өңірлердің инвестициялық саясат қалыптастырудағы дербестігін арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға, өз аумағындағы ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар ол мұнай өндіруші өңірлердің ел экономикасына үлесі біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтіп, экономиканы әртараптандыру және жаңа өсу нүктелерін табу мүмкін екенін айтты.
«Конституциялық реформа өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлін күшейтетін институционалдық алғышарт қалыптастырады», — деді ол. Сарапшы сондай-ақ жекелеген аумақтар мен «жедел дамитын қалалар» үшін арнайы құқықтық режимдер енгізу инвестиция тартуға, жаңа индустриялық аймақтарды дамытуға және озық өсім орталықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Институттың Сараптама орталығының өкілдері Айдана Байқанова мен Алёна Шевцова мемлекеттік қызметтің экономикадағы рөліне талдау жасады.
«Мемлекеттік қызметтің сервистік моделі негізгі бағыттар, яғни қызмет сапасы, еңбек өнімділігі, кадр тұрақтылығы, адами капитал және сенім деңгейі бойынша жақсы нәтиже көрсетіп отыр. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызмет алушылардың қанағаттану деңгейі 75%-ға жетеді, мемлекеттік сектордағы еңбек өнімділігі жедел өседі, кадр тұрақтылығы мен адами капитал сапасы артады. Сонымен қатар мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі жоғарылайды, оған мемлекеттік басқару тиімділігі индексінің жақсарғаны дәлел», — деді сарапшылар.
Талқылауға онлайн форматта «Торайғыров университеті» КЕАҚ өкілдері де қатысты. Олар экономикалық реформаларды ғылыми сүйемелдеудің маңызын, өңірлік экономикаға арналған қолданбалы шешімдер әзірлеудегі университет рөлін және талдау орталықтары мен академиялық қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың қажетін атап өтті.
Қатысушылар жаңа институционалдық даму моделі ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және мемлекеттік басқару сапасын жетілдіруге бағытталған неғұрлым белсенді әрі стратегиялық экономикалық саясатты талап етеді деген ортақ пікірге келді.
Жалпы сарапшылар жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформаны қолдап, оның іске асуы Қазақстанның экономикалық дамуына қуатты серпін беріп, институционалдық ортаны нығайтып, тұрақты өсім кеңейтетініне сенім білдірді.