Мақаланың тақырыбы отандық экономиканың бүгінгі деңгейін дәл сипаттайды. Тіптіі рекордтық көрсеткішпен асып түсті деуге болады. Биылғы жылдың алғашқы жартысында жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 6,2 пайызды құрады. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов осы аптада өткізген баспасөз мәслихатында хабарлады.
Экономиканы өрге сүйреген негізгі драйверлер – өнеркәсіп, көлік, байланыс, құрылыс және сауда. Ауыл шаруашылығында әжептеуір ілгерілеу байқалды. Жалпы барлық салалардағы өсім қарқынын есептегенде, жыл соңында 300 млрд доллардың өнімі өндіріледі деп күтілуде. Еске сала кетейік, өткен жылы ЖІӨ 286 млрд долларды құраған. Ендігі меже – 2029 жылға қарай осы көрсеткішті 450 миллиардқа жеткізу. Үкімет басшысы қарқынды әрі тұрақты өсімді қамтамасыз етсек, бұған сөзсіз жетеміз деген сенімде.
Премьер-Министр журналистермен жүздесуде Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру бойынша берген тапсырмасын орындауға жіті мән берілгенін атап өтті. Статистикалық мәліметтер де бұл бағытта ауқымды шаруаның атқарылғанын айғақтайды. Қазір жалпы ішкі өнімдегі мұнай және газ саласының үлесі 15 пайыз шамасында. Жеті жыл бұрын 21 пайыздан асатын. Тек азайтып қоймай, көмірсутегі шикізатынан дайын өнім алу қолға алынды. Бір мысал. Теңіз кенішінде өндірілетін ілеспе газды пайдаланатын Атыраудағы KPI зауыты былтыр 248,7 мың тонна полипропилен шығарды. Биылғы жоспар – 450 мың тонна. Полипропиленнің 11 маркасын шығаратын осы кәсіпорынның арқасында тұтынушыға пластиктен бұйымдарын ұсынатын Петропавлдағы «Радуга» компаниясы енді қымбат өнімді алыстан арқаламайды. Сондай-ақ мұнайдан авиабензин, жағармай, ал Қашаған мен Қарашығанақта газдан «көгілдір отын» алуға арналған жобалар жүзеге асып жатыр.
Бұған қоса, экспортта аграрлық сектордың да үлесі артып келеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге айрықша мән беріліп отыр.
«Қара алтын» өндірісі алдағы уақытта ұлттық экономиканың маңызды бағыты болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл көктемде АҚШ-тың Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті Теңіз кенішін кеңейті жөніндегі жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады. Аталған жоба мұнай өндірісі көлемін 12 млн тоннаға арттырып, түпкі меже – 40 млн тоннаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазынаға түсетін кірістің елеулі бөлігін осы «қара алтын» беретінін ескерсек, оның экономикадағы орны айрықша екенін көреміз. Мұны халықаралық талдау орталықтары да растайды. Бұл жетіде Fitch Ratings агенттігі Қазақстан экономикасына қатысты болжамын жариялады. Агенттік Теңіз кенішін кеңейту жобасының оң нәтижесі күткен нәтижеден де асып түскенін айрықша атап өтті. Болжамға жүгінсек, 2027 жылы елімізде тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі 2,1 млн баррельге жетеді. Былтырғы көрсеткіш 1,8 миллион еді.
Тақырыпқа қайта оралсақ, отандық экономика геосаяси ахуал ушыққан, алпауыт мемлекеттер арасындағы текетірес өршіген бүгінгі тұрақсыз әлемдегі түрлі кедергілерге тап болды. Бұл, әсіресе, тауар тасымалын қиындатқан санкциялар «соғысы», дәстүрлі логистиканың бұзылуынан анық көрінеді. Сондай қиындықтар мен қайсыбір күштердің қысымына қарамастан, Қазақстан Үкіметі Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр желісінің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Сондай-ақ, баламалы бағыт ретінде «Орта дәліз» — Транскаспий бағытының әлеуетін арттыру жолында үлкен жетістікке жетті. Бұған қоса, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі мен Ауғанстан арқылы Үнді мұхитына апаратын жобалар да пысықталып жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, ең әуелі ұлттық мүддені көздеп, ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін көпвекторлық экономикалық саясат сәтті түрде жүзеге асуда.
Талап Тілеген