Алып шаһар Алматының Оқушылар сарайында Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығы мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы білім басқармасының оқушылар арасында арнайы ұйымдастырған сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау және «Қытай-Қазақстан достығы ұрпақтан-ұрпаққа » көрмесінің ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй, Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, Сыртқы Істер Министрлігінің Алматы қаласындағы өкілі Исламбек Райымов, Алматы қаласы мәслихатының қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Әсия Ақанова, Оқушылар сарайының директоры Айгүл Байсымақова, сондай-ақ конкурсқа қатысушылар, олардың ата-аналары мен оқытушылары қатысты. Байқауға 7 жастан 14 жасқа дейінгі 118 оқушы қатысты. Салтанатты рәсім барысында әр түрлі номинациялар бойынша 60 жеңімпаз марапатталды.
Салтанатты шарада сөз алған Бас консул Цзян Вэй: « Екі ел арасындағы достықты бейнелеген жас суретшілердің туындылары ерекше. Қытай мен Қазақстан ортақ айқын мақсаттары бір мемлекеттер. Біз отыз жылдық қарым-қатынаста ажырамас досқа айналдық. Осы достығымызды қыл қаламмен тербеген жас суретшілерімізге шығармашылық табыс тілеймін. Екі елдің достығына арналған игі шараларда жолыға берейік»,-деді.
Көрмеге келген қонақтар ұсынылған жұмыстарға жоғары баға беріп, суреттер арқылы Қытай-Қазақстан достығына қатысты балалардың армандары мен үміттерін сезініп, Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының жарқын болашағын көргенін атап өтті. Көрме Оқушылар сарайында 30 қазанға дейін жалғасады.
Мақпал Ноғайбаева