Екі елдің ортақ мұрасы

18 қараша 2016, 12:05

Асан Қайғы мұрасының қазақ және қырғыз әдебиеттеріндегі нұсқаларының ерекшеліктері туралы не білеміз?

Асан Қайғы – қатар қоныстанған туыс елдердің тарихына да, әдебиетіне де ортақ тұлға. Ол – қазақ пен қырғыз поэзиясының көшін бастаушылардың бірі.

Әрине, қырғыз зерттеушілері өз әдебиетінің тарихын түзгенде Асан Қайғының алдына Бұқа ырчы (Кетбұға) мен Тоқтағұлды (ХІV ғасырда өмір сүрген Тоқтағұл Сайдалыұлы) ғана салады. Ал олардың поэзиялық антологиялары көбінесе Асанның өлеңдерімен ашылады. Ноғай поэзиясында Асан Қайғылы Сыпыра жырау мен Шалкиізден кейін тұрады.

00000356

Академик С.Қасқабасовтың айқындамасы бойынша тұжырымдасақ, біздің танымымыздағы Асан Қайғы – «Дербес мемлекет болып, Қазақ хандығы құрылған кездегі аса беделді де көрнекті жырау болған қайраткер Асан Сәбитұлы. Ел арасында және дерекнамаларда оны Асан Қайғы деп атаған. Асан Сәбитұлы шамамен 1370-1380 жылдары Еділ жағасында дүниеге келген».
М.Әуезов Асан Қайғыны қазақ елінің орыс билігіне мойын ұсыну мәселесі әлі туындай қоймаған Әз Жәнібек заманынан беріде, Абылайдың дәуіріне жақын кезенде өмір сүрген адам деп есептейді. Бұл ойын ол: «Ел Асанды кәрі күннің сәуегейі сияқты көреді. Бұл күнде өз өміріне Асан Қайғының тұспал сөздері келіп тұрған сияқтанады. Асанның сондағы айтқан сөздері келген сайын ел оны, тіпті кәрі заманды болжап, біліп қойған кісі қылып, атағы мен білімін зорайтып, ғайыпты болжаған қырағылығын күшейту үшін өз қолымен әдейі алыс заманға апарып қойғысы келеді», – деп негіздейді.
Асан атына «Қайғы» сөзінің қосылып айтылуының өзі бірқатар ғылыми тұжырымдарға өзек болған. Х.Досмұхамедұлы Асан Қайғы есімінің орыс тіліндегі мағынасын «Асан-Печальный, Асан-Горемыка», – деп көрсетеді. Ал Ә.Қоңыратбаев «Асан» жеңіл деген сөз. Сонда бұл атау «жеңіл қайғы» дегенді білдірген болады. Асан Қайғы ноғайлы дәуірінде көп жылдарға созылған ел басындағы ауыр халді жинақтаған болса, оны қалайша «жеңіл қайғы дейміз?», – деп, ұлы ойшылдың атынан логикалық қисын іздейді. Тіпті мұны арманына жете алмаған ғашықтың қайғысына апарып телитін аңыз әңгімелер де бар.
Зерттеуші С.Қондыбаев сөздің этимологиясына үңіліп, «Асан – аспан адамы», «Қайғы – ақын, жырау, сазгер», сонда Асан Қайғы «аспан жыршысы» болып шығады деп топшылайды. Ал санамызға әбден сіңісті болған мағына тұрғысынан келсек, ойшылдың өлең-толғауларының мазмұндық сипаты «Асан Қайғы» ұғымымен үндес. Бұл – қайғы қара бастың қайғысы емес, елдің қамын ойлап, келешегіне алаңдаудың қайғысы, күмән мен күдікті, зар мен мұңды, шемен мен шерді тұтастандырып тұрған қайғы. Ақынның ой-ниетін де, болмыс-бітімін де, тарихи тұлғасын да айшықтайтын атау. Осы орайда, «Оның атына жалғанған Қайғы деген анықтама халық сүйіспеншілігінің белгісі іспеттес. «Тауарих хамсаның» авторы, өзі діндар Құрманғали Асанның «Қайғы» аталу себебін дінге тіремек болады. Бұл халық санасындағы Асан бейнесімен қабыспайды. Асан қайғысы бақиды, ахирет жайын ойлағаннан туған қайғы емес. Асан мұңының тамыры тереңде. Оның негізінде халықтың сол кездегі тұрмыс-халіне жаны ашығандық, өмірге көңілі толмау бар. Асан қайғысы – бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы», – деген М.Мағауин пікірі ақын толғауларының табиғатын дәл танытады. Аталған мәселеге байланысты байыпты тоқтамның бірі осы.

64734a4fb91d86568ae98018c011a39e1404311529
Асан Қайғы әдеби кейіпкер және шығармашылық тұлға ретінде қазақ пен қырғыздан басқа ноғай, башқұрт, қарақалпақ әдебиетінен орын алған. Фольклоршы ғалым Б.Мамиева «Ноғай Ордасының құрамында болған ру-тайпалардың негізінде жеке-жеке ұлт болып құрылған осы халықтардың әдеби және фольклорлық мұраларында сақталған Асан Қайғы бейнесінің қазақ аңыздарымен ортақ және алшақ тұстарына талдау жасау» арқылы оны жиынтық образ ретінде қарастырды.
Қай ұлт та өз танымындағы Асанды төл тарихымен тығыз байланыстырады. Оны елдің болмыс-бітімімен тамырласып кеткен тұлға ретінде көрсетеді. Асан Қайғыны меншіктеген ел-жұрттың зерттеушілерінің бәрінің дерлік еңбегінен осындай үрдісті байқаймыз. Мәселен, қарақалпақ ғалымы Ж.Бердиев Тәуке хан, Батыр хан және Төбет би тұсындағы ахуалды саралай келіп, өз елі Ұлытауға келіп қоныстанғанда Асан Қайғы 80 жасқа толған еді деп тұжырымдайды. Жиынтық бейне деп топшылаудан гөрі өз тарихына бейімдеп, нақтылауға әуестік басқа елдің оқымыстыларына да тән нәрсе. Қырғыз зерттеушілері қазіргі қазақ ғалымдары күллі түркі дүниесіне ортақ Асанды жеке-дара меншіктеп отыр деп наз айтады. Бауырлас ноғай және қарақалпақ зерттеушілері Асан Қайғының өз дәуіріндегі «жазба әдебиет нұсқаларын сүйеніш еткендігі» жөнінде байыптама жасайды. Сондай-ақ Асан Қайғы мен Жиренше шешеннің замандас болғаны туралы аңыздар туралы да сол ноғай, қарақалпақ зерттеушілері баян етеді. Қазақ пен қарақалпақта Жиренше, қырғызда Жээренче, түрікменде Йикренче деп аталатын, ақыл мен парасаттың, алғырлық пен тапқырлық символы болып саналатын бұл кейіпкердің де бүкіл түркі әлеміне тиесілі екені баршаға мәлім.
Қырғыз әдебиетіндегі Асан Қайғының (Асан – сострадалец) өмір сүрген уақытына байланысты деректер де әркелкі. Ел ырчыларының жинағында XIX-XV ғасырлар деп көрсетілсе, философ-ғалым Б.Аманалиев аңыздарға сүйене отырып, ұлы ойшылдың XVII ғасырда Ыстықкөл өңірінің Жырғалаң деген елді мекенінде ғұмыр кешкенін айтады.

bsl_8845_dsc-0977
Қазақ кеңес энциклопедиясындағы Асанның әдеби тұлғасы мен шығармашылық болмысын түйіндеп-тұжырымдаған дерек көзіне ден қойып, сараласақ, «Өзінен соңғы ұрпақ әулие танып, «Асан ата» атандырған ақын жайлы әр қилы мазмұн, әр түрлі сипаттағы әңгімелер халық арасына кең тараған. Асан Қайғы төңірегіндегі аңыздар негізінен үш жүйеге (Асанның алғаш танылуы, Қайғы атануы, «Жерұйықты» іздеуі) бөлінеді».
Асан Қайғының «Жерұйықты» іздегені туралы аңыз-әпсаналар – қыспаққа ұшыраған елдің ой-арманының көрінісі. Себебі академик С.Қасқабасов айтқандай, «Мұндай саяси-әлеуметтік жағдай елдің наразылығын туғызбай қойған жоқ, халық енді бұл дағдарыстан құтылудың жолын іздеді. Оны қиялдан, әлеуметтік утопиядан тапты. Өйткені қиыншылықтан, қоғамдық езгіден құтылудың басқа жолын халық білмейтін».
Болжал өлеңдерді қазақ халық әдебиетінің бір түрі деп атаған Халел Досмұхамедұлы осы сипаттағы жыр-толғауларды Асан Қайғының келешекке көріпкелдік айтқан өлеңдерінен бастайды. Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген Асанның толғаулары негізінен соған бағышталып айтылған. Халық ұғымында елдің бірлігін, жұртының шапқыншылықтан аман қалуын ойлап, жайлы қоныс іздеген қамқор да көреген тұлға ретінде қалған оның ескертпелерінің өзі дала дипломатиясының озық үлгісіндей. Мәселен, Асан өлеңдеріндегі «Еділ бол да, Жайық бол, Ешкімменен ұрыспа» немесе «Ердің құны болса да, Алдыңа кеп қалған соң… Аса кеш те қоя бер, Бұрынғыны қуыспа», – деген тоқтам сөзі жауынгер халықтың тізгінін тежеп, бұқпантайлап күй кешуге шақырғаны емес, не нәрсені де ақыл таразысына салуға, сабырлы болуға үндегені, елді қызбалыққа ұрынып, пәле-жалаға ұшыраудан сақтандырғаны («Түсіп кетсең қайтесің, Түбі терең қуысқа»). Бірақ бұл, әрине, намысыңды таптағанша төзімділік таныт деген сөз емес («Жолдасыңа жау тисе, Жаныңды аяп тұрыспа»). Осының бәрін сындарлылықпен саралаған Асан Қайғының ханға айтқан басты уәжі мынау еді:
Ай, Жәнібек, ойласаң
Қилы, қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма,
Мұны неге білмейсің!?

Сондай-ақ осы өлеңнің деректік сипаты айқынырақ тағы бір нұсқасы жұрттың жадында сақталған. Оған құлақ қойсақ, аты аңызға айналған бабамыз келер заманның сипатын айна-қатесіз болжап берген. Болашақта қиындықтың қыспаққа алатыны, ел ішінің азып-тозатыны, тіпті орыс билігінің үстемдік құратынына дейін айтылады. Асан атаның алдағы дәуірге көріпкелдік жасаған осы бір өлеңін М.Әуезовтің өзі зерттеу еңбегіне арқау еткен.
Асан келер заманның сипатын аңғартатын жаман ырымды Жәнібектің өз басындағы құбылыстарға да телиді. Ертістің бойынан зәулім қорған соқтырғанын жақтырмайды («Қорған салдың бейнет қып»), құладынға қу ілдіргенінен шошиды («Құладын қуды өлтірсе, Өз басыңа келеді»), хандық дәстүрді бұзғанына налиды («Қатын алдың қарадан, Айырылдың хандық жорадан. Ел ұстайтын ұл таппас, Айырылар ата мұрадан»). Асанның ұғымында, елдің билеушісінің мұндай ағаттықтарға ұрынуы жақсылықтың нышаны емес. Төрт құбыласы тең түспеген ханның құзырындағы елдің де жайы келіспесі анық. Осы тығырықтан шығатын жол – жұртты көшіру, жайлы орын іздеу. Асан Қайғының бұл мұраты ұлы тұлғаның «Жерұйықты» іздеу идеясымен берік сабақтас («Тіл алсаң іздеп қоныс көр, Желмая мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшер»), әрі ежелден қалыптасқан халқымыздың көшпенділік қағидаларымен үндес («Көшіп-қонып көрмеген, жер қадірін не білсін»). Сайып келгенде, мұның бәрі Ш.Уәлиханов «халық ұғымындағы көшпенді философ» деп атаған Асан Қайғының төніп келе жатқан қатерді еске салғаны болып шығады:
Бұл арадан көшпесең
Айтқаныма түспесең
Орыс алар қалаңды,
Шулатар қатын-балаңды.

Ал қырғыз әдебиетіндегі Асан Қайғы толғауларында келешектегі кеселдің түрі бұлайша нақтыланбайды. Сол себепті көрші ел ырчыларының да көшбастаушысы саналатын Асан тұжырымдары көбіне-көп ақырзамандық сарынға табан тірейді. Оның байлам сөзі «Мындай заман туш болсо, Кыйын болор оңушуң» сипатында түйінделеді. Қырғыз әдебиетіндегі Асан Қайғы мемлекеттің әлсіреуіне Жәнібек ханды кінәлі санап, былайша ой толғайды:

Кырылган аталар үчүн,
Энелердин кошогуүчүн.
Жакырданган эл үчүн,
Шамалдай зымыраган уулдар үчүн.
Кыжыры кайнаган ата журт үчүн,
Жаныбек аттуу биздин хан,
Сенден жооп талап кыламын.

Болжал өлеңдердің табиғатын терең танытқан әйгілі ғалым Ә.Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар» деген еңбегінде Асан Қайғының атына телінетін мынадай өлең үзіндісін көріпкелдік мысалы етіп көрсетеді: «Ең ғажайып толғаулар – қазақта бергі кезге дейін сақталып келген сәуегейлік болжаулар. Онда айтылған:

Ата-ана баласын аямайды,
Бала болса, ата-анасын сыйламайды.
Қилы-қилы заман болады…

0

Бұл XV ғасырда Асан ата айтқан дейтін толғаудың ең ескі дәуірдегі түрі секілді».
Болашақтың хабаршысы келер кеселдің күн ілгері қағылған дабылы тәрізді Асан толғауларынан пессимизмнің сарыны сезілмейді. Көшпенділердің данагөйі ғұмыр кешкен кезеңде ел-жұрттың тізгіні өзгенің қолына тимегені, қылыш қайрап, найза ұстаған ерлердің рухы түспегені даусыз. Мұндағы басты сарын алдағы күндердегі жайсыздықты сезінген көңіл-күй өзгерісінен туындайды. Асан шығармалары отаршылдық дәуір алдындағы ел тынысын нақты бейнеледі.
Енді Асан Қайғының қазақ пен қырғызға түгел танымал белгілі толғауына тоқталайық. Қазақтың Асан Қайғысы:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
жылан қайтіп күн көрер?!
Шыбын шықса жаз болып,
таздар қайтып күн көрер,
Жалаң аяқ балапан,
қаздар қайтып күн көрер?!

деп күңіренсе, Қырғыз Асан:

Куйругу жок, жалы жок,
Кумда туулуп, чөлдө өскөн,
Кулан байкуш кантти экен?
Чымчып алар жүнү жок,
Чыңырарга үнү жок,
Боорунда буту жок,
Жылан байкуш кантти экен?, –

деп сарнайды. Әрине, қазақ пен қырғыздағы Асан Қайғы мұрасының айырмашылығы әрқайсысының өз тілінде жырлағандығында ғана емес. Әр халық өлең-жырды өзінше жинақтайды, бар-жоғын өз бетінше түгелдейді. Сол себепті жалпы желісінде ұқсастық болғанымен, қазақтың Асаны мен қырғыздың Асанының мұралары екі түрлі нұсқада көрініс тапқан. Қырғыздың Асан Қайғысының атына телінетін өлеңдердің көлемі біздің Асандікінен гөрі әлдеқайда көбірек. Оның «Құйрығы жоқ, жалы жоқ» деп басталатын баршаға белгілі толғауының өзі өте ұзақ. Ауыз әдебиетінің үлгісімен «Таразасын көтөрүп, Тарбаңдаган шор тумшук, Таш бака байкуш кантти экен? Жатарга жайы жок, Жан багарга алы жок, Чымын байкуш кантти экен? Кирерге эшиги жок, Корголор тешиги жок, Коңуз байкуш кантти экен? Оргон-жыйган чөбү жок, Эчтемеге эби жок, Доңуз байкуш кантти экен?» деп термеленіп кете береді. Бұл толғаудың идеялық түпқазығын түсіндіруге тырысқан қырғыз ғалымдары А.Ақматалиев пен Р.Сарыпбековтің ұстанымына келсек, «Асан Кайгынын моральдык көз карашынын негизин адам гана эмес, жалпы эле жаратылычтагы жандуу-жансыз нерсеге боорукерлик кылуу менен адам менен табияттын эки ажырымы эмес, бирдиги түзүлөт».
Қырғыздың Асан Қайғысы тек жан-жануардың қамын жеп, құлан мен жыланның, қоңыз бен доңыздың жайын ойлап қайғырмайды, адам болмысын да қаперде ұстайды:

Сууга мууздап,
Сөөгү сыздап,
Чалбарларын мие албай,
Чалдар байкуш кантти экен?
Байпагын кие албай,
Басып жүрө албай.
Балдар байкуш кантти экен?
Келини тил албай,
Кипичин кие албай,
Не кыларын биле албай,
Жөн басып жүрө албай,
Кемпир байкуш кантти экен?

«Кыргыз адабиятының тарыхы» кітабында жарияланған Асанның әдеби ғұмырнамасының дерегі бойынша, ол «Желмая минип, малга жайлуу, адамга сыйлуу конуш издеп жер кезет. Обь, Иртыш суусун, Сыр-Дарыя боюн, Туркстан жерин, Чу аралыгын кыдырып, Көл, Ат-Башы, Текес, Жылдыз, Алты шаар, Кашгарга жетет. Уламыш боюча акыры Ысык-Көлдү жактырып, аны конуштап калып, өлөр алдында айткан керээзи боюнча сөөгү касиеттүү Ысык-Көлдүн адам жүрбөй турган бир аралына коюлган экен». Мұндай топшылаулар Асан Қайғыға таласы бар басқа халықтардың әдебиеттерінде де кездеседі. Бірнеше нұсқалы аңыздар мен толғаулар тұжырымның әркелкілігін туындатады. Сондықтан оны әдебиеттану тұрғысынан жиынтық бейне ретінде қарастырған тиімдірек болмақ.

Бауыржан
ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА
корреспондент-
мүшесі, филология ғылымдарының
докторы, профессор

 

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала