Жуырда Қарағандыдағы Достық үйінің конференц-залында облыстық Қазақстан Халқы ассамблеясы Ғылыми-сараптама тобының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрамыз» тақырыбында дөңгелек үстелі өтті.
Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында адами капитал сапасын арттыру және жоғары оқу орындары мен коллеж түлектерінің жұмыссыздық мәселесі талқыланды. Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі хабарлағандай, дөңгелек үстел жұмысына облыстық ассамблеяның ғылыми-сараптама тобының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жоғары оқу орындары мен коллеж оқытушылары және студенттері қатысты.
Қарағанды облысы Қазақстан Халқы ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вилен Молотов – Лучанский «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрудағы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының қызметі жайында сөз сөйледі.
Сондай-ақ, «Болашақ» академиясының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Басира Өтемұратова «Ресурстік орталық жағдайында жалпыға ортақ еңбек қоғамының жас буынын қалыптастыру» бойынша, ҚММУ доценті, философия ғылымдарының кандидаты Бахреддин Нұғман «Тарихи-философиялақ аспектідегі еңбек мәселесі» тақырыбында, «Қарағанды техника-құрылыс коллеж» КММ методисі Әлия Әупенова «Бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу барысында азаматтық құндылықтарды өзекті қылу» турасында және облыстық ҚХА жастарының үйлестіру кеңесінің төрағасы, «Дакия» румын мәдениеті қоғамы» ҚБ жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашов «Этноағарту кешендерде қосымша білім беру арқылы еңбек мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында баяндамалар жасады.
Қарағанды облысы Қазақстан Халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ерлан Құсайын Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру бойынша этномәдени бірлестіктер жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, шараның екінші бөлімінде «Қазақстан Халқы ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыға салынды. Спикерлер мен қатысушылар заң жобасын мақұлдап, бірнеше ұсыныс жасады.