
Статистикаға сүйенсек, биылғы 8 айда (қаңтар-тамыз) Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүк тасымалы көлемі 25,81 млн тоннаға жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайыз көп деген сөз. Еліміздің орталығы мен шығыстағы шекара бекетін бір-біріне жалғайтын Достық – Мойынты теміржолы екінші желісінің пайдалануға берілуімен көрсеткіштің еселене түсетіні күмәнсіз.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйек айының соңында өткен VII Халықаралық New Silk Way көлік-логистикалық бизнес-форумында осы теміржолды іске қосқан болатын. Президент сол жиында небәрі үш жылда жүзеге асқан жобаның еліміздегі көлік-логистика жүйесінің дамуына, оның тиімділігін нығайтуға тың серпін беретінін айрықша атап өтті. Транзит тасымалы туралы сөз болғанда, осыдан 35 жыл бұрын Достық — Алашаңқай жобасының Қазақстан мен Қытай теміржолдарын тұңғыш рет тоғыстырғанын айтқан жөн.

Мемлекет басшысы Ұлы Жібек жолының Қазақстан мен Орталық Азия аумағы арқылы өткенін айта келе, Қазақ жерінің ежелден Қытай мен Еуропа арасындағы алтын көпір болып саналатынын тілге тиек етті. Дос әрі стратегиялық серіктес екі елдің сан салалы ынтымақтастығында «Бір белдеу, бір жол» ғаламдық жобасының орны бөлек. Қытай төрағасы Си Зиңпин он екі жыл бұрын осы бастаманы Қазақстанда жариялаған болатын.
Ұзындығы 836 шақырымды құрайтын Достық — Мойынты темір жолы трансеуразиялық көлік дәлізінің шешуші бөлігіне айналып отыр. Күретамырдың өткізу қабілеті 5 есе артып, енді тәулігіне 60 жұп пойыз ары-бері қатынайды. Контейнер таситын пойыздар 24 сағатта 1500 шақырымды еңсере алады. Бұрынғы көрсеткіш 834 шақырым-тұғын. Бұл тасымал мерзімін едәуір қысқартып, тауар құнын төмендетуге мүмкіндік береді. 2022 жылы басталған шойын жол құрылысы барысында 86 көпір мен 261 су өткізгіш нысан жаңартылды. Айта кеткен жөн, ұзындығы 127 шақырымдық Мойынты-Балқаш теміржолының екінші желісімен пойыз қозғалысы жыл басында ашылған болатын.
Сарыарқа төсіндегі осы Мойынты стансасы да көлік инфрақұрылымы мен транзиттік тасымалда маңызды торапқа айналғалы тұр. Олай дейтініміз, биыл ұзындығы 323 шақырымдық Мойынты – Қызылжар теміржол желісінің құрылысы басталды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Қызылжар стансасы мен Ақтау порты арасындағы учаскелер жаңартылады. Осы бағыт халықаралық Транскаспий көлік бағытының маңызды тармағы болып табылады. Сайып келгенде, бұл Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, ТрансҚазақстан теміржол бағыты мен Орта дәліздің қарқынды дамуына серпін береді.

Теңіздегі сауда жолдарынан жырақта жатса да, өзінің транзиттік тасымалдағы әлеуетін тиімді пайдалана білген Қазақстан бүгінде алып Еуразиядағы ең басты транзиттік хабтың біріне айналып отыр. Солтүстік пен Оңтүстікті, Шығыс пен Батысты бір-біріне жалғайтын күретамырлар Қазақ жерінде түйіседі. Еліміз аумағы арқылы өтетін 5 теміржол дәлізі әлемдегі аса ірі сауда нарығына апарады. Содан болар, мемлекет көлік логистикасы инфрақұлымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Соңғы он жылда осы салаға құйылған инвестиция көлемі 35 млрд долларға жетті. Президент биылғы халыққа арнаған Жолдауында бірқатар жобаларды іске асыру жөнінде тапсырма берді. Келешекте 5 мың шақырым жол салынып, 11 мың шақырым теміржол жөндеуден өткізіледі.
Осы жобалар іске асқанда, жаңарған Жібек жолы бойындағы Қазақ елінің әлеуеті одан әрі арта түспек.
Талап Тілеген
Сурет: ашық дереккөз