Дос Көшім: Бір жылда шотланд тілін үйреніп алды

15 наурыз 2019, 14:56

Соңғы кездері кейбір басылымдарда қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысып, салт-дәстүрін, тарихын зерттеп, құқығын қорғауға жәрдемдескен азаматтарға қатысты сыңаржақ дүниелер пайда болды. Неге? Осы сұраққа жауапты ұлт жанашыры Дос Көшімнен сұрадық.

Jas qazaq: Дос аға, жақында «қазақ ұлтшылдарының сипатын басқаша түсіндіру, оқырманды адастыру бар» деген мазмұнда мақала жаздыңыз. Шын мәнінде, олар оқырманды қалай адастырмақшы? Не депті? Әңгімені осыдан бастаңызшы.

Д.Көшім: Біріншіден, мен саясаттанушы емеспін. Сондықтан аталған мақала терең талдау, зерттеу жұмысы емес. Ұлттық бағыттағы саяси-қоғамдық салада жүргеннен соң, кеңес жүйесі кезінде құбыжық ретінде қабылданатын «ұлтшылдық» деген сөзді қазіргі кезеңде кім, қалай түсінеді деп, осы бағыттағы пікірлерді қарап шығатыным. Кейде пікірталастарға қатысатыным бар. Көзімнің жеткені – «ұлттық», «ұлтшылдық» деген ұғым, оның ішінде «қазақ ұлтшылдығы» деген сөзді орыстілді саясаттанушылардың көпшілігі әлі күнге дейін керісінше қолданады. Ең қызығы, ұлтшылдардан қауіп күтеді.
Мен саяси-қоғамдық жұмысқа 1988 жылдан бастап араластым. 1991 жылдан Азаматтық «Азат» қозғалысы» төрағасының орынбасары болдым. 2005 жылдан бері республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасымын. Әрине, тәуелсіздік үшін күрестің алдыңғы шебінде қазақ ұлтының өкілдері болды. Бірақ көпшілік біле бермейтін болуы керек, ұлтшыл «Азаттың» Қызылорда облыстық бөліміндегі Байқоңыр аймағының мүшелерінің дені орыстар болатын. Ал 1991 жылы «кеңес өкіметін жаңа тұрпатпен сақтап қалуымыз керек пе?» деген одақтық референдум жүргізілгенде, ешқандай «Референдум өткізудің қажеті жоқ, бізге толық тәуелсіздік керек» деген жалғыз ұйым Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (Сергей Дуванов, Евгений Жовтис, т.т.) болды. Мен ақталудан аулақпын. Бірақ қазақ ұлтшылдығын дәлелсіз, негізсіз қаралауға жол беруге болмайды.

Jas qazaq: Әлгілердің «әсіреұлтшыл» деп көрсеткен тізімінде сіз де бар екенсіз. Не бүлдіріп қойдыңыз? Мәселен, өз ұлтын сүю, салт-дәстүрін, тілін қорғау ұлтшылдық болып санала ма?

Д.Көшім: Мен ештеңе бүлдіре қойған жоқ сияқтымын. Алайда әңгіме түсінікте сияқты. Біріншіден, олар «ұлттық мемлекет» деген сөзді басқаша қабылдайды. Сондықтан оқырмандарға да басқаша түсіндіреді. Әлемдегі елдердің 99 пайызы – ұлттық негіздегі мемлекеттер. Оның ішінде демократияның атасы болып табылатын Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания, т.т. Егер қоғамның даму сатысына көз жүгіртер болсақ, барлық ұлттар рулық кезеңді бастарынан өткізіп, бірте-бірте тайпалық кезеңге өткен. Тағы біршама ғасырлардан соң экономикалық, әлеуметтік жағдай әлсіз тайпалардың біріге отырып, тайпалық одақ құруына алып келді. Тайпалық одақтар дами келе бір тілде сөйлейтін, бір аумақта тұратын халық деңгейіне жетті. Қоғамдық дамудың тағы бір сатысында өздерінің әліпбиін анықтап, мәдениетін, дінін біртектілікке алып келген халық – ұлт деңгейіне көтерілді. Ал ұлт шамасы жеткен уақытта, өздерінің мемлекеттерін жариялайды. Біз де Алланың арқасында, ата-бабаларымыздың ерлігі мен данышпандығының нәтижесінде мемлекет болдық. Сол кезеңге сай, бұл мемлекет – Қазақ хандығы деп аталды. Қазір бодандықтың бұғауын бұзып, қан мен тердің арқасында Қазақ мемлекетін қайта тірілттік. Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне табан тіреп қалған барлық ұлт өкілдері осы шындықты білуі шарт. Ұлттық мемлекет тек қазақ ұлтына жеңілдік жасап, оларды біздің елдің басқа азаматтарынан, ұлт өкілдерінен жоғары қоймайды. Қазақстан азаматтарының саяси-азаматтық, әлеуметтік құқықтары бірдей. Бірақ бұл жердің қазақ халқынікі, мемлекеттің – қазақ ұлтының негізіндегі ел, мемлекеттік тілдің қазақ тілі екендігі мойындалуы керек. Франция – француз ұлтының, Германия – неміс ұлтының, Жапония – жапон ұлтының мемлекеті сияқты, Қазақ елі де – қазақтардың мемлекеті.

Екіншіден, қазақ ұлтшылдығының позитивті екендігін біле отырып, негативті етіп көрсетуі – бұрынғы Ресей империясы, содан соң кеңес жүйесі кезіндегі сұмпайы саясаттың көрінісі. Бұл жердегі басты айқай – қазақ тілінің мәселесі. Шындап келгенде, бұл тілдік түйткіл, ұлттық не ұлтаралық мәселе емес (орыстілді қауым дегенде, оның ішіне миллиондаған қазақтар кіреді. Ал қазақтілді қауымның ішінде жүз мыңдаған басқа ұлт өкілдері жүр). Олар әлі күнге дейін «Бізді түсіну үшін біздің тілімізді үйреніңдер, ал сендерді түсіну үшін біз сендердің тілдеріңді үйренуге тиіс емеспіз» деген ой-пікірмен жүрген сияқты. Бұл – метрополияның ұлы державалық саясаты қалыптастырған психологияның әлі күнге дейін жойылмай келе жатқан жегі ауруы. Осы жерде мынадай бір мысал келтіре кеткім келеді: «Қазақ тілі – өте қиын тіл. Біз оны үйрене алмаймыз» деп қабақтарын тыржитып кеткен менің бір таныстарым Шотландияға тұрақтап, бір жылдың ішінде ең қиын тілдердің бірі болып саналатын шотланд тілін үйреніп алды. Әңгіме тілді үйренуде емес, өздеріне бұрын бағынышты болған ұлттың тілін үйренуді өз дәрежесіне сай емес деп қабылдайтын психологияда жатыр.

Сұхбаттасқан
Жарас Кемелжан

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?