Жер комиссиясы ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы туралы мәліметтерді толықтыру мақсатында қолданыстағы мораторий мерзімін бес жылға дейін ұзартуды ұсынды. Сонымен не керек,үш ай бойы бірнеше өңірді аралап шыққан комиссия өз жұмысынаяқтады. Десек те, комиссияның жасаған жұмысы мен оның соңғы шешімі әлеуметтік желіде әліде болса қызу талқылануда. Көпшілікқауым жерді жалға немесе сатуға 5 жыл мораторий жарияланғанына қуанышты болса, кейбір азаматтар «комиссия жұмысында ұлтшыл азаматтар ештеңе жасаған жоқ» деп сынап жатыр.
АЙЫПТАУШЫЛАРДЫҢ АЙТАРЫ НЕ?
Шын мәнісінде ұлтшылдарды айыптауға соңғы шыққан нәтиже себеп болып отырған жоқ. Жұмыс тобы басталмай тұрып Үкіметтің жанынан құрылған Жер комиссиясына сын айтуышылар болған еді. Әйтпесе,Мұхтар Шаханов бастаған, Айдос Сарым қоштаған комиссия қыруар жұмыс жасады. Десек те Мұхтар Тайжанды айыптап, оның кемшілігін айтып жатқан азаматтар да жоқ емес.Мәселен,Геройхан Қыстаубаев Мұхтар Тайжанның халық пен президентке алғыс айтқанын«жағымпаздық»деп бағалап отыр. Бір қызығы,соңғы кездері Г. Қыстаубаев пен М.Тайжан бірін-бірі қаралауды әдетке айналдырып алды. Кімнің – ақ, кімнің – қара екенін уақыт көрсетеді.
Сондай-ақ, белгілі саясаткер Зәуреш Батталова «билік өз айтқанымен жүретін адамдарды таңдап алды»,- деп сын айтып жатыр. Біздің ойымызша, Мұхтар Шаханов, Оразәлі Сәбден, Дос Көшім, Айдос Сарым, Жанұзақ Әкім сынды қайраткерлер Батталова айтқандай биліктің айтқанымен жүріп, айдауына көне қоятын азаматтар емес. Себебі, аты аталған тұлғалар өзінің кім екенін жер комиссиясынан бұрын да сан мәрте дәлелдеген болатын. Сондықтан да, Зәуреш Батталованың «билік өз айтқанымен жүретін адамдарды таңдап алды» деп қара аспанды төндіруі қисынсыз.
Сондай-ақ ол қоғамдық ұйымдар мен басқа да қызығушылық білдірген азаматтар комиссия жұмысына қатыса алмағанын айтады. Шын мәнісінде,саясаткердің бұл пікірімен келісу қиын. Өзінен бастап, ЖСДП төрғасы Жармахан Тұяқбайға дейін жер комиссиясының мүшесі болды. Алайда партия басшысы бірде бір рет жиынға қатысқан жоқ. Ал өзін «ЖСДП өкілімін» деп таныстырған Серікбай Әлібаев сауатты ұсыныс жасаудың орнына партияның абыройын айрандай төкті. Жалпы Серікбай Әлібаев сияқты кез келген адамның комиссия отырсына қатысып, пікір білдіруіне мүмкіндігі болды. Сондықтан да Зәуреш Батталованың қоғамдық ұйымдар мен қызығушылық танытқан азаматтар комиссия жұмысына қатыса алмады деген сыны негізсіз.
Алаштың өзі ымыраға барды
Біздің кейбір азаматтар үкіметпен келісімге келіп, жұмыс жасауға әрекет еткен азаматтарды сынап жатады. Ал кезінде Алаш арыстары «өздері жек көрген» (Ә.Бөкейханның сөзі – СЖ) бірақ «мойындаған» Кеңес үкіметімен ымыраласып жұмыс жасаған болатын. Бір қызығы белсенді азаматтарымыз Тәуелсіз елдің Үкіметімен бір үстелге отырып жұмыс жасауға әрекет етсе оны сатқындық деп есептейтін жандар баршылық. Егер алаштықтар 1919 жылдан кейін болшевиктерге өкпелеп, көрпені тас бүркеніп жатып алғанда біз әлі күнге дейін Ресейдің боданы болып отыратын едік. Өйткені алашордашылар қиын жағдайда қалғаннан кейін Кеңес үкіметін амалсыздан мойындап, Қазақ елінің шекарасын заңдастырып алды. Бұл – бір. Екіншіден, олар саяси тәсілді тиімді пайдаланып Кеңес үкіметінің мүмкіндіктерін қазақ халқының сауатандыру мен мәдениетін көтеруге бұра білді.
Келісейік, келіспейік жер комиссиясы билік пен ұлтшылдардың ымыраласып жұмыс жасай алатынын дәлелдеді. Оның үстіне комиссия отырыстарында бұған дейін биік мінберден айтылмаған өткір пікірлер айтылды. Мысалы жиындарда жер мәселесінен бөлек тіл, білім беру, дін мәселесі сынды көптеген проблема ортаға салынды. Ең бастысы жер мәселесі халықтың мүддесіне сай шешілді. Сондықтан да айыптаушылардың сыны Алаш арыстарын айыптаған азаматтар сияқты қисынсыз болып қалады. Мұны бізге Алаш тарихы дәлелдеп берді.
Әбдіжәлел Бәкір,cаясаттаушы:
Жер комиссиясына қатысып, мәселенінің оң шешілуіне ықпал еткен жігіттерге алғыс айтамын. Себебі олар өздерінің ұстанымын Үкіметке дәлелдеп, 5 жылға мораторий жариялатуға күш салды. Егер де азаматтар тып тыныш жата бергенде Үкімет дәл мұндай шешім шығармас еді. Менің ойымша мораторий халықтың пайдасына шешілген жартылай жеңіс болды. Алайда түпкі жеңіс алда. Мысалы жер мәселесінде әлі де болса айқындалмаған мәселелер баршылық. Еліміздің әр аймағындағы жер мәселесі халықтың тексеруінен өтсе нұр үстіне нұр болар еді.
Дос Көшім, cаясаткер:
Комиссияның жерді жекеменшікке беруге 5 жылмораторий жариялау туралы ұсынысыұлтшылдардың жеңісі болды деп есептеймін. Егер комиссияда ұлтшыл азаматтар болмаса халықтың мүддесіне қайшы шешім шығып кетуі әбден мүмкін еді. Сондықтан да мен жер мәселесінде «ұлтшылдар жеңіске жетті» деп ойлаймын. Себебі біз әу баста жер мәселесін бір жақты шешеміз, не болмаса 5 жылға мораторий жариялатуға күш саламыз деп алдымызға мақсат қойдық. Солмақсатымызға жеттік. Ал кейбіреулердің«жер мәселесі бойынша айыпталған азаматтарды құтқарып қала алмады»,- деп бізді айыптауы дұрыс емес. Өйткені біз әр комиссия отырысында Макс Боқаев пен Талғат Аянның мәселесін көтеріп отырдық. Сондықтан да халық алдында арымыз таза деп нық сеніммен айта аламын.
Геройхан Қыстаубаев,журналист:
Мұхтар Тайжан немесе Жер комиссиясына мүше өзге азаматтармен жеке бас араздығым жоқ. Менің ең басты «араздастығым» халықтың мүддесіне адал қызмет етіп жатыр ма, жоқ па дегенге байланысты болып отыр. Егер қандайда бір азаматтарың ұстанымы ұлт мүддесіне қайшы келетін болса мен оған қарсымын. Ал Мұхтар Тайжан Жер комиссиясына жаңадан барғанда «Үш атасы Қазақстанда туған халыққа жерді сатуға болады» деп айтты. Сондай-ақ ол «Қытай халқы қауіпті емес. Олардың бар мақсаты нан тауып, күн көру» деп мәлімдеді. Бұл сөздің астарында Қытайға жерді жалға да, сатуға да болады деген емеурін жатыр. Бірақ ол оны ашық айтпай отыр. Мен осы мәселеге қарсы шықтым. Оның үстіне Мұхтар Тайжанның Жер комиссиясындағы әрбір ұстанымы ұлттың болашағына зиян болып тұрды. Ал комиссияның 5 жылға мораторий жариялау туралы ұсынысына көңілім толмайды. Менің ойымша мораторий деген халықты уақытша алдай тұру үшін жасалған айла тәсіл. Себебі жер кодексіне «Жерді шет елдіктерге жалға немесе сатуға тиым салынады» деген бап енгізбей мәселе шешілмейді.
Серік ЖОЛДАСБАЙ