Алдағы жылы елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жоғары деңгейдегі кезекті жиыны өтеді. Бұған дейінгі басқосулар көрсеткендей, Қазақстанның жер-жиһанда өзара сенім мен түсіністікті, жатсынбау (толеранттылық) мен қауіпсіздікті баянды етуге бағытталған бастамасы халықаралық қауымдастық тарапынан да зор қолдау тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды.
Осыдан екі жыл бұрын Астанада өткен VII съезде Президент аталған форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес екенін мәлімдеді. Өйткені Қазақ жерінің ғасырлар бойы Батыс пен Шығыс арасындағы алтын көпірге айналғаны әмбеге аян. Қазақстан басшысының пікірінше, Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат болған. Ал Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық сияқты игі қасиеттерін қабылдады.
Дипломатиялық дарынымен мән-мазмұны бірегей осы Форумның қалыптасуына, аса беделді һәм мәртебелі диалог алаңы ретінде күллі дүниеге танылуына сүбелі үлес қосқан Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналғанын айрықша атап өтті. Бұған дәлел — 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүріп жатыр. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істейді. Мемлекет басшысы: «Мұны біздің баға жетпес байлығымыз, әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан, радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстелдің басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды. Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында», — деп өз пікірін тұжырымдады.
Өзгеріске толы әрі геосаяси ахуал ушығып, белгісіздік хакім болып жатқан қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы қояр амал қандай? Мемлекет басшысы бұл сауалға тарихтың берер бір ғана жауабы бар екенін еске салды. Ол – ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа, жетістікке жетудің басқа кепілі жоқ. Бұл орайда Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес, тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы бұл ретте: «Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндайда гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын», – деді.
Қазақ елінің бейбіт ұстанымын жиынға қатысқан дәстүрлі діндердің көшбасшылары жоғары бағалады. Айта кеткен жөн, соңғы өткен Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Мұхаммед Ахмед әт-Тәйеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және әлемнің 50 елінен 100-ге жуық делегация келді.
Рим Папасы Франциск әлем тұрғындарын бейбітшілікке шақырды. Ол Қазақ жерінде 20 жылдан бері әлем үшін маңызы зор осы съездің өткізіліп келе жатқанына тоқталды. Бұл жолғы жүздесу бізді пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани, әлеуметтік дамуындағы рөлі туралы ойлануға бағыттап отырғанын мәлімдеді. Понтифик жиналған қауымға қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармаларынан осы жайында терең түсінуге болатынын айта келе, «Абай өз өлеңінде «Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер, мейірбандық дүниеге нұрын төгер» деп жазған. Жаратушы табиғатты жайнатып жаратқан. Сондықтан жер бетін ластауға, орасан зор залал келтіруге қалайша жол береміз? Баршаңызды осы мәселені бірлесіп шешуге шақырамын», – деді.
Иісі мұсылман үшін қастерлі Әл-Азһар Ислам университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тәйеб адам баласына жаһандағы апаттардың себебі туралы ойлану керектігін айтты. Ол табиғи, саяси және «экономикалық» апаттарды адам өзімшілдігінің кесірінен өз қолымен жасап алатынын қаперге салды. Ахмед ат-Тәйеб осы орайда: «Қасиетті Құранда бұл екі құбылыс пен олардың салдары туралы осыдан шамамен 15 ғасыр бұрын айтылған. Бұл апаттарды адам өзінің пиғылынан, салғырттығы және басқаларға немқұрайды қарауынан туындатқанын ұмытпауымыз керек», – деді.
Қазақстан Парламенті Сенаты төрағасы – Съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтар, толеранттылық пен диалог мәдениеті қазіргі қоғамның іргетасы болуы тиіс. Аталған басымдықтар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің қорытынды Декларациясында көрсетілген жаңа әлемдік тәртіптің негізін қалыптастыруы қажет.
Әлем халқы жер бетінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайды. Дінбасылар, міне, жиырма жылдан бері Қазақ елінің бастамасымен дүниеге келген Форумда толеранттылыққа, өзара түсіністік пен ізгілікке шақырады. Даулы мәселені найзаның ұшымен емес, қаламның ұшымен, яғни мәмілемен шешуге болатынын паш етіп келеді. Әр үш жылда еліміздің бас қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер сьезінің адамзат алдындағы басты миссиясы, біздіңше, осы болса керек.
Талап Тілеген
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен жарық көрді