jasqazaq.kz

Дін – мемлекеттің рухани тірегі

04 қараша 2017, 15:25

 Қазір Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен әзірленіп жатқан «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына қоғамда қызу талқыланып жатқаны баршамызға мәлім. Аталған заңда тек хиджаб киюден бөлек, деструктивтік ағым, діни бірлестіктер жайындағы мәселелер де қарастырылуда. Біздің мемлекетімізде ешқандай дінге шектеу қойылмағанымен, қазіргі әлемдік діни ахуалға байланысты қоғам  нақты заңды қабылдауды қажет етіп отыр. Осыған байланысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Айна Қабыловамен сұхбаттасқан едік.

– Қазіргі талқыланып жатқан дін туралы заңға қандай ұсыныс пікірлеріңіз бар?

– Қазіргі талқыланып отырған заң жобасында діни рәсімдерге қатысу, шетелде діни білім алу, діни некені қиғызуға қатысты мәселелер, қоғамдық жерлерде адамның бет-жүзін тұмшалайтын киім киюге, жігіттердің ұзын сақал қоюы, шолақ балақ шалбар киюі, діни экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл ұйымдастыру т.б. маңызды мәселелер төңірегінде болып отыр. Шетелде діни білім алғысы келетіндер үшін аздаған шектеу енгізілмек. Нақты айтқанда, шетелде діни білім аламын деушілер заң қабылданғаннан кейін жоғары діни білімді өз елімізде алып, жоғарыдан кейінгі білімді ғана шетелде ала алатын болады. Мен бұған толықтай қосыламын.

– Қазіргі қоғамда әсіредіншіл азаматтардың сыртқы формасы қатты талқыға түседі. Мәселен сақал қою мен хиджаб кию мәселесіне қатысты не айтар едіңіз?

 – Жігіттердің ұзын сақал қоюы, шолақ балақ шалбар киюі, қыздардың қара жамылғы оранып, бет-жүзін тұмшалап жүруі қазір өте өзекті мәселе болып отыр. Заң жобасында шолақ балақ шалбар киіп жүретіндерге және сақал мәселесіне қатысты нақты ұсыныс жоқ. Десек те, қоғам тарапынан оған және басқа да мәселеге қатысты ұсыныс енгізу барлығымыздың міндетіміз. Соның ішінде жастар сіздер де, қоғамның ең белсенді қабаты ретінде өз ұсыныстарыңызды айта аласыз. Ал, мұсылман әйелдің хиджабына келсек,  посткеңестік кезеңдегі исламның қайта жаңғыруы кезінде ғылыми-қоғамдық және саяси қоғам арасында қызу талқыға түсті. Әлемдегі зайырлы мемлекеттерде қоғамдық-саяси және саяси-құқықтық позициялар тұрғысынан мұсылман әйелінің киім киісі талқыланып отырылады. Исламдағы әйел – ерекше құбылыс, ол расында да, канондық, қоғамдық-саяси, құқықтық және эстетика-моральдық позициялар тұрғысынан ерекше қатынасты талап  етеді. Әр түрлі дәуірлерде мазхабтар мен әлеуметтік-мәдени дәстүрлерідің айырмашылықтары салдарынан, мұсылман әйелдерінің киімі де түрліше өзгеріп отырды. Ортағасырларда әйелдер паранджа жамылып жүрген. Құранда мұсылман киімінің талаптары нақты жазылған: бас пен дене жабық, беті мен білезіктен бастап қолдары ашық болуы қажет, сонымен қатар мұсылман-әйелге денеге жабысып тұратын және дене бітімін көрсететін киім киюге болмайтыны айтылған. Сондықтан, біздің мақсатымыз, мұсылмандық және ұлттық киімдердің дамуын ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізу арқылы жан-жақты қолдау.

–  Біздің елдегі мұсылман әйелдердің киім кию дағдысы әлі де бір жолға қойылмай келе жатыр ғой. Әлде оған өзге мемлекеттердің әсері басым ба?

– Қазақстандық мұсылман әйелдер үшін, олардың діни тәжірибесі көп жағдайда қазақтың ұлттық бірегейлігімен түсіндіріледі. Сондықтан оларға қазақ мәдениетінің канондарының сақталмағандығы аясында мін тағылса, олар қазақ қызына орамал тағу мен денесін толық жабу дәстүрлі тәжірбие екендігін айтады. «Орамал тағудың дәстүрлі екендігі» аясында сөз қозғағанда, этнографиялық деректерге жүгінсек, 1917 жылғы революцияға дейінгі қазақ әйелдері тақия, кимешек және сәукеле киетін болған. Әйел адам тек отбасында ғана, некесі жүрмейтін аға-бауырларының арасында орамалсыз жүре алатын болған.

Қазіргі таңда түрлі маталар өндіріледі, әдемі көйлектер тігіледі және орамалдардың кең таңдауы бар. Бірақ, өкінішке орай, соңғы уақыттары, мүмкін нақты ақпараттың жоқтығынан болар, кейбір мұсылман әйелдер бізге жат үлгіде киім кие бастады. Мысалға, жақында мешітте бір әйел далада өзіне қара хиджаб киген әйелдің оған, «неге сен қара түсті емес, ашық түсті хиджаб кигенсін, бұл дұрыс емес» дегенін жеткізді. Мұндай түсінік қазақ мұсылман әйелдерінің киім дәстүріне сай емес. Мысалы, теократиялық мемлекеттерде (Иранда) киімге қатаң талаптар қойылған. Барлық әйелдер қара киініп жүреді, ислам құндылықтарының сақшылары арнайы қадағалап отырады. Алайда заманауи мұсылман әйелі тек үймен шектелмеуі тиіс. Зайырлы мемлекетте олар жан-жақты дамуға, заман талаптарына сай бала тәрбиелеуге, сонымен қатар ХХІ ғасырда жоғары және қосымша білім алуға құқылы. Кейбір батыстық БАҚ саясаткерлері исламның әйелге қатынасын келеңсіз етіп көрсетеді, олар мұсылман әйелдерін қара түнекте бейнелеп, ер адамдар тарапынан азап көрген тұлға ретінде бейнелейді. Бұл исламофобия проблемасымен байланысты, оның қайнаркөздері мен дамуын анықтау арнайы ғылыми институттармен кең зерттеліп отыр.

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында жоғары кәсіби мемлекеттік қызметкерлер, білікті теологтар, дінтанушылар, ақпараттық-насихаттық топтар насихаттық шаралар жүргізу арқылы мейлінше белсенді жұмыс жасауы керек.

– «Дінтану» мамандығында студенттерді оқыту және олармен жұмыс қалай жүргізілуде?

– Білім беру – бұл жастардың дүниетанымын қалыптастырудағы маңызды кезең. Қазақстанның білім беру жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта. Бұл жалпы орта білім беру мекемелерінде колледж және жоғары оқу орындарында ешбір дінді тура немесе жанама түрде насихаттауға жол берілмейді дегенді білдіреді.

Бүгінде мемлекет білім алу жүйесіне ерекше мән беруде. Өзге мемлекеттер сияқты Қазақстан да білім беру жүйесі арқылы болашақтың жарқын, сәтті әрі тұтас болатынына сенеді. Бұл үшін мектеп оқушылары, жоғары оқу орнының студенттері діни шеңберлерден, тыйымдар мен шектеулерден еркін болу керек. Олар білім алу аясын кеңейту үшін өзге мәдениет және дін өкілдерімен қарым-қатынасы барынша жақын болғаны дұрыс. Жалпы дін жастардың санасы жетпейтін дүниетанымдық, идеологиялық, ұйымдастырушылық ресурстарға ие.

Тарихи тәжірибе көрсеткендей, зайырлылық — педагогикалық және психологиялық көзқарас тұрғысынан да қазіргі өскелең ұрпақтың гуманитарлық білім беру талаптарына толық сәйкес келеді.

Сонымен қатар, жастардың болашағы көптеген факторлармен байланысты, бірақ оның ішінде ең бастысы білім алу екенін ата-аналар ескеруі керек. Сондықтан қазіргі білім беру жүйесінде адамдардың діни қатыстылығы мен дінге қатынасы жастардың дамуына және білім алуына, қоғамнан оқшаулануына кедергі болмауы керек.

Республиканың зайырлылық ұстанымы азаматтардың дінге немесе мәдени-әлеуметтік алуантүрлілігіне қарамастан олардың барлығына бірдей қарайтынын ескеруіміз керек. Сондықтан да бұл мәселеде ортақ ұстанымды ұстап, еліміздің заң нормаларын сақтаған жөн.

Қазақстанда жоғары кәсіптік білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінің маңызды міндеті белгілі бір құндылықтармен және белсенді азаматтық ұстаныммен болашақ маманның қалыптасуына ықпал жасау болып отыр. Бұл міндеттің өзектілігі қазіргі заманғы қоғамның сапалы трансформация процестерінде адам факторының айрықша рөлін мойындауымен байланысты.

Бұл күрделі мәселені шешуде жетекші рөл студенттің дүниетанымдық жүйесін қалыптастырып, оның зияткерлік және рухани дамуын анықтайтын және оның кәсіби және азаматтық функцияларын жауапкершілікпен атқаратын қасиеттерді қалыптастыруға үлес қосатын гуманитарлық ғылымдарға бағытталып отыр.

Сондықтан, Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында, соның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де халықаралық конференциялар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қоғамдық өмірді жалпы демократияландыру көзқарастарының плюрализмге ықпал ететін күрделі кезеңдерде, жастар кәсіпқойлығы мен олардың заманауи білім беру философиясын түсінуі маңызды рөл атқарады. Бұл білім беру жүйесі қазіргі заманғы әлеуметтік талаптар мен әлеуметтік дамудың негізгі бағыттарын түсінуді білдіреді. Тек осы негізде кәсіптік білім берудің мақсаттары мен мазмұнын ұтымды түрде таңдауға, таңдалған мақсаттарға тиімді қол жеткізуге болады.

Тарихты зерделеу – ұлттық идеологияның іргетасын қалайтын мектеп пен университеттерде пән ретінде ғана жүргізіліп қоймай, патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеуде де шешуші рөл атқарады. Оған ұлттық өзін-өзі тану деңгейі де байланысты. Біз тарихтан оқып, үйреніп қана қоймай, одан сабақ та алуымыз керек. Бұл өткенге баға беріп, болашаққа бағдар жасайтын халықтық жұмыс болуы тиіс.

  • Жалпы қазіргі қалыптасып отырған діни аxуал жайлы ойыңызды білсек деп едік.

– Қазіргі таңда дін төңірігендегі мәселелер әлемдік деңгейде өзекті тақырыптардың біріне айналғаны мәлім. Дін атаулысын саясатқа араластыра, саяси процестің айырықша белең алу себебі – дінаралық қақтығыс ошағындағы қозғаушы күші десек артық кетпеспіз. Жаһандық деңгейде аса күрделі болып отырған бұл келеңсіздіктер Қазақстанды да айналып өтпесі анық. Әлемдегі саяси жағдай татулықтың отаны саналатын қазақ даласының бейбітшілігі мен татулығының бұзылуына қауіп туғызуда. Олай деп айтуға негіз болар айғақтарда да жетерлік.

Бүгінгі күні ежелден сан алуан мәдениет пен өркениеттің тоғысы болған қазақ даласында қазақтың  кең пейілі, тарихи төзімі мен ұлтаралық татулығы арқасында, егеменді елде саяси тұрақтылық берік орнап, этника аралық татулықта жүз отыздан астам ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қазақ жұрты өзінің ерекше кең пейілділігінің арқасында елдегі ұлттар пен ұлыстың басын қосып егеменді ел бола алатынын көрсете білді. Осы аталмыш өнегемізді бүгінде әлемнің сарапшылары мен халықаралық ұйымдары басты жетістігіретінде мойындаған-ды. Бұл бүкіл елдің абырой беделін биікке көтеріп, мемлекеттің негізі болған қазақ ұлтының пәрмені мен парасатын дүниежүзіне паш етті.

Осы орайда ҚР Президенті IX Еуразия Медиа Форумында: «Қазақстан еуропалық тәжірибеге сүйене отырып, қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа үлгілері мен құрылымдарын іздейді, әрі құрады. Бүгінде біздің тәжірибеміз Батыс пен Шығыс елдері үшін тартымды»– деген сөзі еліміздегі қазіргі дінаралық және ұлтаралық кепілдігі екенін нақтылай түседі.

Дін – дәстүр болымысымен ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалыптасып, дін мен дәстүр үндестігі заңдылыққа айналды. Кез-келген халықтың мәдениеті мен өмір сүру салтының басты қайнары – дін. Сондықтан да қоғамның рухани, мәдени болмысы дінмен тығыз байланысты және діннен тыс болуы мүмкін емес. Ал, бұл дегеніміз кез-келген халықтың тарихи тұрақтылығына діннің шешуші рөл атқарып, рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын ең басты дәйегі болмақ.

– Рахмет!

Әсем ҚҰЛМАНОВА,

Астана

24 маусым, 16:32
Chevron -ҚМГ: Сенімді серіктестік жолымен
24 маусым, 15:51
Бақытжан Төлімбет: Түркістанда балалар арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары дұрыс жолға қойылған
24 маусым, 14:23
Түркістан: Түлкібаста жалпы өңірлік өнім 29,9 млрд теңгеге жетті
24 маусым, 14:07
Түркістан: Масылдыққа жол бермеудің жолы – жұмыспен қамту
24 маусым, 14:02
Түркістан: Ауыл мектептері жаңғыртылып жатыр
23 маусым, 16:02
Түркістан: «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы – маңызды жоба
23 маусым, 15:37
Түркістан: Мәдени және әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды
23 маусым, 14:42
Түркістан: Агроөнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер пысықталды
23 маусым, 14:16
Алмас Әбдірахманұлы: Масылдыққа жол бермей, адамдарды еңбекке ынталандыру маңызды