Қазақстанның танымал әншісі Димаш Құдайберген өткен аптада қытайлық миллиардер Джек Ма ұйымдастырған Global Shopping Festival шарасына қатысып, өнер көрсеткен болатын.
Alibaba Group онлайн-сауда компаниясының негізін қалаушы жыл сайын өткізетін Шопинг күні шарасына Димашпен бірге Николь Кидман, Джесси Джей және Фаррел Уильямс секілді әлемге танымал жұлдыздар қатысты.
Аталмыш шарада Димаш Құдайберген әлемдің хитке айналған «Memory» әнін өзіндік стильмен орындап, оған жаңаша көрік берді.
Қазақстандық әншінің таланты мен даусына таң қалған жұрт әлемнің түкпір-түкпірінен оған деген ыстық ықыластарын білдіруде.
«Memory» — Эндрю ЛЛойд Уэббердің «Мысықтар» мюзиклінің (1981 жыл) басты тақырыбы, Гризабелланың ариясы болып табылады.
«Memory» әнін Элейн Пейдж, Барбра Стрейзанд, Сара Брайтман, Селин Дион, Симона Симонс, Сьюзан Бойл секілді танымал жұлдыздар орындаған болатын.
Сонымен қатар, бұл ән «Школа рока» (Миранда Косгров), «Девушка из Джерси» (Ракель Кастро), «Приколисты» секілді фильмдерде орындалған.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Димаш Құдайберген Қытайдағы гастрольдік сапарын бастайды. Қытайлық Weibo әлеуметтік желісіндегі ақпараттарға сенсек, Димаш Құдайберген алдағы күндері Қытайдың бірқатар қаласында ән кешін өткізеді.
Әнші алғашқы концертін 16 желтоқсан күні «Singer — 2017» байқауы өткен Хунань провинциясының Чанша қаласында өткізуді жоспарлап отыр. Ал екінші концерті 2018 жылғы 6 қаңтар күні Фуцзян провинциясының бас қаласы Фучжоуда өтпек.
Айта кетейік, отандасымыздың талантына тәнті қытайлық жанкүйерлер концерт билеттерін қазірдің өзінде интернет арқылы сатып алып жатыр. Билеттердің бағасы 14 мың теңгеден (280 юань) басталып, 84 мың теңгеге (1680 юань) дейін жетеді.
reactor.inform.kz