Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндетін қойған болатын. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі өсіп, 118 млрд теңгеге жетті. Еліміздің ең астықты өңірі саналатын Солтүстік Қазақстан облысында биыл орақ науқаны кешірек басталды. Оған ауа райының жауынды-шашынды болғаны себеп. Бір қуантарлығы, астықтың шығымдылығы жоғары – орташа есеппен алғанда гектарынан 17,4 центнерден айналуда.
Биыл көктемгі су тасқыны тұрғындарды әбігерге салғаны белгілі. Соның салдарынан көктемгі дала жұмыстары әдеттегіден кешірек басталды. Соған қарамастан, егістік алқаптарының 76,5 пайызында егін бітік шықса, 23,5 пайызының жағдайы қа¬нағаттандырарлық күйде.
Биыл өңір диқандарының алдында 4,4 миллион гектар алқаптың егінін жинау міндеті тұр. Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, соның ішінде 3,3 млн гектар жерге дәнді және бұршақты дақылдар себілген. Майлы және мал азығы дақылдары, картоп, көкөніс және бар. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бағытында егістік әртараптандырылып, кешенді жұмыс жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар дақылдар алқабы ұлғайтылуда.
Басқарма басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменовтің «Jasqazaq.kz» порталына берген дерегі бойынша егінге орақ түскен сәттен бастап осы күнге дейін 645,0 мың гектар егістіктің дақылы жиналып, 1122,3 мың тонна астық бастырылған.
Орақ науқаны басталғалы диқандарға жауынды-шашынды ауа райы қолбайлау болғаны рас. Метеорологиялық мәліметтерге сүйенсек, биылғы тамыздағы жауын-шашын көрсеткіші тиісті нормадан 207 пайызға артық болды: 181 мм.-ден 337 мм.-ге дейін артқан.
Соңғы күндері күн райы ашылып, теріскейлік диқандар қарқынға қарқын қоса түсті. Олар ширақ қимылдап, жауапты науқанды барынша қысқа мерзімде аяқтауға бар күшін салып жатыр.
Жалғас Серікбайұлының айтуынша, егін жинау науқанына жеті мыңнан астам техника жұмылдырылған. Соның ішінде 3,9 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 12,7 мың трактор, 9,1 мың трактор тіркемесі және 5,8 мың жүк көлігі қатыстырылды. Техника паркі биыл 100 пайыз жөнделген әрі ұдайы жаңартылып отырады. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері өңірдің агроқұрылымдары бір мыңнан астам жаңа техника сатып алған екен. Бұл мақсатқа 31,6 миллиард теңге жұмсалса керек. Соның ішінде өнімділігі жоғары астық жинайтын комбайн, егіс кешендері, дәнсепкіштер, трактор, өзге де техника мен құрал-жабдықтар бар.
Шаруалардың барлығы арзандатылған отынмен толық қамтамасыз етілген: литріне – 250 теңгеден. Биылғы жиын-терім жұмыстарына 59,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті. Дәнді және майлы дақылдардың тұқымын кептіру үшін мемлекет тарапынан бөлінген 19 976 тонна арзандатылған дизель отыны, сондай-ақ 1008 тонна көлеміндегі сұйытылған газ тағы бар.
Айта кету керек, биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Осылайша, мемлекет тарапынан шаруаларға қажетті көмек тиісінше көрсетілуде.
Топырақ құнарлылығын арттыруға да тиісінше көңіл бөлінеді. Өйткені бұл – мол өнімнің басты кепілі. Сол себепті 250 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш жерге уақтылы сіңірілді. Бұл – былтырғыдан көп. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында фермерлерге отандық тыңайтқыштарды сатып алу үшін субсидиялаудың жаңа тетіктері іске қосылғанының нәтижесінде, мөлшерлеме 50-ден 60 пайызға дейін ұлғайтылды.
Жаңа технологиялар да енгізіліп, тұқым ұдайы жаңартылады. Мәселен, былтыр солтүстік өңірдің ерекшеліктеріне сай «Семеновна» атты жаңа бидай сорты шығарылған болатын. Жаңа сұрыпты аудандастырған – Аққайың ауданына қарасты Шағалалы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғалымдары. “Семеновна” былтыр 3240 гектар жерге сіңірілсе, биыл алқап көлемі ұлғайтылыпты. Станцияның бөлім меңгерушісі Николай Лангтың айтуынша, бидайдың жаңа сұрыбы тез жерсінген әрі шығымдылығы да жақсы: гектар берекелілігі – 15-20 центнер.
Солтүстік Қазақстан облысында астық қабылдайтын 46 элеватор жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы – 3,2 миллион тонна. Бұған қоса жекелеген агроқұрылымдарда 300-ден астам қабылдау қосыны бар. Онда 3,7 миллион тонна астық сыяды. Жалпы, өңір қамбалары 7 миллион тоннаға жуық астықты қабылдауға сақадай сай дайын. Бұл өңірде өндірілген астықтың сақталуын қамтамасыз етуге жеткілікті.
Сондай—ақ биыл жауын-шашынның көптігіне байланысты дән кептіргіштерге сұраныс арта түседі деген жорамал бар. Басқарма басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменовтің мәліметінше, өңірдегі 332 дән кептіргіштің қуаты – сағатына 10,6 мың тонна. Ал бір астық кептіргіштің орташа өнімділігі сағатына 32 тоннаны құрайды.
Әрбір орақ науқанының өзіне тән ерекшелігі болады. Биылғы жауапты кезең теріскейлік диқанға оңайға соғып тұрмағаны рас. Дегенмен егістіктердегі еңбек дүбіріне қарағанда, еңбекшілер жайқалған астықты шашау шығармай, ел қамбасын толтыру мақсатында ширақ қимыл танытуда.
Роза ШӘКЕНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы