Депутат: Шағын несиеге талапты күшейту керек

26 желтоқсан 2023, 12:33

Елімізде соңғы 8 жыл ішінде шағын несие саласы 75 есе, ал оларға тиесілі заем көлемі 2,5 есеге ұлғайған. Мұндай деректерді Мәжіліс депутаты Никита Шаталов («Amanat» партиясы) «Диван сарапшысы» YouTube-каналында жайып салды. Депутаттың пікірінше, шағын несие саласын реттейтін кез келді.

Несиеге шырмалу деген не?
Несие туралы сөз қозғағанда, ең алдымен қоғамның өзін жіктеп алуымыз керек. Біреулер несиені үсті-үстіне алып, шырмауынан шыға алмай жатады. Біреулер оны дәстүрлі капиталистік құрал ретінде пайдаланады: бүкіл жалақысын жұмсағаннан гөрі өзіне керек затты несиеге алғанды жөн көреді.
Көп мөлшерде кредит алған адам міндеттемесін орындай алмауы мүмкін. Не болмаса, қарызынан құтылғанша қиналысқа түседі. Н.Шаталовтың мәліметінше, елімізде 10 миллиондай адам жұмысқа жарамды десек, оның шамамен 12-15 пайызы — несие қамытын сүйретіп келе жатқандар. Олардың табысы тым төмен болғандықтан, мұқтаждығын өтеу үшін үсті-үстіне несие алуға мәжбүр деген гипотеза көп айтылады. Әдетте банктен несие алуға табысы жетпейтіндер шағын несие ұйымдарына жүгінеді.
«Біз шағын несие ұйымдарының схемасын жақсы білеміз. Мәселен, 20-30 мың теңге алса, оны 25-35 және 30-40 мың етіп қайтарады. Кей адам үшін айына 5-10 мың теңгенің өзі үлкен ақша. Сәйкесінше, өмір сүру сапасы төмендейді, төлем қабілетіне кері әсерін тигізеді, ақырында дефолтқа әкеп соқтырады», — дейді халық қалаулысы. Шаталовтың пікірінше, қолданыстағы «Банкроттық туралы» заң мұндай адамдарға онша көмегін тигізе алмайды.
Бағдарлама жүргізушісі, саясаттанушы Марат Шибұтов сөз арасында бес адамның біреуі ғана банкрот болып танылғанын айта кетті. «Бұл – тығырықтан шығатын жол емес. Несие қамытын сүйреткендер осы «сұр аймақта» қалады. Біздің экономика үшін бұл өте үлкен цифр – 1 миллион 200 мың адам», — дейді Шаталов.
Шағын несие ұйымдары және жаңа әлеуметтік саясат
Батпаққа батқандай болып, кредитінен құтыла алмай жүрген тұрғындарды тығырықтан алып шығу үшін, әлбетте, олардың табысын арттыру керек.
«Олармен қалай жұмыс істеу керек? Қалайша табысын арттыруға болады?Бұл – басы ашық мәселе, — дейді депутат. – Адамдардың мінез-құлқын, кең ауқымды әлеуметтік-психологиялық зерттеуді қажет етеді. Қазақстан – үлкен ел. Біздің әр өңірде өмір сүріп жатқан адамдар бір-бірінен мінез-құлқы жағынан едәуір ерекшеленеді. Мұны да ескерген жөн».
Сондай-ақ депутат шағын несие саласын реттеу керектігіне тоқталды. Себебі негізгі түйткілдің бірі осыған келіп тіреледі.
«8 жылдың ішінде шағын несие саласы 75 есе өсті. Әу баста олардың саны 15 еді. Қазір 254-ке жетті. Олардың ішінде ауыл шаруашылығына несие беретіндер бар, тұрақты ірі ұйымдар бар, бірақ, меніңше, олар көп емес», — дейді Шаталов.
Осы орайда саясаттанушы Марат Шибұтов ШНҰ-да мерзімі өткен заем мөлшері 15,7 пайызды құрайтынын, ал банктерде бұл көрсеткіш небәрі 2,5 пайыз деген деректі келтірді.
Сарапшылардың пікірінше, шағын несие саласын реттеу қиынға соғатыны олардың тым көптігімен байланысты. Айталық, еліміздегі 21 банктің 10 шақтысынан ғана тұтыну несиесін алуға болады. Ал 254 ШНҰ-ның бір бөлігі тек қана интернет арқылы, яғни онлайн-заеммен қамтамасыз етеді.
«Біз екінші деңгейлі банктердің шоғырландыру сатысынан өттік. Бәлкім, енді шағын несие ұйымдарын шоғырландыруды қолға алатын уақыт жеткен шығар?» — деген сауал тастады Никита Шаталов.
Дегенмен депутаттың пікірінше, бұл мәселеде тепе-теңдік керек. Бір жағынан, жалақыға дейін шағын неисені кім көрінгенге таратуға тыйым салу керек-ақ. Ал екінші жағынан, біреулер табысын арттыру үшін несиеге жүгінуі мүмкін. Әрине, олардың жолын жабуға болмайды.
Сондай-ақ ол қоғамға мемлекеттік әлеуметтік қызмет сеткасы керек дейді. Сол арқылы қиын жағдайға тап болған адамды тығырықтан алып шығуға болар еді. Сайып келгенде, әлеуметтік саясат тұрмысы төменді табысы орташалардың қатарына, табысы орташа адамның одан жоғары деңгейге көтерілуіне жағдай жасауы қажет. «Алайда дәл қазір олардың әрмен қарай құлдырауына мүмкіндік бермей, тым құрығанда қазіргі қалпында ұстап тұрсақ та жаман болмас еді», — дейді Никита Шаталов.

Наргүл Мырзахмет

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?