Еңбек адамы
Алматы облысының табиғаты төрт түлікті өсіріп, өрісті малға толтыруға сұранып тұрған өңір. Сулы да нулы, жазиралы жайлауы, қыста жайлы қыстаулық мекені бар өлкеде қойшының таяғын ұстап, шопан атанған еңбек адамдарының өнегелі өмірі көпке үлгі. Солардың бірі — Кеген ауданы, Жылысай ауылының тұрғыны, «Жандос» шаруа қожалығының төрағасы Дәулетәлі Нұрлыханұлы. Ақ адал еңбегімен ақтылы қойын өргізіп, Алматы облысының аграрлық саласын, оның ішінде мал шаруашылығын өрістетуге өзіндік үлесін қосып жүрген зейнеткермен сұхбатымыз осы тақырып төңірегінде өрбіді.
Jas qazaq: Дәулетәлі аға, жасыңыз жетпіске таяпты. Әлі де аттан түспей шаруашылығыңызды өрістетіп келесіз. Шопанның таяғы қолыңызға қалай тиді?
Дәулетәлі Нұрлыханұлы: Бұл сұраққа жауап қату үшін әріден қозғауға тура келеді. Себебі біздің әкелеріміз де мал бақты, осы ауылда, яғни бұрын «Жылысай» қой совхозы деп аталған құтты мекенде шопан болды. Әкем Нұрлыхан алты ағайынды. Сол алты ағайындының үшеуі мал бақты. Әкеміз осы ауылда жігіт шағынан қойшының таяғын қолына алып шопан атанды. Кейін зейнеткерлікке шыққан соң бізге аманаттап өткізді. Еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Жоғарыдан түрлі марапат алды, халықтың да құрметіне бөленді. Әкеміздің аманатын арқалап келе жатырмыз. Қазір шаруа қожалығын үлкен ұлым Марат басқарып, жүргізіп отыр.
Jas qazaq: Алматы облысының табиғаты төрт түлікті өсіруге өте қолайлы өңір ғой жалпы. Осы өңірде өрістетіп отырған шаруа қожалығыңыздың қазіргі жай-күйі турасында айтсаңыз.
Дәулетәлі Нұрлыханұлы: Шаруа қожалығымыз негізінен меринос тұқымды қой өсіруге бағытталған. Одан бөлек жылқы, сиыр да бағып отырмыз. Қыс мезгілінде Торыайғыр тауының бөктерінде және Майбұлақ жазығында қыстаймыз. Жаз айларындағы жайлауымыз – Екіаша төрі. Қазақта «мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дейді. Сондықтан да басымдықты негізінен қой шаруашылығына қарай бейімдедік. қозысы. Тым әлжуаз, суыққа да шыдамсыз, әлсіз келеді. Сақман уақытында жақсылап күтіммен қарамасаң, төл алуың қиынға соғады.
Jas qazaq: Алда жаз мезгілі жақындап келеді, жайлаудың бір қызығы марқа қозының етін бал қымызды сапыра отырып жеу ғой. Бие байлап, ұлттық сусынды өндіру ісін өрістетесіз бе?
Дәулетәлі Нұрлыханұлы: Әрине, онсыз бола ма? Екіаша деп аталатын төржайлауымыз – бабаларымыздан бері келе жатқан құтты қонысымыз.
Jas qazaq: Мемлекет тарапынан аграрлық салаға, оның ішінде мал шаруашылығын өрістетуге қажетті түрлі грант, субсидия бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Шаруа қожалығы иелері, өзге де төрт түлік малын өсірушілер мемлекеттің аграрлық саланы өрістетуге бағытталған жеңілдіктерін пайдалануы керек қой.
Дәулетәлі Нұрлыханұлы: Мемлекеттің осы саланы дамыту мақсатында жүзеге асырып жатқан ұлттық жоба, түрлі бағдарламалары бар. Соның аясында әлгіндей өзің айтқан субсидия, жеңілдетілген несие, гранттарды жастардың тиімді пайдаланып, кәсібін өрістетуі құптарлық шаруа. Өзіміз де кезінде меринос қойының жүніне субсидия алып, игілігін көрдік. Қазір ерінбесең, мал бағудан қашпасаң, табысыңды арттыруға мүмкіндік көп.
Jas qazaq: Өзіңіз жетекшілік ететін «Жандос» шаруа қожалығында неше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырсыз?
Дәулетәлі Нұрлыханұлы: Қожалықтың еншісіндегі малымызға жоғарыда айтып өткендей үлкен ұлым Марат қарайды. Одан сырт, тағы үш адамды тұрақты жұмысқа қабылдағанбыз. Маусымдық, яғни көктемгі сақман, жайлауға көшер алдындағы қой қырқымы, күзге салым жүзеге асырылатын жем-шөп дайындау кезінде қосымша адам күшін тартып, ақысын төлеп береміз. Жастарға айтарым, қазақта «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген тәмсіл бар. «Маған көктен түсуі керек» деп қарап жату ер азаматқа сын. Еңбектенсең, нәсібің де моляды. Ел ішіндегі абыройыңды да асыратын – еңбек. Осыны мықтап еске түю қажет.
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет