Дәулет Дидахметұлы: Әкемнің шығармалары – уақытпен өлшенбейтін құндылық

05 наурыз, 12:03

Жазушылық пен ақындық – ерекше қасиет, кез келген адамның қолынан келе бермейтін сирек дарын. Жазушы – айналасындағы жақсы мен жаманын, артық-кемін өзгелерден бұрын аңғаратын көреген жан.

Сондай қаламгердің бірі – Алаш сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Дидахмет Әшімханұлы. Оның туғанына 75 жыл толуына орай ұлы Дәулет Дидахметұлы сұхбат берді.

— Дәулет Дидахметұлы, биыл әкеңіздің өмірден өткеніне 10 жыл толып отыр. Егер көзі тірі болғанда, 75 жасқа келер еді. Қазақта: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген сөз бар. Бұрынғы бір сұхбатыңызда: «Әкем өте қатал болатын, бірақ жасым 13-тен асқан соң жұмсарып, өзімен тең дәрежеде сырласатын болдық» депсіз. Дидахмет Әшімханұлы қандай әке болды?

— Әкемнің бойында қаталдық пен мейірімділік үйлесім тапқан ерекше қасиет бар еді. Ол мені ешқашан «сен әлі кішкентайсың» деп шеттетпей, өмірге ерте бейімдеді. Қайда барса да жанына ертіп жүретін. Соның арқасында қазақ руханиятының шоқтығы биік әдебиет алыптарымен жиі дастарқандас болдым. Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Қалихан Ысқақ, Қасым Қайсенов сынды тұлғалардың әңгімесін тыңдап өстім. Олар әдебиет, ұлт тағдыры, тарих, елдің болашағы туралы ой қозғағанда, мен үнсіз тыңдап, көкейіме түйетінмін.
Әкем өте байсалды, кез келген жағдайды салқынқандылықпен қабылдайтын. Дауыс көтеріп, ұрысқан емес. Оның қаталдығы өз бетіммен ойлануыма, шешім қабылдауыма ықпал ететін. Маған әрдайым таңдау еркіндігін беретін, бірақ жауапкершілікті сезінуді талап ететін. Оның өмірлік ұстанымдарының бірі: «Ақылды тек ақымақ адамға айтады» деген сөзі еді. Бұл – өз ақылыңмен жүр, өмірді өзің таны дегені. Әкем маған дайын жол сілтеген жоқ, өз жолымды табуды үйретті.

— Сіздің өмір жолыңызға, кәсіби таңдауыңызға әкеңіз қаншалықты ықпал етті?

— Әкем менің өмірлік жолымды алдын ала сызып бермеді. Ол ешқашан «мына жұмысты істе», «мына жолды таңда» деген емес. Оның басты ұстанымы – ер азамат өз жолын өзі табуы керек. Бұл – үлкен сабақ.
Мен жауапкершілікті мойныма ерте алдым. Университетті бітірген соң, Шығыс Қазақстан облысына барып, кәсіп ашып, өзімді сынап көрдім. Кәсіпкерлік салада жолым болмаған соң, әкімшілікте, кейін мәдениет министрлігінде қызмет еттім. Бұл таңдауларым өз қалауыммен жасалды. Әкеммен тек ақылдасар адам ретінде кеңесетінмін. Ол мен үшін шешім қабылдамайтын, тек бағыт-бағдар беретін. Бұл – оның даналығы. Ер азамат өз жолын өзі табуы керек.

— Дәулет мырза, әкеңіз Дидахмет Әшімханұлы тек прозашы емес, сонымен қатар мықты журналист, публицист ретінде танылған қаламгер. Оның әдебиетке қосқан үлесі жайлы айтып өтсеңіз.

— Әкем – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер. Ол тек көркем әдебиетпен шектеліп қалған жоқ, журналистика саласында да үлкен еңбек сіңірді. Әсіресе, публицистикалық мақалалары азаматтық ұстанымымен ерекшеленді. Оның әрбір шығармасында қоғамға айтары бар, терең ойға жетелейтін тұстар кездеседі.

— Әшімханұлының әңгімелері тағдыр тақырыбына терең бойлаған. Ол адам өміріндегі күрес пен жеңілісті қалай суреттеді?

— Әкемнің шығармаларына көз жүгіртсеңіз, адам мен тағдыр арасындағы тартысты жиі кездестіресіз. Оның кейіпкерлері түрлі жағдайға тап болады, біреуі тағдырдың сынағынан сүрінбей өтсе, енді бірі жеңіледі. Бірақ жеңілістің өзінен үлкен сабақ ала білу керек деген ойды шығармалары арқылы оқырманға жеткізді.

— Дидахмет Әшімханұлы – тек жазушы ғана емес, аудармашы ретінде де белгілі. Оның бұл қыры жайында не айтасыз?

– Иә, әкем аударма саласында да өзінің ерекше қолтаңбасын қалдырған тұлға. Ол тек шетел әдебиетін қазақ оқырманына жеткізіп қана қоймай, әр шығарманың көркемдік бояуын, жазушының стилін жоғалтпай, шеберлікпен тәржімалаған.
Айталық, әлем әдебиетінің классиктерінің бірі Джек Лондонның «Морской волк» романы оның қаламынан «Теңіз қорқауы» болып қазақ тілінде жаңаша түлеп шықты. Сондай-ақ ағылшын жазушысы Джон Голсуорсидің «Человек из Девона» атты новеллалар жинағын «Девондық адам» деген атпен аударып, оқырманға ұсынды. Бұл туындылар қазақ әдебиетіне қосылған құнды дүниелердің бірі деп есептеймін.
Сонымен қатар, молдаван драматургы Александр Кирийдің «Зона» пьесасын қазақ тіліне тәржімалап, оның Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында қойылуына мұрындық болды. Бұл – оның аударма саласындағы сәтті еңбектерінің бірегейі.
Дидахмет Әшімханұлының аудармалары тек мәтінді сөзбе-сөз жеткізу емес, сол шығарманың жанын, рухын қазақша сөйлетуімен ерекше. Оның аудармашылық еңбегі қазақ әдебиетіне қосылған құнды қазыналардың бірі десем, қателеспеймін.

— «Ел-шежіре» қоғамдық қорының жұмысы жайлы айтып өтсеңіз. Бұл қор немен айналысады?

— Бұл қоғамдық қор әкеміз бастаған рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды көздейді. Ол қазақ тарихын, мәдениетін, әдебиетін дәріптеуге арналған жобалармен айналысты. Біз оның осы мақсаттарын әрі қарай дамытуға тырысып келеміз.

— Дидахмет Әшімханұлының бір мақаласы Алматы қаласындағы көшенің атауын өзгертуге себеп болды. Сол оқиға туралы айтып бересіз бе?

— Иә, ол 80-жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Алтынсарин көшесі. Ұзындығы 100 метр» деген мақаласын жариялады. Бұл мақалада Алматыда Ыбырай Алтынсарин атындағы көше болғанымен, оның тым қысқа екенін және халықтың бұл көше туралы білмейтінін сынға алды. Осы мақала жарық көргеннен кейін, Алматыда бұрынғы Правда көшесі Ыбырай Алтынсарин көшесі болып өзгертілді. Бұл – әкемнің қаламгер ретінде қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамағанының бір дәлелі.

— Дидахмет Әшімханұлының мұрасын дәріптеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Әкем өмірден өткеннен кейін, оның мол мұрасын насихаттау – біздің отбасымыз үшін үлкен жауапкершілік. Оның есімін ұмыт қалдырмау үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.
Қатонқарағай ауылында арнайы ескерткіш орнаттық. Жыл сайын сол жерде әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырып, әкемнің рухына тағзым етеміз. Сонымен қатар, оның шығармаларын қайта жаңғыртуға ден қойып отырмыз. Әкемнің атынан арнайы сайт ашып, оны үнемі жаңартып, толықтырып отырамын.
Биыл – ерекше жыл. Әкемнің дүниеден өткеніне 10 жыл, ал туғанына 75 жыл толып отыр. Осыған орай, мерейтойын республика көлемінде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Бірнеше әдеби-мәдени іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, «Сәулелі ғұмыр» атты биографилық шығармасы, «Кеш» деген шығармалар жинағы, «Ұлттың рух жыршысы» деген атпен естеліктер кітаптары жарық көрді. Ал «Сары самауыр» деген кітабы қайта шығарылды. «Жынды жел» хикаяты желісі бойынша Өскемен қаласының драма театрында пьеса қойылып жатыр.
«Көкперінің кердеңі» атты роман-пьесасын, қыркүйек-қазан айларында сахналауды ойластырып жатырмыз. Бұдан бөлек, биыл, сонау 1968 жылдан бергі шығармаларын жинақтап «Дидахмет Әшімханұлының публицистикалық шығармалары» атауымен арнайы кітап етіп шығаруды жоспарлап отырмыз.

— Дидахмет Әшімханұлының шығармалары бүгінгі күні қаншалықты өзекті деп ойлайсыз?

— Әкемнің шығармалары – уақытпен өлшенбейтін құндылық. Оның шығармаларының негізгі өзегі – Алаш рухы, қазақтың ұлттық болмысы, қарапайым адамның ішкі жан әлемі. Ол – шындықтың, әділдіктің қаламгері. Қаламынан туған әр әңгімесі, әр публицистикалық мақаласы елге ой салатын, жанды қозғайтын туындылар.
Әкем тек жазушы ғана емес, қазақтың жоғын жоқтаған азамат болды. Оның шығармаларында ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген адалдық терең көрініс тапқан. Сондықтан, ол жазған дүниелер ешқашан өзектілігін жоймайды деп сенемін. Әкемнің шығармалары – мәңгілік.

— Сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Әкеңіздің мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғассын!

Сұхбаттасқан Захра Әнуарқызы

16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ
31 наурыз, 16:10
Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге
31 наурыз, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі
28 наурыз, 17:40
“Жұмысшыларды роботтар алмастырып жатыр”. Кентау трансформатор зауыты инновациялық дамуға көшті
28 наурыз, 15:18
Машина жасау: инновациялық серпіліс