Дастан Кенжалин: Қазақ спорт журналистикасын дамыту үшін өз арамызда бірлік керек

27 ақпан, 14:19

БАҚ саласында  кенже дамып келе жатқан өріс спорт журналистикасы еді.  Салалық журналистиканың  шоқтықтысы саналатын осы бағытты дамыту соңғы жылдары қарқын алып келеді. Сан қатпарлы спорт тақырыбын қаузайтын  қарымды журналистерді даярлау кәсіби түрде қолға алынды. Бірнеше жылдан бері елімізде спорт журналистикасы жоғары оқу орнында арнайы пән ретінде  оқылады. 

Орта буын өкілі саналатын белгілі спорт журналисі, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Дастан Кенжалинмен әңгімеміз де осы саланың сан қатпары турасында өрбіді.

–  Спорт журналистикасын таңдауыңызға кім себепкер болды?

– Спорт журналистикасын таңдауымның себебі – спорт. Мен бала кезімнен спортты жақсы көріп келемін. 1978 жылы Алматы қаласында туып, 10 жасыма дейін атам мен әжемнің қолында өстім.

Бал дәурен балалық шақта бәріміз де асық ойнап, доп теуіп өстік қой. Мен де ауылда (бұрынғы Торғай облысы Арқалық ауданына қарасты «Қайыңды» совхозы) таңның атысынан кештің батысына дейін ойын жасындағы бала болып, Дәурен ініммен және Еркін жиен ініммен ойынның түр-түрін ойнап өстім.

Ауылда 1985 — 1988 жылдары бастауыш класта оқып жүргенде біздің ауылдағы үйге газет-журналдар көп келетін. Менің атам – Омар Кенжалыұлы сол кезде ауылдың почтальоны болатын. Ол кісінің негізгі мамандығы зооветеринар еді. Атамның өзі де аудандық газетке материал жазып тұратын. Ал әкем Жұмабек Омарұлы Кенжалин де журналист, публицист, қазіргі тілмен айтсақ, медиаменеджер болды.

1980-жылдардың ортасында біз ойын баласы болғаннан кейін газет-журналдарды оқымасақ та суреттеріне қызыға қараушы едік. Сол кезде мен бірінші рет Марадонаның суретін көрген едім. Одан басқа АҚШ-тан Совет Одағына келген Саманта Смит пен құқық қорғаушы Анжела Дэвис туралы материалдар мен солардың суреттері көп берілетін. Ауылдағы үйде спорт туралы кітаптар да болды.

1988 жылы Алматыға барғанда үйдегі «Мексикадағы футбол тойы» деген кітапты көрдім. Бұл кітап қазір де біздің үйде тұр. Өзім кішкентай кезімнен футболды жақсы көріп, доп теуіп өскендіктен бе, осы кітапты өзіме жақын тарттым. Кітапты ашып, парақтап қарасам, 1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпионаты туралы жазылыпты. Бұл кітаптың авторы – сол кезде «Лениншіл жас» газетінің журналисі Несіп Жүнісбаев екен. Несағаңды мен сол кезден білемін.

Басында Несағаңның кітабын көрген бетте оқып шықтым деп айта алмаймын. Оны кейінірек, есейгенде оқып, кітаппен толығымен танысып шықтым. Сондағы суреттерге, ішіндегі фактілерге қызықтым. Өзімнің бала кезімнен кумирім болған Марадона, сол кездері Совет Одағы мен Киевтің «Динамосының» жаттықтырушысы қызметін бірге атқарған Валерий Лобановский мен оның ойыншылары туралы материалдарды қызыға да құныға оқып шыққаным рас.

1988 жылы Германия Федеративтік Республикасында (Батыс Германияда) футболдан Еуропа чемпионаты болды. Оны теледидардан үзбей қарап шықтым. Әкем, Жандос інім үшеуміз 16 команданың ойындарын қарадық. Бұл сында КСРО құрамасы екінші орын алып қалды. Бірақ чемпион болмаса да чемпионға бергісіз ойын өрнегін көрсетті. Сол кезде біз ауладағы бірнеше бала болып футболшылардың атын жейдемізге тігіп, номерлерін жапсырып ойнағанымыз бар. Маған Аргентина мен Голландия құрамасы қатты ұнайтын. Кумирлерім Диего Армандо Марадона, Рууд Гуллит пен Олег Протасов болды.

Алматының «Қайрат» клубының ойындарына да барып жүрдік. Ұмытпасам, 1988 жылы 14 мамырда әкем, Жандос үшеуміз «Қайраттың» Вильнюстің «Жалгирис» командасымен ойынына барған едік. Бұл ойында жерлестеріміз 1:2 есебімен жеңілсе де жақсы ойнады. Трибунада жанкүйерлердің Евстафий Пехлеванидиді «Пеха, Пеха!», деп ойынға қайрағаны есімде қалыпты. Бұл командада Асқар Қожабергенов, Сергей Волгин, Вахид Масудов, Фанас Салимов пен басқа да тамаша футболшылар өнер көрсетті.

1988 жылы Алматыға келгенде ауладағы балалармен танысып, күн сайын футбол ойнайтынбыз. Содан кейін дәптерге КСРО, әлем, Еуропа чемпионаттарының кестесін жасайтынбыз. Асқар нағашы інім екеуміз басқа елдердің де ұлттық чемпионаттарындағы болмаған ойындардың барлық турдағы есебін жазып, өзімізше командалардан чемпион жасайтын едік. Ал менің спорт журналист болуыма әкем мен Несіп Жүнісбаев түрткі болды.

Мен мектепте, университетте оқып жүргенде Несағаңды сырттай білуші едім. Бірақ жақын араласып көргенім жоқ. Сол кезде Несағаңның «Лениншіл жастан» кейін «Спорт» газетінде жұмыс істегенде қазақ спорт журналистикасының дамуына көп еңбек сіңіргенін білемін. 1990-жылдардан бері «Спорт» газетін басқарған кезде Несағаңның қарамағында істеген журналистердің бәрі жаман болған жоқ. Бәрі де жақсы журналист болып кетті. Қазір олардың бәрі өз орындарын тауып, әр салада еңбек етіп жүр.

Несағаңмен алғаш рет 2000 жылдардың басында көзбе-көз жүздесіп, сөйлестім. Әкем мен Несағаң пойызбен Астанаға  біргекелген еді. Сол кезде әкемнің жақын досы белгілі журналист Болатбек Орманов екеуміз ол кісілерді күтіп алып, көлікте кетіп бара жатқанда менің «Астана ақшамы» газетінде жұмыс істеп, әр түрлі тақырыпта жазып жүргенімді білетін Несаға: «Дастан, сен әр тақырыпқа бара бермей, өзіңе жақын тақырыпты жазсайшы. Мәселен, спорт деген жақсы тақырып қой. Осыдан бастамайсың ба?», — деп өзінің жанашырлық ойын айтып еді. Әкем де оның сөзін қолдай кетті.

— Несаға, дұрыс айтады, — деді әкем.

Содан кейін Несағаңның сөзін ескеріп, «Астана ақшамы» газетіне бас редактордың орынбасарлары Талғат Батырхан мен Ғалым Қожабековтің спорт тақырыбына берген тапсырмаларын орындап, ай сайын газетте «Сайыпқыран» спорт бетін жүргізе бастадым. Ал 2004 жылы «Астана ақшамында» спортты жазып жүргенімізді ескерген «Егемен Қазақстанның» басшылығы газетке спорт журналисі етіп алды. Шынын айту керек, Несағаңның 2002 жылы Астана теміржол вокзалының жанында жазуды спорттан бастамайсың ба деген сол сөзі менің журналист болып қалыптасуыма көп әсер етті.

«Егеменге» келіп, спортты жаза бастадым. Содан кейін 2011 жылы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, Астана мен Алматыда өткен VII Қысқы Азия ойындарының алауын Қостанай қаласының көшелерінде ұстап жүру мүмкіндігіне ие болдым. Сол кезде Несағаңның: «Сен өзіңді кіші санай берме. Сен Сейдахмет Бердіқұловтың сыйлығын алуға әбден лайықсың», деген сөзі 10 жылдан бері спорт тақырыбында қалам тартып жүрген жұмысыма үлкен баға болды.

— Жазғы және қысқы  Олимпиада, Азия ойындары сынды айтулы додаларды арнайы барып  жазудың әсері бөлек қой жалпы. Өзіңіз де бірнеше ірі сайыстарды көріп жазып жүрдіңіз.

— Жақсы сұрақ қойып отырсыз. Шетелге шығып, сол жақтан материал берген жақсы. Жазудың әсері де басқаша болады. Бәрін үтір, нүктесіне дейін жазғың-ақ келеді. Бірақ кейде газеттің нөмеріне баратын жол есептелген соң, материалдың көлемін азайтамыз. Мұндайда көрген-білгеніңді қойын дәптерге түртіп, кейін кітап етіп шығаруға болды. Жолсапардан эссе, әңгіме жазсаң,  тіпті жақсы. Бір өкініштісі, іссапардан көлемді дүние жазып көрмеппін. Азия спорт журналистерінің шақыруымен Сауд Арабиясына футболдан Испанияның Суперкубогы үшін Мадрид қаласының «Реал» мен «Атлетико» клубтарының арасында өткен финалды тамашалауға барғанда «Мен көрген Мекке», «Сауд Арабиясына сапар» деген жолсапар жазып едім, оның өзінің көлемі аз болып шықты. Асығыстау жазылған соң, солай болады. Ал елге келгенде жұмысқа кірісіп, уақыт өткен сайын ұмытыла береді екен.

Мен Олимпиадаға көп барған жоқпын. 2004-2017 жылдары «Егемен Қазақстанда» жүргенде көбіне редакция басшылығының қалауымен Оңдасын Елубай мен Бақтияр Тайжан баратын. Оңқаң демеушілер тауып, өзі барып жүретін. Ал мен солардың дүниелерінің үстінен қарап, бас редакторға немесе оның орынбасарына дайындап беретінмін. Олимпиада басталар алдында жарты жыл бұрын «Олимпиада алауы», «Дүбір» тағы басқа да айдарлармен көлемді мақалалар жариялайтынбыз.

2016 жылы Қытайдың Моңғолкүре ауданында төл күресімізден тағы бір әлем чемпионатының жалауы желбірегенде жергілікті қандастарымыздың елге деген сағынышын, Қазақстанға деген үлкен құрметін көрдік. Көшеде тұрған екі бозбаланың «Қазақстан біздің жүрегімізде» деген сөзі әлі есімнен кетпейді. Айта берсек, әңгіме көп. Қысқасы, ел көру деген жақсы. Ал одан жақсысы, көрген-білгеніңді көкейге тоқып жүру.

— Спорт журналистикасына қызығушы жастардың шоғыры қалың ба?

— Бұл сұраққа жаңа жауап бердім ғой деймін. Тағы да қайталап айтсам, қазір жастар болсын, жасы келген журналистер болсын, бәрінің ғаламторға байланып отырғаны рас. Дегенмен спорт журналистикасына қызығатын жастар көп. Мысалы, Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика факультетінің жанынан спорт журналистикасы кафедрасы ашылған. Оның ашылуына белгілі журналист ағамыз Дүрәлі Дүйсебай мұрындық болған. Қазір осы оқу орнындағы студент-жастардың спортқа қызығушылығына қарап, сүйсінесің. Студенттерге Ермұхаммед Мәулен мен Ербол Қайыров сабақ беріп жүр.

— Сан қатпарлы  қазақ спорт журналистикасын дамыту үшін қайтпек керек?

— Әуелі қазақ спорт журналистикасын дамыту үшін өзіміздің арамызда бірлік керек. «Бірлік болмай, тірлік болмайды», дейді ғой. Журналистерде мемлекетшіл сезім болу керек. Спорт журналисі жарысқа барып, содан мақала жазып, сұхбат алмай, өзіңіз айтқандай, сан қатпарлы қазақ спортының проблемасына үңіліп, проблема болса, соны шешуге атсалысу керек. Қарапайым адамның қолы жетпейтін жоғары жаққа елдің проблемасын жеткізіп, үн қосып отыру керек деп ойлаймын.  Осы мақсатта біз бір топ бастамашыл жігіт болып Қазақстан спорт журналистерінің федерациясын қайта аштық. Дәлірек айтсам, Спорт журналистері қауымдастығы қайтадан федерация болып құрылды. Бұл қауымдастықты 1992 жылы Несіп Жүнісбайұлы ашқан болатын. Қауымдастықты Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығы (AIPS) мойындаған. Қазір біздің әріптестер аталған қауымдастықпен хат алысып, жұмыс істеп жатыр.

Жаңа мемлекетшіл сезім туралы айттым ғой, соны  тарқатып айтсам деймін. Ең алдымен елдің салауатты өмір салтын ұстануы, денсаулығы, адамның жинақы да жігерлі, шымыр да шыдамды болып жүруі керек десеңіз мемлекеттің болашағы спортқа тікелей байланысты.

Спорт – денсаулық кепілі, дені саудың жаны сау деп жатамыз ғой. Қазір қазаққа ең керек спорттың түрі бұл – жеңіл атлетика, суға жүзу, ескек есу. Басқа да жарақат аз алатын командалық спортпен айналысу керек.

Бүгінде бүкіл әлемде спорт үлкен бизнеске айналған. Кеше балабақшадағы бір топ балдырғанның қатарласын тепкілегені, бүлдіршіндердің бірін -бірі аяусыз соғатыны бұл ата-анасының ғана тәрбиесі немесе тәрбиешінің ғана кінәсі емес, ол бүкіл қоғамның түйткілі.

Оған қоғам, мына сіз бен біз кінәліміз. Бокс, кикбоксинг, ережесіз жекпе-жек деген жауыздыққа тәрбиелейді. Беттен ұрып, жақты сындыру, іштен теуіп, мұрын бұзу деген спорт емес. Оны ұлықтап, насихаттаудың қажеті жоқ. Ол  ұлтыңа жасалған қастандық. Сондықтан спорттың төресі, жаңа айтқанымдай, жеңіл атлетика.

Мен спортпен барлық Қазақстан азаматы 100 пайыз айналысу керек дегенге қосыламын. Жер-жерде спорт алаңдары салынуы керек. Спорт журналистері көпшіліктің арасында жүргеннен кейін, ақшалы, қалталы азаматтарды халыққа қолжетімді спорт заттарын сатуға, спорт алаңдарын салуға, спорт үйірмелерін ашуға ынтыландыру керек. Кәсіпорны, цехы бар бизнесмендер қарапайым халыққа сапалы аяқ-киім тігіп берсе, тегін үйірмелер ашып берсе, жарыстар өткізіп, ақшалай сыйлық беріп жатса, спорт журналистері осының басы-қасында болса деймін. Ал спорт журналистерінің шығармашылығына келсем, еліміздің әр жерінен бір-бір қазақ спорт журналистерінің көшбасшысы атанған Сейдахмет Бердіқұлов, «Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген мини-футболдан отбасылық турнирді өткізіп, басқа да көптеген бастамаларды көтеріп, іскер азамат екенін көрсетіп жүрген Несіп Жүнісбайұлы мен қазақ спортының тарихын зерттеп, өнімді еңбек ететін Қыдырбек Рысбек шықса, осының өзі жетіп жатыр.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуан Есімбай 

 

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде