Дәрігер жазасын жеңілдету дұрыс па?

30 қыркүйек 2022, 10:06

Ақтөбеде жанжал. Ақ халатты абзал жандар оқушыларға салатын екпені шатастырып алған. Рауан ауылындағы орта мектептің 1-сыныбында оқитын қырық балаға манту сынамасының орнына туберкулезге қарсы вакцинаны салыпты. Облыстағы денсаулық сақтау басқармасының басшылары осындай жағдайдың орын алғанын мойындап отыр. КТК телеарнасының хабарлауынша, құқық қорғау органдары тексеруді бастапты.

Бір апта бұрын Рауан ауылындағы мектептің 1-сыныбында оқитын қырық оқушының ата-анасына манту сынамасы салынатыны алдын ала ескертілген. Біраз күннен соң балалардың білегі ісініп, артынан іріңдеп тесіле бастайды. Кей баланың қолтығы мен тамақ безі шошынып, қолын көтере алмай қалған. Екпе салған дәрігерлер оқушылардың қолындағы іріңді құрғатып алып, дәкемен байлап беріпті. Рауан ауылының тұрғыны Дәурен Өскінбаев: «Манту мен БСЖ-ның түрін бәлен жыл жасаған медиктер білу керек. Олар байқаған. Ата-аналардан жасыру үшін іріңді сығып, баланың қолына май жағып, бинт таққан. Оның өзі қылмыстық іс деп білемін. Қырық оқушының бәріне бірдей манту сынамасы емес, туберкулезге қарсы вакцина салынған. Оны білектен емес, иықтан төмен салу керек», – деп ашынады.

Вакцинаны жекеменшік «Медикус» орталығының мамандары шатастырыпты. Олар мемлекеттік тапсырыс арқылы мектеп оқушыларына қызмет көрсетеді. Қазір екпе салуға жауапты дәрігер мен мейірбике тергеліп жатыр. Ал балаларға екпенің кесірі тие ме, жоқ па, оны ешкім айта алмайды. Алты ай бойы дәрігерлердің бақылауында болатыны да, жекеменшік медициналық орталықтың ыстық тамақпен қамтитыны да ата-ананың көңіліне жұбаныш бола алмайды. Олар білікті мамандарды жинап, балаларды толық тексеруден өткізіп берсін деп отыр. Сондай-ақ қателік жіберген дәрігерлер мен жекеменшік емхананың жауапқа тартылуын талап етеді.
Осындай жағдай орын алып жатқанда адам денсаулығына нұқсан келтірген (кейде тіпті өлімге әкелген) дәрігер жазасын жеңілдетуге ұмтылу қаншалықты орынды? Ал біздің денсаулық сақтау министрлігі қазір дәл осындай ұсынысты ортаға салып отыр.

Құзырлы мекеме «Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің кәсіптік міндетін тиісінше орындамағаны үшін» деген 317-бапты былайша өзгертуді ұсынды:
• денсаулыққа орташа залал келтіргені үшін – айыппұлдың ең жоғары шегі 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке бас бостандығынан айыру;
• денсаулыққа келтірген ауыр зардаптар үшін – 2000 АЕК, бас бостандығын шектеу немесе екі жылға қамауға алу;
• науқастың өліміне әкелсе – төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу;
• екі немесе одан да көп науқастың өлімі үшін – алты жылға дейін бас бостандығын шектеу;
• Науқасқа ВИЧ жұқтырғаны үшін – түрмеге балама ретінде бес жылға бас бостандығын шектеуді қарастыру.

Байқасаңыз, бұл реформаны жасаушылар айыпты болған дәрігердің жазасын барынша жеңілдеткісі келеді. Осы орайда танымал адвокат Айман Омарованың сөзімен келісеміз. «Дәрігерлерде корпоративтік ұйымшылдық күшті. Олар бір-бірін қашанда қолдайды. Жемқорлық пен диплом сатып алатын дәрігерлер бар кезде денсаулыққа, тіпті жеңіл зиян келтіргеннің өзінде жазадан құтылмауы тиіс», – дейді заңгер. Оның айтуынша, керісінше, жазаны қатайту қажет. «Министрлердің балалары ауылдағы ауруханада емделсе ғана жазаны жұмсату туралы сөз қозғауға болады. Қазір медицина қызметкерлері жеңіл жазамен құтылады. Сол арқылы адам өмірі құнсызданып кетті», – дейді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда зардап шеккен науқастарға 40 млн теңгеден астам материалдық өтемақы төленген. Жыл сайын медицина қызметкерлерінің үстінен 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. Бұл көрсеткіштің аз-көптігіне баға беру қиын. Оның үстіне, қылмыстық іс қозғау үшін бұлтартпас дәлел керек. Айталық, 2017-2019 жылдары тіркелген 925 шағымның 39-на қатысты іс қозғалған. 2020 жылы 892 іс тіркелсе, оның тек 13-не (1,4%) қатысты қылмыстық іс қозғалған. Дәрігердің жазаға тартылуы оңай емес екені осыдан-ақ көрінеді.
Ақтөбедегі оқиғаға оралсақ, қазір әлеуметтік желіде талқыға түскен тақырыптың соңы денсаулық сақтау министрін орнынан алып тастау туралы үндеуге жалғасты. Заңгер Анна Дмитрович дәрігер қателігі үшін қылмыстық жазаны жұмсарту туралы реформаны денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әзірлеп жатқанын, оны Мәжіліске ұсынса, қабылданып кетуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда.

Қалай болғанда да, мұндай өзгеріс қоғамның талқылауынан өткеннен кейін ғана қабылдануы тиіс. Әйтпесе, Ақтөбедегі сияқты жағдай көбейеді. Сондай-ақ 2020 жылы Атырауда «Құдай өзі кешірсін» деп тірі нәрестені тоңазытқышқа салған дәрігерлер ісі әлі ұмытыла қойған жоқ.

Наргүл Мырзахмет

27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»
01 ақпан, 11:05
Тумысы бөлек тұлға