Дархан Мыңбай: Дұшпанның табасынан сақтасын!

04 ақпан 2022, 11:37

Жыл басындағы аласапыранды ой елегінен өткізген отандастарымыз байыпты болжамын да, салиқалы сараптауын да, тың талдауын да, кейде, өкінішке қарай, күлдібадам долбарын да жариялап жатыр. Мұнысына қарап, «жұрттың бәрі ақылшы, кеңесші, көсем, шешен болып кетті» деп кінәлаудың қисыны келмес. Керісінше, көзі ашық азаматтардың көңіл түкпіріндегісі тысқа шығуға тиіс. Оны есту – аз, ескеру керек. Жүргізіліп жатқан тергеу істерінің нәтижесін күтіп отырғандар қаншама. Сондықтан жөн сөзге құлақ түрер естілікті, білімділік пен сауаттылық танытуды әркім өзінен бастасын.

Бұл – саяси мәдениетті қалыптастырудың ең басты алғышарты. Әлбетте, пікір алуандығы, пайым қайшылығы да болуы мүмкін. Бұл кезеңді жедел бағалау немесе асықпай таразылау – уақыт сыны. Ал ашықтық күңкілді, сыпсыңды, қауесетті, өсекті емес, емен-жарқын, айбатсыз, айбалтасыз сөзді талап етеді. Сондай амал ғана шалажансар күй кешкен, ұйықтап жатқан қоғамдық, ұлттық сананы оятып, жаңғыртады. Әрине, дүрмекте мүйізі қарағайдай саясаттанушы, ойлы сарапшылармен жағаласқан сергелдең сәуегейлерді, елірме ермелерді де ел көріп-біліп отыр. Әсіресе, көрші елдердің «көріпкелдері» алыста отырып тон пішуден танбады. «Біреудің қорасы өртеніп өшіре алмай жатса, біреу келіп сол отқа қойдың басын үйітеді» деген тәмсілдің кері келіп, қара жамылғандардың қайғысына емес, өз ұпайын түгендеуге тырысқандар да байқалды. Осындайда «бір ышқынып, бір қақалып-жөтеліп қалатындар» да қылаң беретіндер де әр тұстан көрінді. Қазір, Құдайға шүкір, ешкім алданбайды. Бұдан да қиын, ауыр кездерді бастан кешкен еліміз әлдеқашан аңқаулықтан өткен. Тек осының бәрін бағып, өлшеп-пішіп отырған дұшпандардың табалауын бір сәт те естен шығармасақ екен. Пиғылы терістер өз ішімізге де от салатынын, шаланың ұзаққа созыла беруін діттейтінін ұмытуға болмас.

Шындығын айтсақ, қоғамның бар жігінде, базарда да, мазарда да құрғақ сөзге, қысыр сөзге, жел сөзге құмарлық белең ала бастағаны аңғарылады. Біз «Білек сыбанып, жең түрейік, ісіміз күтіп қалды» деп ертеңді қамдайтындардың көбейгенін қалар едік. Сілкінген қоғамды серпіліске қандай жол апармақ?

Ең әуелі – ортақ тәртіпке бағыну, жалпыға бірдей заңды орындау, қазақтың бірін-бірі құрметтеуі. Одан кейін айтар ойында дән бар, елге тиімді ұсынысы анық мамандарға қауымды зәру етпеу маңызды. Мемлекеттің барлық саласын қайта құру міндеті де өзекті. Өлшем – халықтың билікке сенімін бекемдеу. Кез келген мемлекеттік қызметкер үшін одан артық абырой-бедел болмауға тиіс.

Мемлекеттің пайдасын, қоғамның пайдасын, дәстүріміздің пайдасын ойлағанда ғана алға қарай адымдаймыз. Тек өз қамын, жеке пайдасын ойлау жақсылыққа апармайды. Бұл – ханға да, қарашаға да бірдей талап.

Елімізде жаны таза, шындық десе басын қатерге тігуден де қорықпайтын, елшіл, зерделі, ізгі жандар жетерлік. Сонымен бірге күншілдіктен құтыла алмай жүрген, бір жерде қатар қызмет етсе де, адал азаматтарға, солар арқылы тұтас елімізге қалайда қара күйе жағуға жанталасып бағатындардың кездесетіні жасырын емес. Сондықтан, қолынан іс келетін алғыр, іскер, жауапкершілікті мойынға алудан қашпайтын азаматтар бір-бірін қолдағаны жөн. Елімізді де, ешкімді де «досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрмесін».

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?