Елімізді транзит хабына айналдыру туралы Президент тапсырмасын орындау мақсатында біраз жобалар қолға алынып, біртіндеп іске асырылып келеді. Мәселен, теміржол саласында 1300 шақырымды құрайтын 4 ірі инфрақұрылымдық жоба жемісті жүзеге асып жатыр.
Жуырда көлік министрлігі көлік саясаты департаментінің директоры Нұрлан Кеңесов «Мемлекет басшысының теміржол саласындағы жобаларды іске асыру туралы тапсырмаларының орындалу барысы» атты баспасөз мәслихатында: «Теміржол және транзит саласында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі инфрақұрылым жобалары қарқынды жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде еліміздің көлік-логистика әлеуетін арттырып, тасымал саласының дамуына әсер етеді», — деп атап көрсетті.
Жоғарыда айтылған төрт жобаның бірі — 2023 жылы құрылысы басталған Дарбаза — Мақтарал теміржолы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған шойын жолдың құрылысы 2023 жылдың қараша айында басталды. 152 шақырымдық Дарбаза – Мақтарал бағытын салыстырмалы түрде ауқымды деуге келмейді. Әйтсе де, халықаралық транзит дәлізін дамытуға қосатын үлесі қомақты болмақ. Шағын және орта бизнеске серпін беріп, Түркістан өңірінің дамуына ықпал ететіні өз алдына.
Қазір Өзбекстанға баратын жүк ағымы «Сарыағаш» станциясы арқылы өтеді. Орталық Азиядағы негізгі серіктесіміз саналатын өзбек ағайынмен арадағы сауда-саттық көлемі жылдан-жылға артып келеді. Ол жақтан былтыр елімізге 1,4 млрд долларға тауар келсе, бізден 2,8 млрд долларға тауар жөнелтілді. Сондықтан жүк өтетін жалғыз бекет аздық етеді. Ал жаңа теміржол құрылысы Сарыағаш – Ташкент бағытындағы жүкті жаңа тармаққа бұрып, сол арқылы экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, «Самұрық-Қазына» бұл инвестициялық жобаға 286 млрд теңге жұмсайды. Еліміздің жобадағы үлесі — 85 пайыз.
Түркістан облысының шалғайында орналасқан Мақтарал мен Жетісай аудандарын басқа өңірлерге жалғайтын Дарбаза — Мақтарал жобасының құрылысы екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде Ердәуіт — Мақтарал желісі – «Сырдария» станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасына дейінгі аумақ қамтылады.
Екінші кезеңде Жетісай — Өзбекстан шекарасы да сол станцияға әкелетін тармағы қосылады. Құрылысқа бас-аяғы 19,7 мың тонна рельс, 280 мың темірбетон шпал мен рельсті қосатын тетік керек. Шойын жолды төсеу кезінде 3400 жұмыс орны құрылатыны да айтылды. Сондай-ақ Мақтарал — Дарбаза теміржолы бағытында 9 станция салынады.
Тағы бір тиімді жағы — Ауғанстан, Иран, Тәжікстан, Өзбекстанға тасымалданатын жүк осы желі арқылы жылдам жеткізіледі. Жалпы Ташкент торабын айналып өтетін бұл бағыттағы жүк ағымы 10 -14 млн тоннаға көбеюі тиіс. Кейін тасымал көлемі 20-25 млн тоннаға артады деген жақсы болжам бар. Қай жағынан алып қараса да, екі жаққа да жүкті жылдам жеткізетін бағытқа айналайын деп тұр.
Биылғы қаңтар айындағы мәлімет бойынша, жоспардағы 203 шақырым рельс шпалының 100 шақырымы дайын. Сондай-ақ 1,4 млн текше метр топырақтағы жұмыс атқарылған (жоспар – 9,5 млн текше метр). Құрылысқа 46 жол-құрылыс техникасы мен 70-тен адам астам адам тартылған. Теміржол іске қосылғаннан кейін 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Мамандардың есебінше, Дарбаза — Мақтарал жобасы бірнеше жылдың ішінде өзін-өзі ақтауы тиіс.
ҚТЖ-ның ірі жобаларды жүзеге асыру дирекциясы филиалының теміржол құрылысы жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Нұрабаевтың айтуынша, теміржол іске қосылғаннан кейін Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Мақтарал және Жетісай аудандары еліміздің үлкен теміржол магистраліне шыға алады. Алдағы уақытта маңайында тіршілік қыз-қыз қайнайын деп тұрған жаңа шойын жол өңірдің экономикалық дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Наргүл Мырзахмет
Сурет: Primeminister.kz; ҚТЖ