Парижді мойындатып жүрген Дана Мұса: «Қазақ әйелдерін әлемге үлгі етем»
Балерина, хореограф, режиссер және педагог Дана Мұсаның Париждегі көрмесі туралы естігеннен-ақ онымен жүздескім келді. Отандасымыздың өзіндік би түрінің негізін қалап, қауымдастық құрып жүргені туралы бұған дейін аз-маз естісем де, өзін көрудің сәті түспеген болатын. Соңғы 7-8 жылдан бері Францияның астанасында білімін шыңдап, өз саласында дара жол салып үлгерген қазақтың өнерлі қызымен оның шығармашылығы және арман мақсаттары туралы сөз өрбіткен едік.
Қымбатты Дана, Парижде жүргеніңізге қанша уақыт болды және мұнда келуіңізге не себеп?
Парижге келгеніме жеті жылдан асты. Келген себебім – осы жаққа магистратураға түстім. Ал оған дейін Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер академиясын кинорежиссер мамандығы бойынша тәмамдағам. Мен негізі кішкентай кезімнен бишімін, талай театрларда биледім, көптеген жеке концерттерімді де қойдым. Бірақ өз елімізде оқу таңдар кезде би факультетіне бармадым. Кино, фото, видео жасау қатты қызықтыратын, сондықтан би киноларын шығарсам деген арманмен режиссерлікті оқыдым. Кино факультетіне магистратураға түстім, бірақ онымен қатар Француздың ұлттық брендіне айнлалған Ив Касати классикалық би мектебінде оқыдым. Ол екі оқуды біткен соң, «Департемен де ля данстағы» (Париж 8 университеті, би факультеті) үшінші оқуымды бастап кеттім. Бұл өзі Париждегі таза би өнерінің егжей-тегжейін оқытатын жалғыз оқу орны. Онда зерттеу де болды, би теориясын да өтті, практика да қатар жүрді, тіпті бидің медициналық қырын, анатомиялық ерекшелігіне дейін үйрендік. «Би және философия», «Би және архитектура» деген сабақтар болды. Бұл пәндердің маңызы зор екен. Адам ой-санасынан бастап, кеңістікті тиімді пайдалану жолдарына дейін үйретті. Мен бүгінгі таңда өз ассоциациямды құрсам да, биші-хореограф ретінде жұмыс жасасам да, әлі де үйреніп келем. Өмір бойы үйренуге, жаңа біліммен толыға беруге болады деп сенем.
Неге нақты Парижді таңдадыңыз? Неге Лондон емес? Неге АҚШ емес?
Мен басында құжаттарымды тапсырғанда, төрт қалаға тапсырдым. Париж, Лондон, Лос-Анджелес және Нью-Йорк. Төртеуіне де түсіп тұрдым, төртеуі де мені қабылдады. Сосын Париж бен Нью-Йорктің арасында таңдау жасағым келді, мен Францияны таңдадым. Бұл шешімімді өмірімдегі ең жақсы таңдау деп ойлаймын. Тарихтан
білетініміздей, балет өнерін Версаль сарайында XIV Людовик ойлап тапқан. Негізін осы жерден алғандықтан, балеттің бұл жақтағы даму қарқына да ерекше.
Көрмеңіздің аты «Этно Балет: Әйелдің жеті архетипі» деп аталады екен. Бұл қандай типтер?
Бұл жеті архетип біздің, яғни әйелдер қауымының бет-бейнесін, өмірлік жолын танытатын, ықылым заманнан бері келе жатқан образдар. Ол сатымен жоғары өрлегендей, «Аңшы» деген архетиптен басталып, «Шабандоз», «Амазонка», «Емші -бақсы», «Абыз», «Патшайым», «Құдай ана» деп аталатын 7 типтен тұрады. Ең бастысы, сақ, скиф сынды біздің жүздеген жыл бұрынғы ата-бабамыздың тарихынан шабыт алған бұл әйелдер образы нағыз қазақ әйелінің, сонымен қатар барша әйел қауымының өмірлік жолы іспетті. Бұл идеяны жүйелеп, Еуропа жұртшылығына насихаттап бастағаныма біраз уақыт болып қалды. «Аңшы» архетипіндегі әйел бейнесі өзіне және отбасына қажет азықты аулап, сол үшін күресіп, жанталасса, барлық өсу, даму белестерінен өте келе, соңғы архетипке жеткенде өзін емес, өзгенің игілігін ойлайтын, қолындағы барымен бөлісуге даяр, көңілі тоқ, жаны тыныш жомарт әйел тұлғасына дейін өсіп, жетіледі. Бұл архетиптерім кез келген әйелдің рухани эволюция жолы деп айтуға болады. Жалпы идеясы – әйел әрқашан өз орнын, өз мүмкіндігін, өз миссиясын білуі керек, жеке тұлғалық қасиеттерін дамыта отырып, қоғамдағы орнын табуға ұмтылуы тиіс дегенге саяды. Өзге жат идеологияның құлы болғанша, өз тамырымыздан нәр алған осындай идеяны насихаттасақ, қоғамда әйел құқы мен міндетіне қатысты мәселе аз болар еді деп ойлаймын. Осы фотокөрмедегі әр архетипті өз биіммен «Этно балет» стилі арқылы түсіндіріп келемін.
«Этно балет» идеясы қалай туды?
Жалпы мен екі нәрсені: классикалық балетті және ежелгі заман тарихын өте қатты жақсы көрем. Сақ, сармат сынды тайпалардың тарихын оқушы кезімде жата-жастанып оқитынмын, тіпті талай олимпиадада жүлдегер атандым. Осы жанымдай жақсы көретін екі дүниемнің басын қалай қоссам, қалай тоғыстырсам болады деп үнемі армандайтынмын. Би әлемінде балеттің тек екі түрі бар: классикалық және заманауи. Маған ұстаздарым үнемі айтатын: «Дана, міне осы екеуінің бірін таңда», деп. Мен жоқ, екеуі де емес, маған мүлдем басқасы керек дейтінмін. Мен негізі бұл арманым туралы 11 жасымнан ойлап бастағам. Ойлана келе, іздене келе «этно балет» деген жаңа концепт жасап, онда балеттің негізін сақтай отырып, оған біздің номадтардың, көшпенділердің өмірлік философиясын қосып жасап шықтым.
Бұл өнерді Қазақстанда дамытуға не кедергі болды? Әлде ештеңе кедергі емес, ол жаққа барып та дамыта алам деп ойлайсыз ба?
Жақсы сұрақ. Мен елден кеткенде өте жас болдым. 21-де ғана едім. Ол кезде шығармашылығым мен өмірімдегі негізгі тұжырымым, философиям әлі толық жетілмеген еді, әлі де оқуым керек болды. Бірақ оны дамытып, кәсіби тұрғыдан шыңдау үшін әрине, уақыт керек болды. Келдім, оқыдым және жұмысымды бастаған кезде француздарға менің идеям қатты ұнайтынын байқадым. Әсіресе мен өз билерім арқылы насихаттайтын әйелдік қасиетті өте жылы қарсы алды, бұл оларға бүгінгі таңда өте керек екен. Өйткені, әйелдердің бір тобының қолынан ештеңе келмесе, екінші тобы тым белсенді болып, ер адамнан айырмашылығы болмай қалған, сөйтіп «алтын аралықты» жоғалтып алуға шақ қалған. Ал менің идеям: нәзік әйелдік болмысыңды сақтай отырып, қалайша мықты әйел болуға болады деген сұраққа жауап іздейді. Өз жан дүниесіне үңіліп, табиғи мүмкіндіктерін пайдалана бастайды. Сондықтан осы жақта құрған бұл қауымдастықты осы игі мақсат жолында дамытып, осында қалып қойдым. Бірақ мен әрине өз еліммен, Қазақстанмен де бұл білгеніммен, түйгеніммен бөліскім келеді. Бұрын бұлай жасауға әлі ертелеу, өзімді дамыта түсу керекпін деп ойлайтынмын, тіпті сұхбат беруден де қашқақтайтынмын. Өйткені, біреумен бір нәрсе бөлісу үшін, өзіңде ол нәрсе молынан болу керек деген ұстанымдамын. Егер қазақ қыздарында, ел театрларында ортақ жоба жасауға деген қызығушылық туындар болса, қазір мен өз тәжірибеммен бөлісуге дайынмын. Этно балет қауымдастығымызға бес жыл толып отыр, түйгеніміз мол. Өз отандастарыма барып, біздің тарихи болмыс-тамырымыз туралы, ерекшелігіміз туралы әңгімелеп, билеп, түсіндіріп берер едім… Өз елім маған бәрінен де ыстық, туған еліме қатысты шаруада менің жауапкершілігім бірнеше есе арта түсетіні анық.
Жаңа дүниенің қарсыластары шығуы заңдылық ғой. Этно балеттің негізін қалап, енді дамытып жатқанда, сынды көп естіген боларсыз?
Әрине, жаңа дүниені жасау әрқашан да қиын. Әлі де оңай емес. Бәрі түгел мойындап шықты деп толық сеніммен айта алмаймын. Бүгінге дейін не классикалық немесе заманауи балет қана бар деп дес бермейтіндер де жетеді. Бұл жақтың мәдениет министрлігі қаржылай демеу бөлгенде, балеттің тек осы екі түріне ғана жоспарлап үйренген. Этно балет деген ол жерде әзірге жоқ. Бірақ болашақта мойындатып, оның да болатын күні алыс емес деп сенемін. Ал әзірге жалпы көрерменді шартты түрде екі топқа бөлер едім: біріншісі өте зор қызығушылықпен, таңданыспен бағалайды, келеді, ұнатады, үйрену үшін қалады, олар басым көпшілікті құрайды. Екінші топ бар: олар бұл бағыт бір жекелеген ұлттың фольклорына қазықталған дүние ме деп аздаған күмәнмен қарайды. Мен оларға бұл әмбебап архетип, барша әйелге қатысты ортақ концепт екенін ұғындыруға тырысып жатамын.
Алғашқы жетістіктеріңіздің қатарына нені жатқызар едіңіз?
Жетістік деп нені айтуға болады? Менің спектакльдерім мен гострольдік сапарларымды жатқызуға болатын шығар… Лондонда төрт рет гастрольмен болдық,
жуырда тағы барам. Әлемдік «ТED» ұйымы арнайы шақырып жатыр, әдетте ол жерде бәрі сөйлесе, мен билейін деп тұрмын. Сонымен қатар, Стокгольмде болдық, Францияның оңтүстік қалалары Ницца, Каннда өткен фестивальдерге қатысып, бірнеше рет қойылымдарымызды көрсетіп келдік. Бүгінгі таңда алты спектакліміз бар. Режиссері, әрі хореографымын. Соло болып тек өзім билеп шығатын, сондай-ақ төрт адам билейтін «Амазонка» және «Тамыр» атты қойылымдарымыз бар. Ал қазір жаңа «Номад» («Көшпенділер») деп аталатын үлкен жобаны дайындап жатырмыз. Қараша айында, әйелдерге зорлық жасауға бүкіләлемдік қарсылық күні болатын фестивальде «Амазонка» қойылымын тағы да қоямыз. Ол спектакль өзін-өзі қорғай алатын биік рухты амазонка әйелдің бейнесін көрсетеді. Негізі әйел тақырыбы, оның еркіндігі мен құқығы мәселесі әлемде әлі де өзекті күйінде қалып отыр. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанымызға кейде сенеріңді немесе сенбесіңді білмей қаласың, себебі көп әйелге әлі күнге дейін адам ретіндегі қарапайым құқы үшін күресуге тура келіп отыр. Еуропада басқа елге қарағанда бәлкім жағдай сәл жақсырақ шығар, бірақ Францияның өзінде орта есеппен әр үш күн сайын зорлыққа тап болған бір әйел өледі екен. Бірақ басқа елдердегі статистиканы көргенде, одан сайын шошисың: Ресейде әр 40 минут сайын бір әйел зорлықтың құрбаны болып өлсе, ал Үндістанда бұл құбылыс әр 12 минут сайын қайталанады. Қазақстанда да жағдай алаңдаулы деп ойлаймын. Әсіресе, соңғы уақыттағы түрлі әлеуметік, діни проблемалар осы көрсеткіштің көбеюіне өз «үлесін» қосып жатыр ма деп қорқам. Сондықтан, соған қарсы ұлттық иммуниетті күшейту үшін, этно балеттің маңызы мен қажеттілігі арта түседі деп санаймын. Этно балет мен үшін жәй ғана би стилі немесе бір бизнес жоба емес, бұл менің ойым, тынысым, арманым, тереңдігім, шынайылығым, мен сенетін өмірлік философиям… Сондықтан бұл жүректен шыққан өнерді басқалар да түсініп, қабылдап, керегін алады деп үміттенемін.
Сөзіңізде сабақ беремін деп айттыңыз. Сіздің сабаққа кімдер келеді? Тәлімгерлеріңіз, шәкірттеріңіз жайлы айта кетсеңіз.
Қазіргі таңда мен классикалық және этно балеттен сабақ берем. Классикалық балеттің есігі бәріне ашық: ер адам болсын, әйел кісі болсын, жас бала болсын, бәрібір. Әуесқойлардың ішінде дәрігерлер, өрт сөндірушілер, кәсіпкерлер, инженерлер, экономистер, ғалым профессорлар, бәрі бар. Ал этно балет тек әйелдер үшін. Негізінен 18 жастан 60 жасқа дейінгілер тәнін ғана емес, жанын әйелдік мінезге баулу, табиғи қайнарынан қуат алып, әйелдік бастауын табу үшін келеді. Солардың ішінде өте жақсы нәтижеге қол жеткізгендерін спектакль қоюға алып жатамыз.
Ал осындай көрмені ұйымдастыру, биді сурет ретінде беру деген кімнің идеясы? Кімдер көмектесті?
Мен өзім биге қатысты фото мен видеоны көп жасаймын. Биші модель ретінде бұл салаға келгеніме біраз болды. Бұл жұмыстардың авторы фотограф Александра Банти әуел
баста маған әуесқой биші ретінде дәріске келген. Кейінірек оның әйел образдарымен жұмыс жасайтын кәсіби фотограф екенін білдім. Содан кейін бірлесіп жұмыс жасауды ұйғардық. Сосын мен жұмыс жасайтын келесі бір галереяның басшысы (ол да мықты әйел), сол суреттермен көрме жасауды ұсынды. Бұл – менің алғашқы көрмем. Бұл көрмені өзге елдерге апарып, ондағы әйелдерге де көрсетіп, барынша танытқым келеді.
Отбасыңыз туралы айта отырсаңыз. Қай жақтың тумасысыз?
Мен Қазақстанның батыс өңірінде, Атырауда туғанмын. Сегіз жасымда отбасымызбен бірге Ақтау қаласына көшіп келдік. Ол жақта сегіз жыл болдым. Саналы балалық шағым сол жерде өтті дей аламын. Отбасында жалғыз баламын. Бірақ анамның ағасының екі қызымен бірге өстік, сондықтан отбасында екі апам бар деп есептеймін. Негізі, отбасым шығармашылыққа жақын деп айта алмас едім. Бірақ мен кішкентай кезімнен биге, тарихқа өте жақын болғанымды айтып өттім ғой. Тек Ақтауда балет мектебі болмады. А.Селезнев атындағы би училищесі тек Алматыда болды. 12-14 жасқа келгенде биді кәсіби тұрғыда, тереңдеп оқығым келді. Ал анам болса, шығармашылыққа түбегейлі кетуімді аса құптамады, ол мектепті бітірген соң экономистің оқуын оқисың дейтін. Мектепті өте жақсыға бітірдім, сосын ҚазҰУ-ға, халықаралық қатынастар факультетіне қиналмай оқуға түстім. Бірақ бұл жайт мені түк те қуантқан жоқ, себебі менің жан қалауым бөлек еді. Сосын мен өзімше ізденіп, «Салтанат» академиялык халықтық би ансамбліне барып, би мектебінен арнайы білімім жоқ болса да, кастингтен өтіп кеттім. Сонда бір маусым жұмыс жасадым. Сол жылы үйдегілерге айтпастан, университеттен құжаттарымды алдым да, Өнер академиясына қайта тапсырдым. Отбасым әрине, ренжіді. Бірақ өмірімдегі шешуші маңызды сәт сол кез еді, қанша қиын болса да, мен өз таңдауымды дұрыс жасадым деп санаймын. 16-17 жасымда бел буып, өзі өмірімді өз қалағанымдай етіп өзгерттім, егер сол кезде тәуекелге бармағанда, ешқашан өзгерте алмас па едім, кім білсін? Би маған оңайлықпен келмеді, мен ол үшін, билеу құқы үшін әбден күрестім. Жаңа, дара жол салу әрдайым оңай болды деп айта алмаймын, түсінбегендер де болды. Бірақ табиғатымнан биге икемді етіп жаратқан соң, қабілетіме еңбекқорлығым қосылып, бүгінде Парижден өз ассоциациямды құрып, осындай дәрежеге жеттім. Жақындарым да нәтижені қарап отырып, менің бұл өнер жолымды түсініп, қабылдады.
Бәрекелді! Дана десе дана екенсіз. Ал тегіңізде неге -ова -ева деген жалғау жоқ?
Басында Жұмағалива деген фамилиям болған. Бірақ мен өзім 13 жасымда нағыз қазақ болғым келді де, тегімді қазақы етіп ауыстырам деп шештім, өйткені сол жасымда әртіс болатынымды білдім. Дана Мұса деген есім маған, менің табиғатыма көбірек келеді деп ойлаймын. Сосын АХАЖ бөліміне барып, барлық қажет рәсімдерді жасап шықтым. Негізі мен бала кезден бәрін өзім жасап, ерте бойжеткен қызбын. Бес жасымнан дүкенге баратынмын, сегіз жасымнан үйдің жарығы мен суын төлеп келетінмін… Он бір жасымда
әртіс болам деп шештім, ал он үш жасымда тегімді «Мұса» еттім. Он алты жасымда өз шешіміммен құжаттарымды басқа оқу орнына ауыстырдым.
Қазақ, орыс, ағылшын және француз тілін білетін сияқтысыз. Соңғы екі тілді қалай үйрендіңіз?
Мен негізі мектепті орысша оқығанмын. Бірақ ол жердегілердің барлығы туған тарихыма деген ерекше қызығушылығым үшін және ана тілім – қазақ тілін жақсы білгендігім үшін мені «Нағыз қазақ» деп айтатын. Ал негізі ешқашан арнайы тіл курстарына барған емеспін. Ағылшынды өз бетіммен үйренгем. Осындай жолмен французшаны толық меңгеруіме екі жылдай уақыт кетті. Араласу, оқу барысында үйреніп кеттім.
Отбасын құруға асықпайсыз ба?
Мен тек би ғана керек, одан басқа ештеңенің маңызы жоқ дейтін кейбір бишілер сияқты емеспін. Реті келіп, өмірлік азаматым кездесіп жатса, мен де әйел затымын ғой, отбасын құрып, ана, жар болғым келеді, әрине. Тағдырыма не жазылса да мен қабылдауға дайынмын. Алайда ол менің жеке қалауыма ғана байланысты нәрсе емес қой, сондықтан асығып, сапасыз одақ құруға да ұмтылмаймын. Кейін өкінгеннен, жылағаннан құдай сақтасын. Өз уақытымен, сапалы қадам жасағанды құп көрем. Сондықтан күтудемін… Негізі өмір мен өнерді қатар алып жүрген көпбалалы замандастырымды қатты сыйлаймын.
Елге оралғыңыз келе ме?
Мен туған жеріммен байланысты үздім деп ойламаймын. Географиялық тұрғыдан қай жерде болғаным аса маңызды емес. Мен өзім Қазақстанда болмасам да, Қазақстан үнемі менің жүрегімде, рухани байланыстамын. Менің жеті архетипім – соның қарапайым ғана дәлелі. Мен күн сайын этно балет сабағында алдыма келген барлық тәлімгеріме «қазақ», «номад» деген сөзді бірнеше рет қайталап айтып жатамын. Өзімдегі қазақылықты француздардың бойына сіңіріп жатырмын десем болады. Менің қай жерде жүргенім емес, елім, төл руханиятым үшін не жасап жүргенім маңыздырақ деп санаймын. Мен дәл осылай жасау арқылы елде болғаннан гөрі қазаққа көбірек пайда тигіземін деп ойлаймын. Қазаққа қазақ екенін дәлелдегенше, еуропалықтарға өз мәдениетімізді насихаттап, дамытуым арқылы еліме пайдалырақпын деп ойлаймын. Қазақстанға барып, маған мынадай идеяны дамытуға мынша ақша бер деп қол жайғаннан гөрі, менде мынадай бар деп бергенім жақсырақ емес пе?
Ал патриоттық дегенді қалай түсінесіз?
«Патри» деген французшадан аударғанда «жер» деген мағына береді. Яғни патриот деген ол өз жерін жақсы көретін адам. Әркім махаббатын өзінше танытып жатады ғой. Ал мен өзімше өз туған жерімді, туған елімді сүйемін деп ойлаймын.
Оқырмандарға, туған еліңізге не тілек тілер едіңіз?
Ең алдымен, барша отандастарыма денсаулық тілер едім. Сосын бейбіт күн тілеймін. Өйткені әлемде қазір соншама көп соғыс жүріп жатыр, олардың кейбірі бізден алыста да емес, ал бұл алаңдатпай қоймайды. Бізде құдайға шүкір, тыныштық. Бірақ біздегі бар бейбітшілік өте нәзік дүние екенін де ұмытпауымыз керек. Біздің ұлтымыздағы толеранттылықтың, өзге мәдениетке деген түсіністік пен сыйластықтың арқасында сол қолда барымызды сақтай білсек, бөлінбесек, ауызбіршілік танытсақ, тыныштықты сақтауға болады. Ал бөліне бастағанды бөрі жейді. Соғыстың оты тұтануы бір ақ сәт. Сондықтан мен барша қандастарыма, халқыма көшпенділерге тән толеранттылықты сақтауға, бірақ соның өзінде өзіміздің шынайы мәдениетімізді ұмытпауға, биік болуға, тамырымыздан нәр алуға шақырамын. Прогрессивке, дамуға, ілігерілеуге ұмтылған оптимист болыңыздар. Өткенмен рухани байланыс болу керек, бірақ біз сол ғасырдағыдай өмір сүру керекпіз дегенді білдірмейді. Нәрін алып, қалдығын қалдыру керекпіз. Өзгенің идеологиясынан, жалаң насихатынан аулақ болайық. Әйел адам тіршіліктің жалғасы екенін, қоғамның көрсеткіші екенін ұмытпай, оларды сыйлайық. ХХІ ғасырдың адамына тән әрекет жасайық. Өз жолымызбен дамыйық.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет. Армандарыңызға қанатыңыз талмай жете беріңіз!
Сұхбаттасқан Алма Сайлауқызы,
Астана-Париж