Даму банкінің MEGA жарылқауы

18 тамыз 2016, 14:38

284672246fc33cfb2bc591c495e0891c-og

Сонымен Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорынан алынған 15 млрд теңге ойын-сауық орталығын салуға жұмсалады. Осы аптада Астанада Қазақстан Даму банкінің төрағасы Болат Жәмішев баспасөз мәслихатын өткізіп, «бұл, тіпті тиімді инвестиция»,  деп аспандағы айды қолымызға ұстатты.

Естеріңізде болса, зейнетақы қорындағы қаражаттың ЭКСПО аумағындағы құрылыс нысандарына жұмсалатыны жұрттың ашуын келтірді. Оны Болат Жәмішев те  біледі. Ол «ЭКСПО» туралы қайта-қайта айта беру қисынсыз. Салынып жатқан баспана, ойын-сауық орталықтары ЭКСПО нысаны емес. Бұл үлкен туристік жоба», –  деді. Жалпы, осындай түсініксіз жайттардың кесірінен соңғы кезде қарапайым халық ЭКСПО-ны бүкіл қаражатты қылғытып жұтатын, бала-шағаның несібесіне де ортақтасудан жүзі жанбайтын жеті басты тойымсыз өңеш кейпінде көретін болды. Бұған кім кінәлі? Қит етсе, «ЭКСПО» деп жалаулатып, көрмені сүйкімсіз етіп көрсетудің астарында қандай саясат бар? Ол жағы белгісіз.

Белгілісі қарапайым халықтың зейнетақы қорында жиналған ақшасы жеке бизнеске жұмсалатыны. Бір кездері Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилиянов  сауда-саттықпен айналысатын МЕГА орталықтарға субсидия бөлуді тоқтатуды сұрады. Соған қарамастан, кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың тағы бір жеке бизнесіне қаржы сұрап отыр. Астанадағы Mega Silk Way ойын-сауық орталығының құрылысын бітіру үшін бар-жоғы 15 млрд теңге керек екен. Оны «Бәйтерек Девелопмент» холдингі алады. Ал «Бәйтеректің» қайдан алатынын өздеріңіз де білесіздер. «Бәйтерек» демекші, жуырда ғана газетімізге сұхбат берген Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев аталған холдинг қыруар қаражатты тиімсіз пайдаланғанын айтты. Елімізге сырттан әлеуетті инвестор іздеудің орнына, қарызға белшесінен батқанын нақты санмен келтірді. Ал Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев үнсіз. Үндемегені қолдағаны ма?

mega_silk_way_1600_750_80

Зейнеткерлер ақшасының  қайдағы бір «Сауда, ойын-сауық орталығын» салуға жұмсалғанын қаламайды. Бірақ салымшының келісімін сұрап жатқан ешкім жоқ. Экономист Азамат Жолдасбеков  зейнетақы жинағы мемлекетке емес, халыққа тиесілі. Сондықтан жиналған қаржыны қалай пайдалану керектігін халық шешуі керек деп есептейді. «Қартайғанда ол ақшаға ешкім сенім артып, иегі қышымауы үшін осы кезге дейінгі жинақталған ақшаның қайда жұмсалғаны туралы жариялау керек шығар» деді ол  әлеуметтік желіде ашынып.

Ал Қазақстан Даму банкі төрағасы Болат Жәмішев өз әрекетін екінші деңгейлі банктер ауқымды жобаны қаржыландыра алмағандықтан, осы мәселемен айналысуды жөн көрдік деп түсіндіреді. Оның айтуынша, қарыз 15 жылға алынған. Банк Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорынан несиені 15 пайызға алып, акционерлік қоғамға 16,5 пайыздан беріп отыр.

Банк төрағасы «Менің ойымша, бұл сенім артуға болатын қаржы салымы. Зейнетақы қорындағы қаржы инвестиция болуы тиіс. Егер  инвестициялық кіріс келтірілмесе, онда ақша құнсызданады», –  деп сөзін түйіндеді. Бірақ бізде ненің қалай құнсызданатынын  уақыт дәлелдеп жүр.

Жадыра Шамұратова

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс