Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз

19 қараша, 15:33

 Дәлел Зейнешұлы Уәшев таныстыруды қажет етпейді. Репертуарында 300-ден астам ән бар. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері сахнада ән шырқап, көрерменнің құрмет-қошеметіне бөленіп келеді.  Оқырман назарына Захра Маханованың Jas Qazaq үшін әншіден арнайы алған сұхбатын ұсынамыз.

 — Дәлел Зейнешұлы, қасиетті ән өнерінде белгілі қолтаңбаңыз бар тұлғасыз. Сізді жерлерстеріңіз: «мектеп қабырғасында жүрген кезінде киелі өнерге қадам басып, әншілігімен көзге түскен» деп жатады. Жалпы өнерге қалай келдіңіз?

— Өнерге деген құштарлық мектеп кезінде оянғаны рас. Оның үстіне ата-анамның ән айтатын қасиеттері бар еді. Әкем Зейнеш ауылдан алыс шықпаса да, жиын-тойда «әу» дейтін әсем қоңыр дауыстың иесі болатын. Анам Ғайни да қара жаяу емес, әнді бір кісідей шырқатып жіберетін. Қырдағы шопан ауылының той-томалағы ата-анамның әнінсіз өтпейтін.

Мектептен кейін Өскемен музыкалық училищесінде (қазіргі Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжі) алғашқы ұстазым Павел Голушкодан «Жеке ән салу» мамандығы бойынша дәріс алып, 1989 жылы бітірдім. Сол жылдары Өскеменде жергілікті кәсіби білім беретін техникалық училищесінің (СПТУ) Мәдениет үйінде Болат Жұмаханов деген азамат басқаратын «Арай» атты ұлт-аспаптар оркестрі болды. Музыка училищесінде оқып жүріп, әншілігіммен қоса, осы оркестрде бас домбырада ойнадым.  Ол 1985 жыл болатын. Менің өнердегі еңбек жолым да осы мәдениет мекемесінен басталды, маған алғаш еңбек кітапшасы ашылды.

Кейін шертер деген аспапта ойнадым. Облыс көлемінде оркестр ұжымымен концерттерге шығып жүрдік. 1988 жылы Шымкент қаласында оркестр аралық республикалық байқау өтті. Сол байқауға қатысып, біздің «Арай» ұлт-аспаптар оркестрі I орын алды. Оркестрге және бізге де жекелей марапаттар табысталды. Өнерге енді тәй-тәй басқан мен үшін ол үлкен жетістік еді.

— Арман жетелеп үлкен қалаға, үлкен өнерге қадам бастыңыз. «Құрманғазы» атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын үздік оқып бітірдіңіз. Студенттік кезеңдегі естеліктеріңізбен бөліссеңіз.

— Иә, музыка училищесін бітірген 1989 жылы «Құрманғазы» атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына қабылдандым.

Консерваторияда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Шахимардан Абиловтың класында оқып, 1994 жылы бітірдім. Одан бірден аспирантураға тапсырып, Қазақстан Республикасының халық артисі, профессор Ғафиз Есімовтың класында шығармашылығымды шыңдап, 1996 жылы тәмәмдадым.

Мен II курс оқып жүрген 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырай бастаған кез. Халыққа қолайсыз уақыт басталды. Жұмыс жоқ. Тамақ тапшы, тек талон арқылы алатын уақыт. Сол кезде консерваториядағы оқуыммен қоса, балабақшада күзетші болып жұмыс істедім. Ол уақытта қалада дүңгіршектер (киоск) көп болатын. Нұрлан Нұртазин деген күрстасым сондай бір дүңгіршекте істейді екен, маған бірге істеуді ұсынды. Мен келісе кеттім. Содан екеуіміз кезектесіп істеп, айлық алып, жағдайымыз оңалып, өзіміз ғана емес, курстастарымызды да тамақтандырып, көмектесетін болдық.

— Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, еңбек жолыңыз, қай қызмет орнынан басталды?

— Аспирантурада оқып жүргенімде маған студенттер берді. Классикалық вокал дейміз ғой, сол өзі опералық (опера айтатын әншілер) және камералық (концерттік әншілер) болып екіге бөлінеді. Осы жерде менің кәсіби маман ретінде жұмысым басталды. Студенттерге камералық ән айтудан сабақ беріп бастадым.

1997 жылы қазақтың Еңбек сіңірген әртісі, белгілі күйші, композитор Секен Тұрысбеков «Ақ жауын» деген ансамбль құрып, мені әнші бол деп шақырды. Ұсынысты құп алып, негізгі жұмысыма қосымша, ансамбльдің ең бірінші әншісі болдым. Содан, ән айтып, 2000 жылға дейін ансамбльмен бірге Қазақстан қалаларында концерт қойып, елді араладық.

1997 жылдан бастап Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға ресми көшіру жүзеге асып жатқан кез, өзіңіз білесіз. Содан 2000 жылы Секен Тұрысбеков «Ақ жауын» ансамблімен бірге Астанаға көшті. Мен бармай қалып қойдым.

— Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында үздіксіз қызмет етіп келе жатқаныңызға 25-ші жыл дедіңіз. «2009 жылы академияның «Жеке ән салу» кафедрасының меңгерушісі Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, Халықаралық «Алтын күз» камералық конкурсының лауреаты, доцент Д.З. Уәшев тағайындалды» дегенді естіген едік. Одан басқа мәдени мекемелерде басшылық лауазымда болғаныңызды білеміз. Қазір осы кафедрадағы бұрынғы қызметіңізге қайта келіпсіз. Осының бәрін тарқатып айтып берсеңіз.

Иә, онда әңгімені әріден бастайын. Өнердің қара шаңырағы киелі оқу ордасы — Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында (әрі қарай, академия) 1979 жылы музыкалық комедия кафедрасының негізінде «Жеке ән салу» кафедрасы ашылған. Бұл кафедраның негізін қалағандар: Қазақстанның халық артисі профессор Кәукен Кенжетаев, доцент Марияш Жолымбетова, Рахилям Машурова, Есім Сегізбаев, Полат Ильдаров, Мәлік Ерғалиев, Гулнара Гизатова сынды белгілі тұлғалар. Жаңа кафедраның ашылудағы негізгі мақсаты: студенттерді актерлік шеберлікке оқыту, сонымен қатар, актер-әншіні тәрбиелеу, вокалдық музыка орындаушыларын кәсіптік деңгейде дайындау қажеттілігі еді.

Академиядағы қызметім 2000 жылы, жоғарыда айтылған «Жеке ән салу» кафедрасында студенттерге классикалық вокалдан сабақ беруден басталды. 2009-2015 жылдар аралығында осы кафедраның меңгерушісі болдым.

2016 жылы мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне директор болып тағайындалдым. Екі оқу жылы сол жерде басшылық қызметте болдым. Одан «Алатау» дәстүрлі өнер театрына директор қызметіне ауыстым. Бірақ негізгі жұмыс басқа орындарға ауысқанмен, академияда 0,25 ставкада жұмыс істеп, ұстаздық қызметімнен қол үзгем жоқ.

Биылғы жылдан бастап мені қайта осы кафедраның меңгерушісі етіп тағайындады.

Келесі жылы  мерейлі 60 жасқа толасыз. Әншілер айтып жатады ғой, сахнада жүргеніме 20 жыл, 30 жыл болды деп… Сіз өміріңізді әнге балап жүргеніңізге қанша жыл болды?

— Сахнада жүргенімді 1989 «Құрманғазы» атындағы Қазақ ұлттық консерваторияға түскен жылдан бастап есептеймін. Өйткені мен оқуға түскен жылы Орталық Азиядағы бес мемлекет: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан студенттері арасында өткен ән айту байқауына қатысып, топ жарып, лауреат атандым.

Тәуелсіз еліміздің қалыптасу жолында қаншама мәдени іс-шараларда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрамында ел аралап концерттер қойдық. Сонымен қатар, Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрімен бірге талай өнер көрсеттім. Төлепберген Әбдірашев ағамыз дирижерлік ететін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен көптеген шығармалар орындадым. Әсіресе, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблімен бірге Қазақстанның қалаларымен қатар шетелді араладым.

— Әншілер шығармашылық кеш ұйымдастырып, концерт беріп, болмаса белгілі бір уақыт аралығында есеп бердім деп жатасыздар. Ол заңдылық. Сіз жеке кешіңізді қаншалықты жиі өткізесіз?

— Мен, барлық уақытта ұстаздық қызметіммен әншілігімді қабат алып жүрмін. Жеке шығармашылық кештерім Алматыда Республика сарайында, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында, Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің ғимаратында өтті.

Жеке кештерімді атап айтсам, 2001 жылы ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналды. Одан кейін Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арнап, Республика сарайында жеке концерт бердім. Осы мерекеге арнап, Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған композитор Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әніне және композитор Микаэл Таривердиевтің «Песня о далекой Родине» әніне 2 клип түсірілді. 2010 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің және камералық ансамбльдің қатысуымен Жеңіс күніне арналған «Әлі есімде» атты жеке концертім және т.б. Ойлап отырсам 10-ға жуық жеке концертімді беріппін.

– Өзіңіздің репертуарыңызда қанша ән бар?

– 300-ден астам ән бар деп толық айта аламын. Оның ішінде халық әні де, романс та, классика да, эстрада да баршылық. Мақтанғаным емес, мен кез келген тақырыпқа ән айта аламын. Өз тұжырымымша, әнші сондай болуы керек.

Әрбіріміз тарихымызды, салт-дәстүрімізді, қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп, оған құрметпен қарауға міндеттіміз. Сонда ғана нағыз қазақтың дәстүрлі өнері мен құндылықтары ұштасып, көп жетістікке жетеді.

— Сізді қайырымдылық концерт беріп жүрген тұлға ретінде халық жақсы біледі. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында екі рет өткізгеніңізге өзім куә болдым. Одан басқа туған өлкеңіз Өскеменде бірнеше рет қайырымдылық концерт бергеніңізді бұқаралық ақпарат құралдары беттерінен, ғаламтор желісінен көріп жүрміз. Осы жайында әңгіме өрбітсеңіз.

— Мен негізі мақтанып айтқанды қаламаймын. Сіздің сұрағыңыздың орайы солай келген соң, бірінші рет айтып отырмын. Ұйымдастырған қайырымдылық шараларым үшін іштей мақтанып жүрем. Атап айтсам, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында екі рет қайырымдылық концерт бердім. Мүгедектікті ешкім сұрап алмайды, бұл ерекше жандар қоғамнан үлкен қамқорлықты күтеді. Зағип жандар қалаған мәдениет мекемелерінің кез келген ғимаратына қалаған уақытында кедергісіз кіріп, тыңдағысы келген әншісін, не болмаса көргісі келген кино, спектаклін көруге мүмкіндіктері болмағандықтан, олардың көбіне жиналатын мәдениет ошағы, рухани орда – зағиптар кітапханасында қайырымдылық концерт бердім.

2012 жылы туған жеріме тағзым етіп, Зайсанға «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін алып бардым. Ансамбль Қазақстандағы нөмірі бірінші ансамбль десем артық емес. Дүниенің төрт бұрышын аралаған, талай республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанған, тіпті өнер саласында жүрген азаматтар бұл ансамбльді айтқанда «Виртуозы Алматы» деп Ресейдің «Виртуозы Москвы» деген мемлекеттік камералық оркестрімен пара-пар қояды. Олай дейтіні, ансамбльдің әрбір мүшесі үлкен мектептен өткен, деңгейі өте жоғары, өз кәсібінің нағыз мамандары.

Осы Зайсан сапарындағы концертті Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Абай образын сомдап жүрген Болат Әбділманов жүргізіп, Тілеубек Қожанұлы, Жанболат Жұмағазин, Венера Алпысбаева және тағы да басқа әншілер өнер көрсетті. Өзімнің туған ауылым – киелі мекенім — Қарабұлақта, Зайсан ауданының орталығында тегін концерт бердік;

«Әркімге өз туған жері — Мысыр шаһары» деген халық даналығы бар ғой. Тағы да туған өлкемде, 2015 — мен 50 мерейлі жасқа толған жылы, әйгілі Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрімен бірге, дирижері Жанас Бекентұров, Мәдениет қайраткері, дирижер — Жексен Айсин, халық әртісі — Нұрғали Нүсіпжанов, Халықаралық конкурстың лауреаты — Венера Алпысбаева қатысқан «Аяулы менің мекенім» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырып, өткіздім.

Ауыл адамдарының қуанғанын көрсеңіз. Ауылға, қазақтың ұлттық өнерінің паспорты десем де артық болмайды — Құрманғазы оркестрінің ат басын бұруы үлкен жаңалық болды. Жергілікті Мәдениет үйінің клубында ине шаншар жер жоқ. Сахнаның алды мен сахнаға шығатын баспалдаққа дейін отырып алған халық. Олардың өнер жұлдыздарына деген қошаметі ерекше болды. Бұл деген бір тарихи сәт.

Алматы мен Зайсанның арасы — 1,5 мың шақырым. Сондай қашықта жатқан елді мекенге менің сөзімді жықпай, бірауыздан келісе кеткен өнердегі достарымды мақтан етіп, алғысымды айтып жүрем.

— «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, шәкірт тәрбиесіне де зор көңіл бөліп, еңбек етудесіз. қандай үздік шәкірттеріңіздің өнеріне, талантына тәнті болып отырасыз? Қазақ жастарының классикалық ән орындаудағы беталысы, қазақы әнге деген көзқарасы қандай?

— Беделді республикалық дәстүрлі әншілер конкурсында топ жарған студенттерімді мақтанышпен айта алам. Олар: Жалбаев Ілияс, Тұрсынбайұлы Ерзада қалалық студенттер аралық «Туған жер әуендері» байқауында Өмірбек Байділдаевтың әні «Туған ел» әнін қос дауыста орындап «Гран При» жүлдесіне ие болды.

2011 жылы Оспанов Ғалымбек деген шәкіртім, ол кезде 4 курс оқып жүрген кезі, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда өткен «Вокальное искусство» республикалық олимпиадада жүлделі 2–ші орын алды. 2013 жылы осы байқаудың дипломанты атанған да менің шәкіртім Шакиров Куанышбек (3 курс).

Біз классикалық тұрғыдағы әншілерді, атап айтқанда, академиялық мәнерде ән салатындарды дайындаймыз. Қазіргі таңда қазақ операсының, қазақ жастарының классикалық тұрғыдағы беталысы, дайындығы, өресі өте жоғары. Мақтанып, Қазақстан ғана емес, тіпті, ТМД елдерінің де емес, әлемнің кез келген сахнасына еш ұялмай шығаратын жастар баршылық.

Әңгімеңізге рахмет!  

 

Захра Маханова,

Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?