Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім

03 желтоқсан 2021, 12:56

Есімде қалған ерекше күндер… Бірінші класты жақсы бағамен бітіріп, үйге қуанып келе жатқанмын. Кенет біздің көше жақтан шыға келген көршінің қызы қалт тоқтай қалып: «Сендердің үйлерің Вьетнамға көшейін деп жатыр екен ғой, рас па?» – дегені.

Жүрегім су ете түсті. Ол кезде біз бала болсақ та, алыстағы Вьетнам деген кіп-кішкентай елдің алып Америкамен соғысып жатқанын білетінбіз. Өйткені күн сайын теледидардан бомбалаушы ұшақтарды, оларға қарсы оқ атып жатқан зеңбірекшілерді жиі көрсететін.

Үйге алқынып жүгіріп келдім. Шешем жайбарақат тандырға нан жауып жатыр екен. Менің түрімді көріп, шошып кетті. «Рас па, – деймін дір-дір етіп. – Вьетнамға көшетініміз?»
Шешем басын шайқап, күліп жіберді. Сөйтті де: «Е-е, бұл ел айта береді ғой» деп, болған істің мән-жайын түсіндірді.

Әкем Монтайтастан отыз шақырымдай жердегі жаңадан ашылған Бақырша деген бөлімшеге меңгеруші болып тағайындалыпты. Әлі бас-аяғы жинақталмаған, молда торғайдың ұясындай ғана шап-шағын ауылды мұндағылар Вьетнам деп атайтын көрінеді.

Әне, сол Вьетнам… тойыст, Бақырша бір тамшы суға зар болып отырады екен. Шағыр деген ауыл жақтан шығатын ескі «водовоз» екі-үш күнде бір соғып, есік алдындағы әуіттерге су құйып кетеді. Ол бұзылып қалған кезде, бүкіл ауыл малмен қосыла маңырап, азан-қазан болып жатады…
Біздің әкеміздің ерлігі – құс қанаты талатын сол бір шөлейт даладағы ауылдан артезиан құдығын қаздырып, 1755 метр тереңдіктен атқылатып су шығарғаны. Елге жеміс ағаштарының көшетін әкеліп, бау-бақша еккізіп, жапан түздің ортасынан жап-жасыл оазис жасағаны.
Мен ол құдықтың оқиғасын өзімнің «Бақыршаның балалары» атты хикаятымда егжей-тегжейлі баяндап жазғанмын.

Әжем жарықтық тау бөктеріндегі ауылда алқып-шалқып өскен атақты Үсіпбай болыстың немере қызы екен. Біз ес білгенде ол кісінің бір қолының екі саусағы бүгіліп, қатып қалған болатын. «Әже, қолыңызға не болған?» деп сұрағанымызда, «Мен жас күнімде ерігіп, Тәшкен, Самарқанның базарларынан сигарет алдырып тартатынмын. Соның жазасына, міне, өстіп саусағым бүгіліп қалған», – деп күлуші еді.

Шамасы, 1967-68 жылдары болуы керек, кеңес үкіметінің қуғынын көрген Үсіпбай болыстың тікелей ұрпағы, менің әжемнің жан дегендегі жалғыз інісі Тәліп атам Өзбекстандағы Шығырық деген жерден елге көшіп келді.

Әжем бұл хабарды естіген бетте буынып-түйініп, жолға жинала бастады. Сөйтіп, әкем бөлімшеге бөлінген жаңа «водовозды» бір-екі күнге сұрап алып (құдық қазылғалы бері оның онша керегі де болмай қалған), әжем екеумізді нағашы атам көшіп келген ауылға жіберді.

Май топырағы борпылдаған қасқа жолдың қою шаңын бұрқыратып алыстан бозарып көрінген Қазығұрт тауының бөктеріне жеткенімізше түн ортасы болды. Қараңғыда баратын жерімізді жобалап, бағыт сілтеп келе жатқан әжем ғана.

Ай сәулесімен арнасы күмістей жалтырап жатқан Кіші Келес өзенінің жағасына жеткенімізде, мұндай үлкен өзенді бұрын-соңды көрмеген шөл даланың шопыры Қамбатырдың даусы дірілдеп: «Ойбай, мына теңізден қалай өтеміз?» деп, әжеме жалтақтап қарай берді.

Аздан соң ес жиып, жерге түсіп қарасақ, өзенді ары-бері кешіп өткен машиналардың ізі бар екен. Әупірімдеп одан да өттік.

Ай сүттей жарық. Әжем жол бойындағы ауылдарды енді тани бастады. «Мынау Жылыбұлақ, анау Көкібел, оның ар жағында Қызылата да алыс емес», – деп қояды.
Бірақ тап орталыққа келгенде адасып кеткеніміз бар емес пе. Біз іздеп келе жатқан Қызылата ауылы сол қол жақтағы ұзын шатқалда екен. Ал біз тіке тартып, төменгі жақтағы Оймауыт ауылына өтіп кетіппіз. Екі ауылдың арасын биік тау жотасы бөліп жатыр.
Түнделетіп одан да асып өттік. Сол кезде бозарып таң атып келе жатты…

Кейін мен осы Қызылата ауылына, Тәліп атам мен Сусар апама қатты бауыр басып кеттім. Бесінші класты бітірген жылы жазда автобустан автобусқа ауысып мініп, Рабат ауылынан «газировка», Сарапханадан бидай көже, Жаңабазардан қымыз ішіп, нағашыларымның ауылына жалғыз өзім келдім.

Содан бастап Бүбіш әжем: «Жаз бойы сонда бол. Атаңа көмектес. Қымыз ішіп, өзенге шомылып, жеміс-жидек жеп қайт», – деп, Қызылатаға жіберіп тұратын болды.
Қысқасы, мен Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім.

Нұрғали Ораз

Бүгін, 15:39
Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді
03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз