Далаға кеткен дәме

20 наурыз 2017, 15:19

Осыдан бес жыл бұрын болатын. Бір кездері Қызылорданың шетінде туберкулезге қарсы облыстық диспансерінің қасынан қаланы көкөніспен қамтимыз деген ниетпен 5,5 гектар жерге 120 жылыжай салынған еді. Бұдан тек Сыр өңірі емес, бүкіл Қазақ елі құлағдар болды. Өйткені, біраз басылым сүйіншілеген болатын. Тіпті осы жылыжай туралы мақаланы тамылжытып жазғанда қарнымыз шұрқырап, аузымыздың суы құрып, дәмеміз біраз жерге кеткен.
Дәмеленбегенде қайтеміз, «Тай құлыннан, теңге тиыннан» деген қағиданы ұмытып, бес саусағын бірден ауызына тыққандай «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 668 млн теңгені бөліп жіберсе. Бірақ бұл арман Б.Қуандықов кетісімен орындалмай қалатынын қайдан білейік.
Қазір 120 жылыжайдың барлығы қаңырап, мына аязда азынап, өскін түгіл ит байласа тұрмайтын жағдайға жеткен. Қанша құрылыс заты қирап, қаңсып тұрғанына бес жыл болса да бұған ешкімнің бүйрегі бұрмапты. «Жас қазақ» қордың бас менеджері Әлия Еңсебаеваға хабарласты. Ол «Қызылорда қаласы Қараторғай шатқалында екі жылыжай кешені 2013 жылы салынып, лизингке берілген болатын. Бірінші кешен 70 шағын жылыжайдан тұрады. Оны лизингке алушы азамат құрылыс жұмыстарын өз жауапкершілігіне алды. Ал жер телімі әкімдік тарапынан берілген. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» қаржы бөлді. Кейін лизингке алған кәсіпкер бас тартып, басқасымен келісім жасауға тура келді. Құрылысшылар өз міндетін толық орындамағандықтан, қор тарапынан хаттама толтырылып, сотқа бердік. Сот шешіміне сәйкес, аяқталмаған жұмыс шығыны есептеліп, ақша кері қайтарылды. Жылыжай 2015 жылы қор балансына алынды. Екінші жоба айтар болсам, 2013 жылдың желтоқсан айында кешен лизинг алушыға берілді. Бірақ бір айдан кейін кәсіпорын бас тартып, кешен кор балансына қайта өтті»,– деді. Осы екі жыл ішінде бірнеше рет сауда-саттық, яғни сатып алушыларды іздестіру жұмыстары жүргізілген. Бірақ нысанды сол екі жылда лизингке алуға не сатып алуға өтініш болмаған. Әлияның айтуынша, биыл ғана отандық кәсіпкерлер тарапынан екі өтініш түсіпті. Қазіргі уақытта құжат тапсырылып, тиісті жұмыс атқарылуда. Ағымдағы жылдың І жартысында жылыжай іске қосылып, алғашқы өнімін береді деп жоспарлануда. Енді, бұл уәде шынында орындалып, елдің ерні көкөніске тисе екен дейміз.


Айта кетейік, бұл сыр өңіріне келе салып жұмыс істей алмай қалған жылыжайдың біріншісі емес. Бұдан да бұрын болған. 1967 жылы Ақтөбе облысынан Қызылордаға бірінші хатшы болып ауысып келген Хасан Бектұрғанов бір жиында: «Ауа райы бұдан да қатал Ақтөбеде жылыжай бар. Содан қала тұрғындары дәмеленіп отыр. Ал ондай жүйе неге Сыр өңірінде жоқ» деген соң сол кездегі ауыл шаруашылығы басшысы Қозтай Әбуов қарамағындағы агроном Мұсахан Әбдіқадыровты Ақтөбеге жіберіп, тәжірибе мен сызбасын алдырады. Сөйтіп, қазіргі Қызылжарма ауылына жылыжай салады. Ол жылыжай үш жыл өнім береді. Х.Бектұрғанов кеткен соң ол да өз жұмысын тоқтатады. Демек, біздің облыстың ауа райында жылыжайдан өнім алуға болады. Ендеше, жылыжайдың жұмысын дөңгелете кетуге не жетпей жатыр? Қаржы керек пе, қаржы бөлді. Бір бөлгенде екі рет бөлді. Яғни жылыжай бітіп тұрғанда желмен төбесі ұшып кетіп, қайтадан жөндеуге қаржы алды. Жер дейсіз бе, жерді жергілікті билік ұсынды. Олай болса, неге жүргізе алмады? Кәсіпкерлер бұл саладан хабарсыз ба? Әлде қандайда бір кедергі болды ма? Әлде біздің өлкеде тиімсіз бе? Болмаса, ел айтып жүргендей қаржыны алған кәсіпкерлердің қол алды, көз қысты әрекеті ме?
Жарамсыз болып қалған нысанға қайтадан көптеген қаржы бөлмесе оның жұмыс жасап кетуі мүмкін емес. Мақұл, бұған тағы да шығынданып қаржы бөлер. Ал бұрынғы қаржыны кімнен өндірмек? Бұның жауабын заңды қадағалаушылар бере жатар. Тек өкінішті өртейтіні қазір базарда:
– қызанақ пен қияр – 900 теңге;
– Баялды (баклажан) – 1000 теңге;
– Бұрыш – 1200 теңге;
– Көк жуа – 100 теңге;
– Аскөк – 50 теңге;
– Жусай – 70 теңгеден саудалануда.
Егер, «Жылыжайды әлгі екі кәсіпкер жүргізіп кете алса, бұл баға едәуір төмендейді», – дейді мамандар. «Аңқау елге арамза молда» дегендей бұл сөзіне де дәмеленіп жүргенімізде тағы да «Қарға қарқ етті, аузынан ірімшік салп етті» болып аузымыз айға, көзіміз күнге қарап, бадырақ көз болып отырмасақ игі еді.

Сәкен Алдашбаев,
журналист, Қызылорда облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген