«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысушылардың табыс тарихын ақпарат құралдарында жан-жақты көрсете білу де аса маңызды. Мұндай пікірді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша жұмыс және сарапшылық топтың кезекті отырысында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев білдірді.
Министр «Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы бұл жоба өнерімен, білімімен қоғамға сіңірген еңбегімен, ерекше қасиетімен дараланған азаматтарға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Осыған орай жаңа есімдерді анықтауда жұртшылық та жоғары белсенділік танытуда. Өздеріңізге мәлім, биылғы жылғы 7 маусымнан бастап 15 қыркүйекке дейін еліміздің түпікір-түпкірінен жобаға қатысушылардан өтініш қабылданды», — деді.
Оның айтуынша, осы уақыт ішінде el.kz порталында тіркелген үміткерлерді іріктеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Д.Абаев «Сонымен қатар қатысушыларды іріктеуден бөлек, олардың табысының тарихын ақпарат құралдарында жан-жақты көрсете білу де аса маңызды. Сонда ғана бұл шара тәрбиелік әрі идеологиялық тұрғыда өз жемісін бермек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан Халқы ассамблеясы бұл бағытты іске асыру бойынша да жүйелі шараларды қолға алуда. Атап айтқанда, 100 жаңа есім атануға үміткер азаматтар туралы деректі фильмдер циклі түсірілуде», — деді.
Отырысқа қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай 100 жаңа есімге ұсынылып отырған кандидаттар алдағы уақытта жан-жақты талқыға түсетіндігін баса айтты.
Төраға орынбасары «15 қыркүйекте өтініштерді қабылдауды аяқтадық. Енді алдағы уақыттағы жұмыстардың алгоритмі жасалатын болады. Ең бастысы бұл жұмыстарға Ассамблея мүшелері белсене қатысты. Соның ішінде 500 адамның өмірбаяны тіркелді. Жалпы аймақтардан 900-ге тарта ұсыныс жасалды», — деді.